ЕЛ — ЕЛЕК

Ал, топтанып жүретін, шыққан жеріне, еліне қарай жіктейтіндер, тумысынан туғанын жат көріп, бөлетіндер мен бөлінетіндер ештеңені елеп, ескеріп жатпайды. Әйтпесе, әлемдегі өзгерістер, қоғамдағы қатынастар, тіршіліктегі көкейкесті мәселелер саналыға әсер ететін заманда ғұмыр кешіп жатқан жоқпыз ба?..
Жан-жағына көз салып, өзге жұрттардың ғылымдағы, білімдегі, технологиядағы, экономика мен өндірістегі даму қарқынын көріп-біліп, салыстыруға мүмкіндік бар.
Ең болмаса, соның бәрін елеп-екшеуге, қажетін теріп, керектісін алуға көп ақыл керек емес шығар.
Өкінішке қарай, қазір қиқымданып, әркім өздеріне көсем сайлап, пір таңдап, қолдан қайраткер, тұспалдап тұлға жасай беретін болды. Көпшілік жақсы менен жаманның парқын білуден қалып барады.
Бұл өткір мәселе тіршіліктің, руханияттың барлық саласына қатысты түйткілге айналды. Қисық пен қыңырды тыйатын жасы үлкеннің, ақсақалдың өзі қайда, жөн сөзі желге ұша бермек пе?
Біліктінің білігін, талаптының танымы мен тағылымын, дарындының шабысын, жалпы елімізде ата жолын, өнегенің өрісін кім көрсетпек? Елімізде дәстүрлі қоғамдық ұйымдардың өздері дәстүрімізден жаңылып, заңымыздан айныса келешекке қай бетімізбен барамыз?
Біздіңше, дүниеде жас буынды адастырудан асқан қиянат жоқ. Қазір үлкендерді мүсіркеу, жастарды алдаусырату мүмкін емес. Олар мұны ұлт болмысын бұзуға бағытталған әрекет, еліміздің бірлігіне сызат түсіру әлегі, ұлан байтағымыздың кеңдігіне, оның қойнауындағы

байлыққа қызығатындардың арам пиғылы деп қабылдайды.
Кейінгі кезде жер-жерде қаулап өскен рулық кеңестердің, тайпалық құрылымдар мен билер кеңестерінің кейбір жұмыстары заңдылық шегінен асып бара жатқанын ел айта бастады. Тіпті олардың жиын өткізуі бәсекелік сипатқа ие болды. Алайда, жемқорлық, жетім мен жесір дауын шешуде олардың бейтарап қалатыны, жекелеген азаматтарға сауын айтып, салмақ салатыны түсініксіз. Әйтпесе, түрлі қайырымды істе (көшеге атау беріп, ескерткіш тұрғызудан өзге) олардың үлгі көрсетуіне ешкім кедергі бола қоймас.
Осыған байланысты Олжас Бектенов басқаратын Үкіметтің қоғамдық бірлестіктерге қатысты тиісті заңға толықтыру енгізу жөніндегі мемлекеттік ұстанымы орынды деп санаймыз.
Алайда, еліміздегі ардагерлер, әйелдер, жастар ұйымдарының саны бар да, сапасы жоқ. Әуелі солардың белсенділігін оятпаса, енжар қоғамда бос кеңістік ұзақ тұра бермейді, ие табады немесе табылады.
Шындығында, ел — елек, бәрін елеп-екшеп отырады. Соның ішінде, ең бастысы — дәстүр, заң мен тәртіп болуға тиіс деп санаймыз.
Дархан МЫҢБАЙ ФБ парақшасынан