ДІН ЖӘНЕ МЕМЛЕКЕТ: ҚАЗАҚСТАНҒА ЖАҢА ДІНИ САЯСАТ КЕРЕК
Дін — адамның жүрегіндегі сенім. Мемлекет — қоғамның ортақ тәртібі.
Осы екеуінің ара-жігін ажырата алмасақ, ертең сенімнің өзі саяси құралға айналуы мүмкін.
Қазақстандағы діни ахуал туралы ашық әрі салмақты әңгіме бастайтын уақыт жетті.
Бұл — дінге қарсы шығу емес.
Бұл — дінді мемлекеттің, қоғамның және ұлттық қауіпсіздіктің мүддесімен үйлестіру мәселесі.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан діни вакуум жағдайында қалды. Кеңестік кезеңде діни білім беру жүйесі іс жүзінде болмады.
Ал 1990-жылдары қоғамның рухани сұранысы күрт өсті. Жастардың бір бөлігі діни білім іздеп шетелге аттанды.
Сауд Арабиясы, Мысыр, Түркия, Пәкістан және басқа елдердегі діни оқу орындарынан әртүрлі діни түсініктер Қазақстанға келе бастады.
Мәселенің өзі жастардың білім іздегенінде емес.
Мәселе — мемлекет сол білімнің қандай идеологиямен, қандай мазмұнмен және қандай мақсатпен келіп жатқанын дер кезінде жүйелі түрде бақылай алмады.
Нәтижесінде Қазақстанның діни кеңістігінде сан түрлі бағыттар пайда болды.
Олардың бәрін бірдей экстремистік немесе қауіпті деп атауға болмайды.
Бірақ діни көзқарастардың әртүрлілігі қоғамда діни пікірталастың, кей жағдайда діни бөлінудің күшеюіне алып келді.
Ал қазақ қоғамының дәстүрлі исламдық мәдениеті ғасырлар бойы жергілікті салт-дәстүрмен, әдет-ғұрыппен және ұлттық дүниетаныммен астасып келген еді.
Бүгінгі мәселе — сол тарихи сабақтастықтың әлсіреуі.
ДІН ҰЛТТЫҢ ОРНЫНА ЖҮРМЕУІ КЕРЕК
Қазақ үшін дін ешқашан мемлекеттіліктің жауы болған жоқ.
Керісінше, ислам қазақтың моральдық дүниетанымының қалыптасуына ықпал етті.
Үлкенді сыйлау, ата-ананы құрметтеу, жетімге қамқор болу, адал еңбек ету, аманатқа қиянат жасамау сияқты құндылықтар қазақтың дәстүрлі мәдениетімен біте қайнасып жатты.
Бірақ соңғы жылдары дінді ұлттық мәдениеттен бөлек қарастыратын түсініктер де пайда болды.
Кейбір уағыздарда ұлттық дәстүр күмәнді нәрсе ретінде көрсетіліп, қазақтың мәдени ерекшелігіне сырттан келген діни-мәдени үлгілер қарсы қойылатын жағдайлар кездесті.
Бұл жерде өте маңызды бір қағиданың бірі «Қазақ мұсылман болуы үшін араб болуы міндетті емес»дегенді ұстану керек.
Қазақтың діні — қазақтың тарихымен, мәдениетімен және ұлттық болмысымен үйлесуі керек.
Сондықтан Қазақстан үшін діни саясаттың басты мақсаты — адамдардың сенімін бақылау емес, діни сенімнің мемлекет пен ұлттық бірлікке қарсы идеологиялық құралға айналуына жол бермеу.
ДІНИ САУАТТЫЛЫҚ ПЕН МЕМЛЕКЕТТІК САУАТТЫЛЫҚ ҚАТАР ЖҮРУІ КЕРЕК
Меніңше, Қазақстандағы ең үлкен қателіктің бірі — діни қызметкерді тек діни біліммен шектеу.
Неге имам тарихты білмеуі керек?
Неге ол Конституцияны, азаматтық құқықтарды, психологияны, педагогиканы, саясаттануды, Қазақстанның тарихы мен мәдениетін терең білмеуі керек?
