Еңбек ерлігі

(1 қаңтар – әкеміз Зәрубай Тілеубайұлының туған күні. Көзі тірі болғанда 88 жасқа толар еді)
0️⃣1️⃣0️⃣1️⃣ Алаштың Ақтоғайындағы Қызылтас деген шағын ауылда туып-өскен әкеміз бір үйдің жалғыз баласы болған. Мойнына бұршақ салып, Алладан тілеп алған жалғызын әкесі мен шешесі үлкейгенге дейін арқасына түсірмепті. Балалық шағы сұрапыл соғысқа тап келгендіктен, 12 жастағы ойын баласы өгізбен жер жыртуға жұмысқа шығады. Өзі әңгімелеп бергендей, күн ұзаққа майсыз көже мен қуырылған бидайды талғажау етіп, жарымқұрсақ болып жүреді екен. Сонда да беті-қолы тілім-тілім болып, соқаның үстінен түспейтін көрінеді. Сарыала күзде қырманда астық тазалау науқаны басталады. Әкем өзге балалармен бірге қара терге малшынып, ұзақты күнге нағыз еңбектің дәмін татқанын, басынан кешкен қиыншылықтарын қызықты етіп айтушы еді. Прозаның хас шебері Сайын Мұратбековтің «Жабайы алмасын» бірнеше қайталап оқығанымда әкемнің әңгімелері бірден ойыма оралушы еді.
0️⃣1️⃣0️⃣1️⃣ Әкеміз қаршадайынан тылда да, колхозда да, совхозда да, ауылда да аянбай еңбек етті. Қарқаралыдағы есепшілер дайындайтын техникумды бітірген. Әкейдің есеп-қисапқа шын жүйріктігі балаларының ешқайсына дарымағанына таң қаламын. Ол заманда ұялы телефон, компьютер деген жоқ. Әкей кешкілік үйде жайғасып отырып алып, шот қағатын. Сот шоттың тықылы әлі күнге дейін құлағымда қалыпты. Үйдің үлкені – Дыбыс апам 1-сыныпта әкеміз шотқа ондықтарды сиямен жазып қойып үйреткенін үнемі айтады. Ауылдағы қара шаңырағымызды сататын кезде әкемнің екі шотын, анамның ұршығын үйге алып келдім. «Әкемнің көзі», «анамның көзі» деген ұлы қазақы ұғымдар туралы өзімше бір-бір шығарма жазғым келеді.
0️⃣1️⃣0️⃣1️⃣ Әкейдің жазуы мөрдей болатын. Еңбексүйгіштік, табандылық, тиянақтылық. Осы үш қасиеті жазған жазуынан да, тапсырған есебінен де, істеген ісінен де ә дегеннен-ақ менмұндалап тұратын. Саналы ғұмырында «Өмір еңбексіз ештеңе бермейді» деген жеке ұстанымымен өмір сүрді. Еңбек ерлігі дегенді ең бірінші әкемнің бойынан көрдім. Табандылығымен кез келген кедергіні жеңді. Тиянақтылығы үйде де, түзде де қадір-қасиетін арттыра түсті. Әкей жұмыстан қолы босағанда газет-журналдарды мұқият оқып шығып, өзіне ұнаған жерлерін астын сызып, бізге әңгімелеп беретін-ді. Балаларым білімді болсын дегені шығар, әкем мен анам бума-бума газет-журналдарға жазылушы еді. Пошташы оларды әкелетін күн – біз үшін кішігірім мереке болатын. Өзі оқып қана қоймай, санасына тоқыған әке газет-журналды, кітапты оқуды, қадірін білуді жастайымыздан үйретті.
0️⃣1️⃣0️⃣1️⃣ Арқада Кежек деп аталатын құйтақандай ғана құтты мекен бар. Мен 6 жасқа толғанда Кеншоқы ауылынан осы Кежекке (Ақши деп атаймыз) көштік. Бұрынғы ауылда тәп-тәуір қызметі бар әкем: «Маған қой бағасың деп жатыр. Ал балаларымды қойдың соңына салып қойғым келмейді» деп тез шешім қабылдап, жаңадан құрылып жатқан бірлестікке темір-терсек және құрылыс материалдары қоймасының меңгерушісі болып орналасты. Бұйырса, 2025 жылы Кежек ауылы өзінің 50 жылдығын дүркіретіп атап өтеді. Менің ойымша, осы ауылдың негізін қаласып, өсіп-өркендеуіне әкем мен анам зор үлес қосты. «Темір-терсек» деп отырғаным, орысша «Завсклад», яғни, техника атаулының қосалқы жаңа бөлшектері сақталатын склад. Бір таң қалғаным, әкем күні мен түні складтан совхоздың техникасына қажетті бөлшектерін босатып беретін. Онда тұрған жүздеген бөлшектің атауын, қай көлікке, қай тіркемеге дәл келетініне дейін жатқа білетінін ауылдың адамдары да қазір жыр қылып айтады. Әкем мен Анам, ағаларым 30 жылдан (!) астам уақыт бір ауылда тұрып, тынбай еңбек етті. Әкемнің еңбегі Үкімет тарапынан бағаланып, «Еңбек ардагері» атанды. Әкей компартияның белсенді мүшесі болып, партияның жұмысына да елеулі үлес қосты.
0️⃣1️⃣0️⃣1️⃣ Еңбек – жасампаз адамның қанаты мен қуанышы депті Ромен Роллан. Біздің әкеміз де өмірдегі барлық бақыты мен қуанышын адал, шын еңбектен тапқан, сол өнегесін балаларының сана-сезіміне сіңіріп кеткен жасампаз адам! Біз, әкей мен анамыздың өмірінің жалғасы ретінде осы өнегесі үшін мәңгілікке қарыздармыз! Рухтарыңыз сегіз бейіштің төрінде шалқысын! Алла-Тағала артта қалған ұрпақтарыңа ұзақ, бақуатты, мағыналы ғұмыр берсін!