Ерлан Қарин тойда уағыз айтқан қонақтың әрекетін сынға алды
Президент әкімшілігі төрағасының бірінші орынбасары Ерлан Қарин қоғамдағы әсіредіншілдік пен мәдениетті дінге қарсы қою әрекеттерін сынға алып, әлеуметтік желіде арнайы жазба жариялады. Оның айтуынша, Қазақстан қоғамында бірінші орында діни шектеулер емес, еліміздің заңдары тұруы тиіс, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Мемлекеттік шенеунік даулы видеоға қатысты өз пікірін білдірді.
«Тойда тілекке шығып, ерсі уағыз айтып кеткен ер адамның видеосын желіден көріп қалдым. Шын мәнінде, оның әйелдерді кемсітуі, әншілерге, музыка өнеріне қатысты теріс пікір білдіруі болмысымызға мүлдем жат. Ұлттық таным-түсінікке сәйкес келмейді. Өйткені, Қазақстан – зайырлы мемлекет. Біздің темірқазығымыз – Конституция. Бірінші орында діни шектеулер емес, еліміздің заңдары тұрады», – деді Ерлан Қарин.
Сонымен қатар ол өнер мен мәдениетті дінге қарсы қою асыра сілтеушілік екенін айтып, елде жаңа қоғамдық этиканы қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті.
«Мемлекетіміз таңдаған жол бұл емес. Керісінше, еліміз білім мен ғылымға, өнер мен мәдениетке басымдық беріп келеді. Көпшілік алдында адамдарды бұлайша алалау, өз пікірін қасақана тықпалау әдептілікке жатпайды. Біз өзара құрмет пен мәдениетті биік қоямыз», – деп түйіндеді ол.
Еске салайық, бұған дейін әнші Роза Әлқожа дау тудырған оқиға туралы жазған болатын. Әншінің айтуынша, тойда тілек айтуға шыққан қонақ музыканы «харам» деп, әншілерді «шайтанның азаншысы» деп атап, дәстүрлі келін сәлемін жоққа шығарған. Осыдан кейін қоғамда ұлттық болмыс пен діни экстремизмге қатысты пікірталас өршіп кетті.

