Елордалық жедел жәрдем жұмысы COVID-19 эпидемиясы кезінде қалай өзгерді

Қаладағы күрделі эпидемиологиялық жағдайға байланысты жедел жәрдем шақырулар саны артты, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. Нұр-Сұлтандағы жедел жәрдем бригадасының саны 150-ге дейін көбейтілді. «Бұрын біздің құрамда 118 бригада жұмыс істеген. Қоңыраулар санының артуына байланысты біз олардың санын 150-ге жеткіздік», – деді қалалық жедел жәрдем станциясының директоры Мұрат Оразбаев. Оның айтуынша, келесі аптада қаладағы медициналық колледждердің 70 түлегі жедел жәрдем қызметіне қабылданады. «Қалалық жедел жәрдем станциясы тәулік бойы жұмыс істейді, қазір бригадаларға үлкен жүктеме түсуде. Қоңырауларды қабылдауды жақсарту үшін біз 103 диспетчерлерінен бес пульт, ал байланыс орталығынан жеті пульт қостық», – деді М.Оразбаев. Соңғы аптада Нұр-Сұлтанда жедел жәрдем қызметіне түсетін жүктеме айтарлықтай өсті: өткен тәулікте шақырулар саны 4,5 мыңға жетті (коронавирусқа дейін 1-1,5 мың болатын). Бір аптада қызмет көрсетілген шақырулар саны 18 мыңға жуық, өткен тәулікте – 2 800. Сонымен қатар, тұрғындар жедел жәрдемге https://t.me/ns103bot?fbclid=IwAR0n3-W9e4inDIrVsXRMxMBclzP7spbkFh98lXZ0gl5sO4SKkUKllrvG29g телеграм-боты арқылы да жүгіне алады. Сондай-ақ ахуалдық орталық жұмысын бастады – мамандар бір мекемеде науқастардың толып кетпеуі үшін оларды ауруханаларға таратады.