Неге ол мемлекеттік тілді жетік меңгермеуі керек?
Егер имам қоғаммен жұмыс істейтін болса, ол қоғамды тануы тиіс.
Сондықтан имамдар мен діни қызметкерлерге қойылатын кәсіби талаптарды түбегейлі өзгерту қажет.
Діни біліммен қатар:
— Қазақстан тарихы;
— Конституция және зайырлы мемлекет негіздері;
— құқық;
— педагогика;
— психология;
— дінтану;
— конфликтология;
— ұлттық мәдениет;
— мемлекеттік тіл бойынша міндетті біліктілік талаптары енгізілуі керек.
Бұл дінге қысым емес.
Бұл — діни қызметтің кәсібиленуі.
ИМАМ МЕН МЕМЛЕКЕТТІҢ АРАСЫНДАҒЫ БАЙЛАНЫС ҚАНДАЙ БОЛУЫ КЕРЕК?
Тағы бір маңызды мәселе бар.
Діни қызметкер қоғамға патриотизм, Отанды қорғау, заңға бағыну, еңбек ету туралы түсіндіруі керек.
«Мемлекетке қызмет ету — дүние», «әскер — қажетсіз нәрсе», «мемлекеттік қызмет — дінге жат» деген түсініктердің таралуына жол беруге болмайды.
Қазақстанның азаматы әрі мұсылман болуға толық құқығы бар.
Отан қорғау мен имандылық бір-біріне қарсы ұғым емес.
Сондықтан діни қызметкерлердің Қазақстан азаматтарының әскери-патриоттық тәрбиесіне қатысуын күшейтіп, олардың өздері де мемлекеттік патриоттық бағдарламаларға белсенді араласуын қамтамасыз ету қажет.
ТҮРМЕ — ДІНИ РАДИКАЛИЗМНІҢ УНИВЕРСИТЕТІНЕ АЙНАЛМАУЫ КЕРЕК
Ең күрделі мәселелердің бірі — діни экстремизм мен терроризм бойынша сотталған адамдардың түрмедегі ортасы.
Қылмыс жасаған адам жазасын өтеуі тиіс.
Бірақ түрме адамның радикалдануын жалғастыратын ортаға айналмауы керек.
Сондықтан діни экстремизм мен терроризм бойынша сотталған адамдармен жұмыс істеудің арнайы жүйесі қажет.
Оқшаулау + психологиялық оңалту + діни сауаттандыру + идеологиялық қайта бейімдеу + босап шыққаннан кейінгі бақылау.
Бұл жерде мақсат — кек алу емес.
Мақсат — жаңа радикалдардың пайда болуына жол бермеу.
Осыдан бір жыл бұрын бір ватсап топта жас жігіт»Қазақ ислам халифатын құрамыз» деп жазыпты.
Жазбаны өшіріп, жігітке хабарласып жындысың ба десем, иә, аға жындыханаға жатып шықтым дейді.
Сотталпсың ғой десем, соны асыға күтіп жүрмін.
Бәлен деген жерде түрмеде медресе бар. Сонда барып білімімді жетілдіргім келеді дейді.
О, тоба, жеткен жеріміз осы болса, жетіскен екенбіз дедім.
ДІН ІСТЕРІ КОМИТЕТІНІҢ МӘРТЕБЕСІН КҮШЕЙТУ КЕРЕК
Қазақстандағы діни саясаттың институционалдық мәселесі де бар.
Дін саласы мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігі, ішкі тұрақтылығы және қоғамдық келісімімен тікелей байланысты.
Сондықтан дін мәселесімен айналысатын мемлекеттік органның сараптамалық, ақпараттық және бақылау мүмкіндігі әлдеқайда жоғары болуы қажет.
Елдегі Мәдение және ақпарат министрлігі жанындағы Дін істері комитетін дербес Дін істері комитетін «Агенттік» деңгейіне көтеру керек. Агенттік:
— діни ахуалды тұрақты мониторингтеуі;
— діни ұйымдардың заң талаптарын сақтауын бақылауы;
— діни білім беру мекемелерін қадағалауы;
— діни контентке сараптама жүргізуі;
— діни радикалданудың алдын алу бағдарламаларын үйлестіруі жұмыстарынан басқа да мемлекеттегі барлық діни өкілдіктер мен топтардың жұмысын қатаң бақылап, үйлестіретін , лизенуюция беретін құзыреттері бар мекеме болуы керек.
