Елордада көмір сататын нүктелердің мекенжайы анықталды

 

Қалада күн сайын 20 мың тонна көлемінде қатты отын қоры қамтамасыз етіледі, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.

Қаладағы жеке сектор тұрғындарына жылыту маусымына алдын ала дайындалып, суық түскенге дейін қажетті мөлшерде көмір сатып алу қажеттігін ескертеді.

Қалада көмір тасымалдайтын 7 компания бар, түрлі аудандарда орналасқан отын сататын 11 нүкте бар. Көмірдің орташа бағасы сортына байланысты 12 мың теңгені құрайды. Отынның бағасы мен мөлшері туралы толығырақ ақпаратты 109 жедел желі нөмірі арқылы білуге болады.

«Бүгінгі таңда қалада көмір сату бойынша 11 орын бар, онда жеті компания өз қызметін ұсынады. Аталған учаскелерде көмірдің бағасы белгілі бір марка бойынша тіркелді, яғни басқарма және осы компаниялар бағаның өсуіне жол бермеу үшін меморандумдар жасады. Бізде күн сайын 20 мың тонна көлемінде көмір қоры сақталуда. Әзірге дүрлігу жоқ, тұрғындарға көмір бірдей бөліну үшін көмір сатып алуды қазірден бастаған жөн», – деп атап өтті қалалық “Отын — энергетикалық кешен және коммуналдық шаруашылық басқармасының” отын-энергетикалық ресурстар бөлімінің басшысы Мақсат Есмағұлов.

Атап айтқанда, көмір сату нүктелері мына мекенжайлар бойынша орналасқан: Герцен, 4/1, 40-ст.; Герцен, 6 Б; Көктал, 28/1; Жұбанов, 35; Литейная, 44; Жабаев, 68; Мақат, 40.

Елордалықтар қатты отынды суық түскеннен бастап сатып алады. Сұраныс қазан мен қараша айының басында көп болады. Осы кезеңде көмірге кезек пайда болады, бұл көмір тапшылығына әкеп соғады, деп атап өтті басқармада. Көмір өнімдерін сақтауға келетін болсақ, қараңғы бөлмеге қойып, ылғал мен тікелей күн сәулесінің түсуіне жол бермеу қажет. Сол кезде отын өзінің қасиеттерін жоғалтпайды.

Бұдан басқа, тұрғын үй алаптарында газбен жабдықтау желілерін салу бойынша жұмыстар жалғасуда. Мысалы, Железнодорожный ТА газ тарату желілері — 100% жабдықталса, Өнеркәсіптік және Көктал-2 – 95%, Көктал-1 – 80% салынды. Бұл жұмыстар Агрогородок, Оңтүстік-Шығыс тұрғын алабында да жүргізілуде. Осы тұрғын алаптардағы үйлер, оның ішінде Агроқалашықтағы үйлердің бір бөлігі биылғы жылыту маусымында газбен жылытылуы мүмкін.

Үйлерді газбен жабдықтау желілеріне қосылып, тегін техникалық шарт алу үшін тұрғын алаптарында фронт-кеңселер ашылды. Сонымен қатар, биыл ЖЭО-1 және ЖЭО-2 қазандықтарын газға көшіру жоспарлануда.