Ғылым және жоғары білім министрлігі жоғары оқу орындарының ректорларымен кездесу өткізді
Кеше Ғылым және жоғары білім министрлігінің жоғары оқу орындарының ректорларымен өткен кездесуіне қатысып, педагог кадрларды даярлау сапасы және жоғары оқу орындары мен мектептердің байланысын күшейту мәселелері бойынша өз ойымды ортаға салдым.
Бүгінгі мұғалім қандай болса, ертеңгі білім беру де көп жағдайда сондай болады. Сондықтан біз үшін жоғары оқу орнының міндеті тек диплом беру емес, мектепке дайын, тәжірибесі бар, заманауи талаптарға бейімделген мықты педагог даярлау болуы керек.
Осы ретте педагогикалық практиканы алғашқы курстардан бастау, мектептерді болашақ мұғалімдерді даярлау процесіне кеңінен тарту, тәлімгерлік пен педагогикалық интернатураны дамыту маңыздылығына тоқталдым.
Сонымен қатар жас педагогты диплом алғаннан кейін де жалғыз қалдырмауымыз қажет. «ЖОО — Әдістемелік орталық — Мектеп» және «Жас педагог — Тәлімгер — Мектеп — ЖОО» арасындағы тұрақты байланысты қалыптастыру қажет.
Жасанды интеллект, инклюзивті білім беру, арнайы педагогтерді даярлау және елорданың нақты кадрлық қажеттілігіне сай мамандар дайындау мәселелеріне де ерекше тоқталдым. Жоғары оқу орындары бүгін ғана емес, алдағы 3-5 жылда мектептерге қандай мамандар қажет болатынын ескеріп жұмыс істеуі тиіс.
Біздің мақсатымыз — «ЖОО кадр даярлайды» деген қалыптасқан модельден «ЖОО — Мектеп — Білім басқармасы педагогикалық әлеуетті бірге қалыптастырады және дамытады» деген жүйеге көшу.
Түпкі мақсатымыз ортақ. Мықты мұғалім, мықты мектеп және балаларымызға сапалы білім беру.
Касымхан Сенгазыев facebook парақшасынан https://www.facebook.com/share/p/1JtNVUw1Em/



