ГИДРОПОНИКА: МАЛ АЗЫҒЫН ДАЙЫНДАУДЫҢ ЖАҢА ҮЛГІСІ


Қыс пен көктем мезгілінде мал азығының жетіспеушілігі – ауыл шаруашылығында жиі кездесетін мәселе. Бұл қиындықты шешудің бір жолы – гидропоника.

Гидропоника – топырақсыз, тек су мен жарық арқылы арнайы қондырғыда шөп өсіру әдісі. Шөп 6–7 күн ішінде өсіп шығады.

Қазір бұл технологияны Құлан ауылында тұратын Дариға Жұпарбаева мен оның жұбайы Бақытжан Искаков өздерінің отбасылық кәсібінде қолданып келеді. Сондай-ақ алғашқы тапсырыстарын да қабылдай бастаған.

Олардың айтуынша, бұл әдіс тиімді, үнемді және экологиялық жағынан таза. Малға берілетін шөп жас әрі витаминге бай болғандықтан, жақсы қорытылып, өнімділікке оң әсер етеді.

Кәсіпті жолға қоюға мемлекеттік қолдау ықпал еткен. Грант арқылы жаңа қондырғылар сатып алынып, гидропоника жүйесін кеңейту мүмкіндігі туған. Тиімді әдістің тетігін тапқан ерлі-зайыпты кәсіпкерлер өндіріс көлемін арттырып, бақша алаңын ұлғайтуды жоспарлауда.