Елорда әкімі Президенттің Жолдауы бойынша әкімдік жұмысының бағыттарын атап өтті

Елорда әкімі Алтай Көлгінов Мемлекет басшысының жолдауын жүзеге асыру бойынша актив жиынын өткізді.

Бірінші. Мемлекеттік аппаратты қысқарту

Биыл мемлекеттік аппарат штаты 10%-ға, келесі жылы 15%-ға қысқарады. Қысқарту цифрландыру мен мемлекеттік функцияларды оңтайландыруды ескере отырып жүзеге асырылады.

«Қолжетімді полиция» қағидатын жүзеге асыру үшін учаскелік полиция қызметкерлерінің саны 224 бірлікке көбейеді, 40-тан астам учаскелік пункттер ашамыз.

Жергілікті бюджетті оңтайландыру 36 миллиард теңгеден астам қаржыны құрады. Үнемделген қаражат маңызды салаларға бағытталды: экономиканың нақты секторын қолдау және инфрақұрылымды дамыту – 26 миллиард теңге, әлеуметтік салаға – 10 миллиард теңгеден астам. Жыл соңына дейін біз бірқатар басқа кәсіпорындарды оңтайландыруды және нысандарды сенімгерлік басқаруға беруді жүзеге асырамыз.

Екінші. Жаңа жағдайдағы экономиканың дамуы

Мемлекет басшысы еліміздің жаңа экономикалық бағытының 7 негізгі қағидасын атап өтті. Өнеркәсіпті және ШОБ-ті қолдау үшін мемлекет салық жеңілдіктерін жасап, төлемдерді кейінге қалдырды және жеңілдік шарттарымен несиелерді қайта қаржыландыруға мүмкіндік берді. Тиісті мемлекеттік органдармен бірге ШОБ-қа берілген барлық несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені 6%-ға дейін мемлекеттік субсидиялауды қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргіземіз.

Үшінші. Өнеркәсіпті дамыту, өз өнімдерін өңдеу және инвестиция тарту бойынша жұмыс күшейтілетін болады.

Біз Жұмыспен қамту Жол картасы жобаларын жергілікті қамту үлесін 90%-ға дейін жеткіземіз.

Аймақтық инвестициялық кеңестердің жұмысын қалпына келтіру оң нәтиже берді: азаматтар мен қалаға қажет жобаларды қолдаймыз, әр инвестормен жеке жұмыс істейтін боламыз және әкімшілік кедергілерді азайту бойынша жұмысты жалғастырамыз. АХҚО әлеуетін пайдалану туралы тиісті меморандумға қол қойылды.

Төртінші. Әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын тұрақтандыру

Елордада тұрақтандыру қоры құрылып, бөлшек сауда желілеріне жеңілдікпен несие беру жұмыстары жүргізілді – бірқатар ірі сауда желілері мен базарлар «айналым механизмі» жобасына қатысуда. Осы мақсаттарға 3,6 миллиард теңгеден астам қаражат бөлдік. Осылайша, нарық қатысушыларына қолдау көрсетіліп, әлеуметтік маңызы бар өнімдер бағасы тұрақтандырылуда.

Бесінші. Тұрғын үй мәселесі

Бүгінде барлық қаржыландыру көздері есебінен қалада 3,5 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Біз халықтың әлеуметтік осал топтары үшін қолжетімді тұрғын үй сегментіне баса назар аударудамыз.

Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қолжетімді тұрғын үй құрылысының көлемі үш есе артты. Біз сондай-ақ Қазақстандық ипотекалық компания, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен» бірлескен жұмыс жүргізудеміз.

Алтыншы. Денсаулық сақтау жүйесін дамыту

Күзгі ЖРВИ маусымы мен коронавирусқа қатысты ахуалдың күрделенуі мүмкін екенін ескере отырып, медицина мекемелері дәрі-дәрмектермен, жабдықтармен және қорғаныс құралдарымен жабдықталды. Бұл жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Сонымен қатар бірқатар медицина ұйымдарының инфрақұрылымын салу және қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде.

Жетінші. Білім саласы

Биыл былтырғыдан екі есе көп мектеп саламыз, бұл дегеніміз 12 білім беру мекемесі. Қазірдің өзінде олардың алтауы ашылды. Бұл жұмыс алдағы жылдарда да жалғасын табады – 2021 жылы 20 мың оқушыға арналған тағы 12 мектеп салып, пайдалануға береміз. Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша 26 білім беру нысанын жөндейміз.

Қашықтан оқытуды ескере отырып, біз бірінші кезекте аз қамтылған отбасылардың балаларын компьютер және роутермен қамтамасыз етеміз. «Мұғалім мәртебесі туралы» заң қабылданды, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап мұғалімдердің жалақысы 25%-ға көтерілді. Балаларды кибербуллингтен қорғау бойынша жұмыстарға ерекше назар аударылады.

Сегізінші. Бұқаралық спортты дамыту

Кәсіби спортқа бөлінген қаражат балалар мен жасөспірімдер спортының дамуына – бұқаралық спортты дамытуға бағытталады. Спорт алаңдары бар 150 ауланы көгалдандыру жұмыстары аяқталуға жақын. Біз 4 үлкен дене шынықтыру-сауықтыру кешенін, ерекше қажеттіліктері бар балаларды оңалтуға арналған ат спорты манежін салудамыз. Сонымен қатар Толқын, Қазақстан сопорт кешені, Қ.Мұңайтпасов атындағы стадион және басқа да бірқатар спорт нысандарын күрделі жөндеуден өткіземіз.

Тоғызыншы. Экологияны жақсарту

Ауа ластануының негізгі көздеріне мыналар жатады: көлік құралдары, жылу электр станциялары мен стационарлар, жеке сектор. Экологияны жақсарту үшін біз бірқатар ауқымды жұмыстар жүргізудеміз: бірінші – Елбасының тарихи жобасы – қаланы газдандыру. Алдағы жылу беру маусымының өзінде Железнодорожный, Промышленный, Көктал-1, Көктал-2 тұрғын алаптары, Агроқалашық, Оңтүстік-Шығыс тұрғын алаптарының бір бөлігінің тұрғындары үйлерін газбен жылыта алады.

Осы жылдың басында желіге 100-ге жуық электр автобусы шығарылды. Артықшылықтары – экологиялық таза және қоршаған ортаны зиянды заттармен ластамайды. Сонымен қатар, электр автобустардың саны жеке қаражат есебінен көбейтіледі.

Биыл 33 мыңнан астам ағаш отырғызылды, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 40%-ға артық. Сонымен қатар Талдыкөл және Майбалық көлдеріне іргелес аумақтарда экопарктер құру өте маңызды. Бұл аймақтар биоалуантүрлілікті сақтай және арттыра отырып, экотуризмді дамыту орталығына айналуы мүмкін.

Оныншы. Цифрландыру

Цифрландыру шеңберінде 160 мемлекеттік қызметтің бүгінде 133-і (83%) автоматтандырылған. Жыл соңына дейін мемлекеттік қызметтер 100% электронды форматқа көшіріледі. Сонымен қатар бүкіл қаланы цифрландыру бойынша жұмыс жүргізілуде: инженерлік желілер, геоақпараттық портал құру, тұрғын үй секторындағы қызметтерді автоматтандыру және т.б. Біз «Қауіпсіз аула» жобасын да жүзеге асырып жатырмыз.

Он бірінші. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру

Азаматтарды қабылдау тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Өткен жылы 11 мыңнан астам адам қабылданды. Сондай-ақ тиімді кері байланыс үшін «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы ашылды», – деді елорда әкімі Алтай Көлгінов.