АДАМНЫҢ ТАУЫ ШАҒЫЛМАСЫН

Қазір жекелеген өркениетті елдерде торығып, айналасынан безіну мәселесіне (депрессияға) үлкен мән бере бастады. Дамыған қоғам бұл дертті оңтайлы шешімі табылмаған проблема ретінде қарастыруда.
Әрине, адамның психологиялық жай-күйіне айналаны мидай сапырған ақпараттар тасқыны, адамның қабылдау мүмкіндігінен тыс мәліметтердің жылдам таралуы, үдемелі өзгерістер легі, табиғи құбылыстар мен оқыс оқиғалар әсер етпей қоймайды.
Ондай кезде жалдамалы қызметкер, менеджер жұмысқа шықпай қалса немесе кеңсеге кешігіп келсе торығу (депрессия) салдарынан деп түсіндіреді. Сол жеткілікті. Бір қызығы — оған дәрігерлік дәлел, растайтын анықтама сұралмайды.
Бұлай кете берсе, онсыз да адам құқығының ұңғыл-шұңғылына аса зор мән беріп, басымдықпен қарайтын елдер біршама қиындықтарды бастан кешіретін сыңайлы. Соттың өзі таразылауға шамасы келмей, қауқарсыздық танытуда. Әзірге, мұны түпкілікті шешу оңайға соқпай тұр. Осындай үрдістің ерте ме, кеш пе біздің елді де айналып өтпейтініне ешкім кепілдік бере алмас.
Өйткені, кейінгі уақытта біздің елде де ешкімге және ештеңеге сенбейтін (дұрысы — сенгісі келмейтін), ызақорлық меңдеген, жұрттың бәріне күдікпен қарайтын жекелеген адамдар пайда болды. Оның өзіндік себептері болуы да мүмкін. Қоғамда формация ауысып жатқан тұста тез бейімделу оңай емес. Ойындағысы болмай, арманы далада қалғандар мен қолын мезгілінен кеш сермегендер жеткілікті. Алаяқтарға жем болғандар қаншама? Қарызын, несиесін өтеуге қабілетсіздер көбейді. Ағайын-тумасынан, туған бауырынан баз кешіп, көршісінің көзін көргісі келмей жүргендер де баршылық. Сонымен бірге жан-жағын сынағанда алдына жан салмайтын жандайшаптар шықты. Ал, билік орындарына, жалпы өзінен басқаға мін таққыштар өз елінен тап бүгін көшіп кететіндей өршеленіп, еліріп кетеді. Бұл хақында атам қазақ:
“Үміттену өрге тартады, торығу көрге тартады” деп кесіп айтып қойды емес пе?..
Біздіңше, өмірдің тек теріс, жаман жағын ғана көру жұқпалы індет сияқты. Жайылып, өршіп кеткендей әсер қалдырады.
Бірін бірі даттау, сыртынан жамандай салу да үйреншікті әдетке айналды. Үстіне қосып айтпаса оның несі қазақ? Шәкірттер алдында ұстаздардың салғыласуын, ұрысып-таласуын көзбен көріп, құлақпен естігенге шошымайтын болдық.
Айналып келгенде мұның бәрі адамның өзіне, оның сана-сезіміне, күш-жігеріне байланысты. Әлденеге шамданып, әлдекімге кектену өзіне өзі өкпелеуден басталады.
Адамның көңілі қалса, оның тауы шағылады, сеніміне селкеу түседі. Көңіл жібігенімен, жоғалған сенім ешқашан қайтып келмейді. Көңіл қалса бәрі қалады. Сондықтан, көңілге, оның пәктігіне, тазалығына жете мән берген жөн. Өмірде әр түрлі жағдай орын алады. Торығудан, қалың мұңнан арылудың тағы бір амалы бар. Ол — өзге адамға жедел жақсылық жасау, қиналғанға қол ұшын созып, оны мейірімге бөлеуге тырысу.
Көңілін кірлетпеген адам ғана торығуды білмейді.
“Ең алдымен өзіңе өзіңнің көңілің толатындай өмір сүр”. Бауыржан Момышұлының осынау өсиеті әрбірімізге ой салып, азаматтық міндет жүктейтінін ұмытпалық.
Көңіліңіз тоқ болсын!