Энергетикалық қауіпсіздіктің жаңа деңгейі

Қазіргі заманда энергия тек табиғи ресурс қана емес, оны басқаратын цифрлық интеллектімен бірге стратегиялық күшке айналды. Бұрын мемлекет қуаты мұнай, газ, көмір көлемімен өлшенсе, бүгінде басты артықшылық – ақпарат пен технологияда. Қазақстан да осы үрдіске ілесіп, энергетиканы цифрландыруға басымдық беруде. Соның айғағы – Елордада өткен «Digital Qazaqstan» стратегиясына арналған жиында ұсынылған отын-энергетика кешенін цифрландыру жоспары. Мемлекет басшысының 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялауы да осы бағыттың маңызын көрсетеді.

Жаңа тұжырымдаманың негізі – жасанды интеллектке сүйенген бірыңғай басқару жүйесін қалыптастыру. Алғашқы қадам ретінде электр энергетикасында «цифрлық қаңқа» жасалып, Бірыңғай энергетикалық жүйе нысандарының «цифрлық егіздері» енгізілмек. Бұл физикалық стансалар мен желілердің виртуалды көшірмесін жасап, онлайн бақылау арқылы апаттардың алдын алуға, шығындарды нақты есептеуге және ашық тариф саясатын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Мұнай-газ саласында да толық циклді цифрлық бақылау енгізіледі. Ұңғымадан тұтынушыға дейінгі барлық процесс «цифрлық егіздер» арқылы қадағаланып, заңсыз операциялар мен көлеңкелі айналымға жол берілмейді. Осыны жүйелеу үшін Энергетика министрлігі кешенді мастер-жоспар әзірлеуде.

Сонымен қатар киберқауіпсіздік мәселесіне ерекше мән беріліп отыр. Цифрлық басқару жүйелерін қорғау – энергетикалық тұрақтылықтың кепілі. Жалпы, «Digital Qazaqstan» аясындағы бұл бастамалар 2030 жылға қарай ЖІӨ-ге 20 миллиард доллар қосымша үлес әкеледі деп күтілуде. Энергияны ақылмен басқару Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыра түседі.

Жасұлан Сейілхан