Газдандыру-елді жандандыру  

Кезінде ауыл-ауылға газ құбыры тартылғанда кейбір тұрғындар дер кезінде қаражаты болмай, көппен бірге үйіне көгілдір отын кіргізе алмай қалғаны рас. Жұрттан оқшауланып қалып қойған олар кейіннен керекті қаржыны тауып, газ жүйесіне қосылғысы келгенімен, материалдың қымбаттауы есебенінен оған кететін шығын, жұмыс құны еселеп өсіп, қаржы жетіспеушілігі тұрғындардың қолын байлаған еді. Десе де, облысқа Асқар Мырзахметов әкім болып келгелі аймақ тұрғындарын газдандыру мәселесі біршама шешімін тапты, — деп хабарлайды «Elana» ақпарат агенттігі.

 

Жалпы облыс тұрғындарын кезең-кезеңімен газдандыру 2025 жылға дейін жүргізіледі десек, биыл 5 ауданда 81 елді мекенді (101 мың адам) газдандыру жұмыстары басталды (жыл соңына 9 елді мекенде жұмыстар аяқталады). Бұдан бөлек,бюджеттік бағдарламаларды тоспай, мердігермен тікелей келісім шарт арқылы газ тарту мәселесін қарастырылып жатыр екен. Бұрын бір аулаға шаққандағы жұмыстың құны 470 пен 650 мың теңге аралығында болған. Қазір коммуналдык 2 мекемеге – «Жамбыл жылу», «Темір жол жылуға» арнайы лицензия алып беріп, бұл бағаны 300 мың теңгеге дейін түсіргенін айта кетуіміз керек. Осының арқасында қосымша 32 мың халық газға қол жеткізетін болды.

Дегенмен бірқатар елді мекендерде көпшіліктің арманына айналған газ тарту ісінде әлі де түйткіл көп. Бұл жөнінде «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясында көз жеткіздік.

– Өткен жылдың тамыз айында Байзақ ауданы Көкбастау, Жібек жолы, Тегістік және Кеңес ауылдарына орташа қысымды газ құбырын тартуда кемшіліктерге жол бергені үшін «Байзақгазсервис» ЖШС-не Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 316-бабы 1-тармағымен айыппұл салынған.

Сонымен бірге газ тарту жұмыстары жүргізіліп жатқан бірқатар нысандарда мердігерлер «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі №242 Заңын назарға алмаған. Соның есебінен 4 миллион 551 мың теңгеге орындалған жұмыс сапасыз деп танылды.

Кей өңірлерде көгілдір отынды тұтынушысына жеткізу жұмыстарында Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының талаптарын бұзу фактілері тіркелген. Мұнан бөлек газбен қамтамасыз етуде жергілікті тұрғындарды жұмысқа тарту көрсеткіші де көңіл көншітпейд, – дейді зерделеу тобының мүшесі Ерғали Асанқұлов.

Әрине, жұмыс болған жерде кемшіліктің болатыны рас. Дегенмен, көгілдір отын тарту жұмысында салғырттықтың орын алмауы басты назарда. Өйткені, билік партиясы — ««Nur Otan-ның» бақылау комиссиясының пәрменді жұмысы көп істің алға басуына, түйткілдің түйінін тарқатуда жасап жатқан жұмысы ұшан-теңіз.

Әлім Мұратов

Жамбыл облысы