Елордалық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі жас түлектерге арналған онлайн сұхбаттар өткізуде

«Сұранысқа ие мамандықтар» тақырыбындағы алғашқы сұхбатты Astana İnternational University жоғары өнер мектебінің деканы Саят Ибраевпен өтті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. Аталған онлайн сұхбаттардың мақсаты – жас түлектердің дұрыс мамандық таңдауына ықпал ету мен қазіргі уақытта сұранысқа ие мамандықтармен халықты жақыннан таныстыру. ҚР Білім беру саласының үздігі Ибраев Саят қазіргі таңда жастарға IT саласының өркендеп келе жатқанын айтып, болашақта жұмыс табу мәселесіне тап болмаулары үшін бірнеше кеңес берді. «Қазір мемлекет тарапынан бөлінетін грант саны артып келеді. Кейбір мамандықтарға грант саны республика бойынша аз бөлінеді. Ол мамандыққа сұраныс аз болса да, кейбір ата-аналар балаларын ақылы негізде де оқытуда. Білім саласының өкілі ретінде берілетін мүмкіндіктерді дұрыс қолдануға кеңес беремін», – деді онлайн-сұхбат қонағы. Айта кетейік, бүгінде елімізде сауда, ауыл шаруашылығы және білім саласындағы қызметкерге деген сұраныс артқан. Жоғарғы және орта арнаулы оқу орындарының өкілдерімен кездесулер легі жалғасын табады. Барлық кездесулер Instagram әлеуметтік желісіндегі тікелей эфирде (@ruhani_elorda парақшасында) өткізіледі.