— өңірлік діни ахуал туралы тәуелсіз есеп жариялауы тиіс.
Ең маңыздысы — бұл орган тек жоғарыға есеп беретін бюрократиялық құрылым емес, қоғамға ашық сараптамалық институт болуы керек.
Ал агенттікті діни теологиялық білімі бар азаматтар басқарғаны жөн.
Жергілікті жерлердегі дін істер басқармаларының жұмыс көңіл көншітпейді.
Қауіпсіздік органдарының зейнеткерлері басып алған бұл органдар жоғары қажетті цифрлар мен баяндамалар, есептер ғана жасайтын мекемеге айналып кеткелі қашан?
Не бір қоғамдық пікір қалыптастыратын спикерлері жоқ.
«Назарбаев орталығы» деген аты бар да заты жоқ, екі жылда ешкімге керексіз «Әлем діни лидерлерінің Сьезін» өткізетін, діни талдауы мақұрым бір мекеме бар.
Құдай оның төрағасы деген кішігірім министр.
Анау-мынауға бағына бермейді…
ҚМДБ-на реформа жүргізуді халық көптег талап етіп келеді
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы — қоғамдағы маңызды діни институт.
Бірақ оның қоғамдағы ықпалы артқан сайын жауапкершілігі де артады.
Мемлекет зайырлы болса, мемлекеттік саясатты діни ұйым анықтамауы тиіс.
Сонымен қатар діни ұйым да мемлекет заңдарын орындауға міндетті.
Сондықтан ҚМДБ-ның мектептегі орамал мәселесіне байланысты соңғы мәлімдемесі қоғамның ашуына тиді.
ҚМДБ балиғат жасына жеткен мұсылман қыздың орамал тағуын діни міндет деп түсіндіреді және мектеп формасына үйлесімді орамалға мүмкіндік беруді ұсынады.
Сонымен бірге зайырлылық азаматтардың ар-ождан бостандығын жоққа шығармайтынын атап өтті.
Бұл позицияны діни тұрғыдан түсінуге болады.
Бірақ мемлекеттік саясаттың өлшемі басқа.
Мектеп — діни пікірталастың емес, білім мен тәрбие берудің бейтарап кеңістігі болуы керек.
Сондықтанда министрліктің бұл шешімін қоғамның көпшілігі мақұлдап отыр.
Білім ордасы зайырлы қағидатты сақтау керек.
Қажет болса мектеп ғана емес, колледж, жоғарғы оқу орындарында да тиым салса артық болмас еді.
Мемлекет бетін жауып, паранжа киіп жүргендерге де айыппұл салуды бастады.
Ол да дұрыс.
Енді Қытайдағы, өзбектегі сияқты ебедейсіз сақал қойғандарды да жөнге келтірсе дұрыс болар еді.
БІЗГЕ ДІНГЕ ТЫЙЫМ ЕМЕС, ДІНИ САЯСАТТЫ ҚАЙТА ҚҰРУ КЕРЕК
Мұнда бір нәрсені анық айтуымыз керек.
Қазақстан дінсіз мемлекет болмауы керек.
Бірақ діни мемлекетке де айналмауы тиіс.
Бұл екі ұғымның ортасында — зайырлы мемлекет бар.
Қантар оқиғасынан соң
сақалдылардың көбі костюм киіп, галстук тағып өзгеріп кетті. Қазір ұасыңыздағы адамның радикалды идеология ұстанбайтынына кепілдік бере алмайсыз
Мемлекет бір рет қантарда діни идеологияның құрбаны бола жаздады.
Оның қауіпті үрдіс екеніне көз жеткізді.
Көшбасшыларын қамағанмен идеология, ұстаным, ізбасарлары бар.
Мемлекеттік бақылау адамның діни сеніміне емес, заңсыз үгітке, зорлықты ақтауға, өшпенділікке шақыруға, террористік немесе экстремистік идеологияны таратуға бағытталған.
