«Донеділдің» тұсауы кесілді

Бүгін Мұқадес Есламғалиев атындағы аудандық кітапханада Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан композиторлары одағының мүшесі, Қадыр атындағы қоғамдық қордың директоры, әнші-сазгер Донеділ Ізмағамбетұлы Қажымовтың «Донеділ» атты кітабының тұсаукесері өтті.

Аудандық кітапхана ұйымдастырған «Өнермен өрге жүзген азамат» атты көрмеге кітапханашы Эльмира Әлденова шолу жасады. Кештің ашылуында аудан әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұлов  құттықтау сөз сөйлеп, қонақтарды таныстырды. Шараға  Батыс Қазақстан облыстық  «Мақсат» медициналық колледжінің директоры, білім саласының «Құрметті азаматы», Қадыр қорының мүшесі Мақсот Берген, тіл жанашыры Құсайын Бақтияров, облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі және жалпы орта білімді дамыту бөлімінің басшысы Светлана Темірғалиева,  облыстық білім басқармасының мектепке дейінгі жалпы орта, техникалық және кәсіптік  білім беру ұйымдарының  облыстық оқу-әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Аягөз Хамзина, айтыскер-ақын, Қадыр Мырза Әлі атындағы  мәдениет және өнер орталығының әдіскері Талғат Мықи қатысты. Кешті ақын Бауыржан Ширмединұлы жүргізді.

Кітаптың тұсаукесер рәсімін автор Донеділ Қажымов пен оның әкесімен  жұмыстас болған Қайыржан Нұрмұханов жасады.

Д.Қажымов бұл кітапты небәрі 44 жыл өмір сүріп, абыройлы, беделді бола білген әкесінің рухына арнапты. Кітаптың алғашқы бөлімі әке туралы естеліктермен басталса, төртінші бөлімі сыршыл суреттермен аяқталады.

Автор аудандағы 22 кітапханаға бір-бір кітаптан табыс етті.

Кеште естеліктермен бөлісіп, лебіздер легін ақтарған Қайыржан Нұрмұханов Донеділдің әкесі Ізмағамбеттің ақкөңіл, қонақжай, көпшіл, еңбекқор жан болғанын, Төлеген Есмұханов Донеділден қызмет бабында көп нәрсені үйреніп, бірге концерт берген шақтарын әңгімелесе, ақын Есен Баймұханбетов, Талғат Мықи өлеңдерін оқыды.  Аягөз Хамзина өзі кітапханаға есімі берілген М.Есламғалиевтің нағашысы болса,  «Донеділ менің нағашым» деп, оның қолынан ұзатылғаны туралы, Мақсот Берген сазгермен таныс 43 жылда басынан өткен қызықты оқиғаларды,  Ғилаж Қаналиев әкелері әріптес болғаны туралы әдемі әңгімелерін айтты.

Ізмағамбеттің Донеділінің  «Жарқын жаз, қайдасың?», «Сағыныш» әндерін «Ақжайық – ару мекенім» ән байқауының лауреаты Бекей Қанатов, «Мен туралы ойладың ба?» әнін Алмагүл Жұма, «Оралым, әнім сенсің шалқыған» атты Қадырмен шығармашылығынан туған әнін Дархан Құлбабаев пен Айдана Орынғалиева орындады.

Шара ақын Бауыржан Ширмединұлының «Ән-Донеділ» өлеңімен аяқталды.

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА