Бекжан Тұрыстың естелігінен
Бірде Шер-аға бар, Көпен ағамыз бар, бәріміз бірге сапарлас болғанымызда Шерхан Мұртазаның айтқаны бар: «Сенатта жүргенімде демалыс алып ауылға бардым. Таңертеңмен ерте шығып Тәңіртауға қарап таза ауа жұтып тұрсам, көшенің бойында бір жас келін өтіп бара жатып, «Сәлем бердік!» дейді. Сол кезде жүрегімнің бір тамыры үзілгендей сезімде болып, сүйсініп: «Ой, айналайын, бақытты бол, қарағым. Кімнің келінісің?» – деп сұрап едім, «Аллабергеннің келінімін, ата», – деді. Сосын «біздің ауылда Аллаберген деген өзі бар ма еді?» деп ойланып қалдым. Кейін менің келгенімді естіген ағайын түстікке шақырған еді. Қарасам, сол түстікте әлгі жас келін қызмет көрсетіп жүр екен. Сонда қасымдағылардан анау кімнің келіні деп сұрап едім, ол Құдайберген ағаның келіні деді. Сонда көрдіңіз бе? Қазақта ат тергеу деген бар, ол келіннің ақылы мен парасатынан туған нәрсе. Сондай аналарымыз болды ғой. Міне осының барлығы қазақ әйелінің қасиеті демей немене енді?! Сондай-ақ Шер-ағаның осыған қоса тағы айтқаны бар еді, ол өзінің «Бір кем дүние» кітабында да бар, Бір келін жардың басынан атып шығып: «Ата, ата, сарқыраманың ар жағында, сылдырманың бер жағында, маңыраманы ұлыма жарып кетіпті. Жаныманы білеме екен, жанып-жанып беріп жіберіңізші», – депті. Былай қарап тұрсаң, бір жаңылтпаш секілді, сонда сарқырама деп тұрғаны өзен екен, сылдырма дегені қамыс екен, маңырама дегені – қой, ұлыма дегені – қасқыр, жаныма деген – пышақ, білеме деген – қайрақ. Сөйтсе ол келіннің Қойшыбай, Қасқырбай, Қамысбай, Қайрақбай, Өзенбай деген аталары мен қайынағалары бар екен. Соның бәрін атын атамай қалай жеткізіп отыр? Бұл да қазақ әйелінің қасиеті болмай немене?!. Иә, қазір гендерлік саясат дегенде шықты ғой, еркекпен теңбіз дегендер. Мәселе әйел мен еркекті теңеуде емес. Қазақ әйелінің қасиеті қашанда бөлек еді. Кешегі аналарымыз еркектің кім екенін түсіндірді ме? Мысалы біз кішкентай күнімізде дастарқанда отырған кезде: «Әй, тұрыңдар, әкелерің келе жатыр!» – дегенде біз бәріміз қашып зу ете қаламыз. Сол кезде ойлайтынмын ол әкемнің бойындағы бір қасиеті шығар, қатал ма екен деп. Жоқ, оның барлығы ананың әліпбиі екен ғой, әкені, үлкенді қалай сыйлау керектігін үйреткен. Міне сондай аналарымыз болғанда, неге енді қазір жоқ болуы керек, солар жүріп өткен жолмен бүгінгі әйелдер өте алмай ма? Өтеді!
Тағы бір мысал айта кетейін, бір тойда жүргенімізде 90-нан асқан апаға сөз бердік. Сонда апамыз: «Бәрі жақсы ғой, бірақ бір нәрсені біл, «бесіктегі баланың бек боларын кім білген» деген сөз бар, мына сөзге шыққан жас балалар ертең хан болмасына кім кепіл? Еркек деген аты бар ғой, біз еркекті пір тұтқан халықпыз. Осы балалар сөйлесін, кейін мен сөйлеймін», – депті. Бәрі сөйлеп болғаннан кейін біз қазақ сөзге өте бай халық едік, сөз құдіреті, өз құдіретім деп өскен ұлтпыз. Қазір барлығының айтатыны бір ауыз сөз, сонда апамыз: «Менің айтарым келіннің көтерер жүгі ауыр болады, еркелігіңді, қыз күніңді, барлығын төркініңе тастап кет, балам. Келіннің үш күйеуі болады, біріншісі – алтын елі, екіншісі – ар-намысы, үшіншісі – жары. Алтын елге болаттай берілсең, адалдықтай атың шығады. Адал атыңды сақтасаң, алған жарың қайда болады, жарығым. Құдайым саған құл болмайтын ұл көтеретін құрсақ берсін! Бұл бірінші сөзім, екінші сөзім, айналайын, иманды бол. Біз өзі қызықпыз, иманды бол деген сөзді өліге айтып жүрміз. Бұл өзі тіріге айтылатын сөз ғой, тірісінде болмаған иманның өлген соң не керегі бар? Иманды, ибалы бол!» – деп батасын берді апамыз. Қандай ғажап сөз, бұл да қазақ әйелінің, адалдықтың ақ бесігін тербеткен анамыздың дуалы аузынан шығып жатқан сөз. «Кез келген еркектің артында мықты әйел тұрады» деген қазақтың мақалы да бар ғой, сол сияқты бәріміздің артымызда әйел тұр
Бекжан Тұрыстың естелігінен.
Аяла Ая facebook парақшасынан https://www.facebook.com/share/p/1BrbhN2Lto/

