Ерлер денсаулығы елеусіз қалмасын

2022 жылы «Ерлер денсаулығы» жобасын енгізу және дамыту жөніндегі жол картасы аясында 27 маусым Сарысу аудандық орталық аурухана ұжымы, атап айтқанда емхана бөлімінің хирург дәрігері Еркін Сәдібеков, салауатты өмір салтын қалыптастыру кабинетінің дәрігері Н.Шымырова, психолог Ж.Абдикеева және әлеуметтік қызметкер А.Машенова ер адамдарда қауіп факторын және ауруларды ерте анықтау мақсатында Сарысу аудандық ІІБ-не және Сарысу аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлеріне ашық есік күнін өткізді. Ондағы мақсат-азаматтардың денсаулығын сақтап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Сондай-ақ, барлық жүгінушілерге қандағы глюкоза мен холестеринді, бой мен салмақ сәйкестігін анықтап, жедел тесттер өткізуге мүмкіндік жасалды. Аурухана ұжымы осы акцияны ұйымдастыра отырып, түрлі қауіпті аурулардың алдын алуға болатынын атап өтті. Шара барысында күйзелістің алдын алу мақсатында тренинг өткізілді.
Иә, әр адамның денсаулығы өз қолында дегенімізбен, халық даналығы: «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде дегенді» еске салады. Өз денсаулығымызды өзіміз сақтай білсек, мемлекетіміздің дамуына титтей де болса үлес қосар едік. Он екі мүшесі сау еркектен дені сау ұрпақ дүниеге келеді. Осы жауапкершілікті ерлер әрқашан есте ұстаса екен.

Сарысу ауданы