ЕҢ МАҢЫЗДЫСЫ — ОҚУҒА ДЕГЕН ЫНТАНЫ ОЯТУ
Мемлекет басшысының кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі Жарлығын іске асырудың нақты тетіктері белгіленді. Еліміздің Мәдениет және ақпарат министрі “Кітап оқитын ұлт” республикалық марафоны туралы ресми жариялағаннан кейін кітап дүкендеріне, кітапханаларға бас сұғушылар күн сайын көбеюде.
Аз уақыт ішінде миллионнан астам отандастарымыздың шынайы қызығушылығын оятты. Ұйымдастырушылардың ақпаратына жүгінсек, марафонның тиісті ережесі мейлінше қарапайым және талаптары да барынша оңтайлы. Оқырман көңіліне қонады деуге болады.
Қатысушылар алты ай ішінде 15 кітап оқып, бірнеше іріктеу кезеңінен өтеді. Өңірлік кезеңнен кейін шамамен төрт мың қатысушы “Жыл оқырманы” атағы үшін бақ сынамақ. Ал Астанада өтетін республикалық финалға еліміздің барлық 20 өңірінен 200 оқырман қатысады. Финал қорытындысы бойынша Қазақстанның 10 үздік оқырманы анықталып, олардың әрқайсысына 10 миллион теңге көлемінде бас жүлде табысталады.
Әрине, бұл — ел болып құптайтын әрі қолдайтын ортақ іс-шара.
Біздіңше, бұл байқауда еліміздегі әдебиет пәні мұғалімдерінің рөліне ерекше мән берген жөн. Өйткені, көп нәрсе жол көрсетіп, қолдауға, ынталандыруға байланысты.
Осы бағытта олар мектеп оқушыларына, жастарға кумир бола алады және болуы керек. Нағыз ұстаздар шәкірттерін кітап оқуға машықтандырып, олардың жоғары талғамын тәрбиелеп, ұдайы шабыттандырып отыруға тиіс деп санаймыз.
Жалпы, кітап оқитын ұлт санатында болу елімізді жаңа белестерге бастап, биік шыңдарға көтерері сөзсіз.
Дархан МЫҢБАЙ facebook парақшасынан https://www.facebook.com/share/p/1C6mcJW3PM/