ДІНИ УАҒЫЗҒА КӘСІБИ СТАНДАРТ КЕРЕК
Қазір әлеуметтік желіде кез келген адам мыңдаған адамға діни уағыз айта алады.
Оның діни білімі бар ма?
Психологиялық дайындығы қандай?
Қазақстан заңын біле ме?
Айтқан сөзі қоғамға қандай әсер етеді?
Оны кім бақылайды?
Осы сұрақтарға нақты жауап болуы керек.
Сондықтан діни уағыз жүргізетін адамдарға кәсіби талап қойылып, олардың білімі мен біліктілігі расталғаннан кейін ғана діни ағартушылық қызметпен айналысуына мүмкіндік берілуі қажет.
Бірақ мұнда да цензура мен заңды діни пікірді шектеудің ара-жігін ажырату керек.
Мемлекет сенімді басқармауы тиіс. Мемлекет қоғамдық қауіпсіздікті басқаруы тиіс.
МЕДРЕСЕ МЕН ДІНИ БІЛІМ БЕРУДІ ҚАЙТА ҚАРАУ ҚАЖЕТ
Қазақстанда діни білім беретін барлық мекеме бірыңғай стандартқа бағынуы керек.
Діни оқу орнында Құран мен хадиспен бірге Қазақстан тарихы, Конституция, қазақ мәдениеті, мемлекеттік тіл, зайырлылық, құқық және қазіргі ғылым негіздері оқытылуы қажет.
Біз мешіттен шыққан жасты қоғамнан бөлінген адам емес, қоғамға пайда әкелетін білімді азамат ретінде көргіміз келеді.
ҰЛТТЫҚ ДІНТАНУ МЕКТЕБІ ҚАЖЕТ
Қазақстанға сырттан дайын діни үлгі импорттаудың орнына өзінің ғылыми дінтану мектебін қалыптастыру керек.
Әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Абай, Шәкәрім, Ыбырай сияқты ойшылдардың мұрасын қазіргі дінтанумен байланыстыратын ғылыми орталықтар көбейтілуі қажет.
Қазақтың дәстүрлі ислам мәдениеті ғылыми тұрғыдан зерттелуі керек.
Бұл жерде мақсат — біреуді «дұрыс», біреуді «бұрыс» деп жариялау емес.
Мақсат — қазақ қоғамының тарихи діни мәдениетін ғылыми тұрғыдан түсіндіру.
ЕҢ БАСТЫСЫ — ДІНДІ САЯСИ ҚҰРАЛҒА АЙНАЛДЫРМАУ
Қазақстан үшін ең қауіпті сценарий — діннің саясатқа, ал саясаттың дінге айналуы.
Мемлекет діни сезімдерді саяси мақсатта пайдаланбауы керек.
Діни лидерлер де мемлекеттің саясатына діни бедел арқылы қысым жасауға ұмтылмауы тиіс.
Билікке сын айту — азаматтық құқық.
Бірақ діни беделді пайдаланып қоғамды мемлекеттік институттарға қарсы қою — мүлдем басқа мәселе.
Қазақстан мұны өткен оқиғалардан кейін жақсы түсінуі тиіс.
ҚАЗАҚСТАНҒА «ДІНИ РЕФОРМА» ЕМЕС, ЖАҢА ДІНИ САЯСАТ КЕРЕК
Меніңше, бүгінгі Қазақстанға мынадай ұлттық діни саясат тұжырымдамасы қажет:
Біріншіден, діни саясаттың ұлттық қауіпсіздік стратегиясындағы орнын күшейту.
Екіншіден, Дін істері комитетін дербес агенттік деңгейіне көтеру және құзыреттілік пен тікелей Вице-президентке бағынатын ету.
Үшіншіден, барлық діни қызметкерлерге діни біліммен қатар зайырлы білім, құқық, тарих, психология және мемлекеттік тіл бойынша міндетті талап енгізу.
Төртіншіден, діни экстремизм мен терроризм бойынша сотталғандармен жұмыс істеудің арнайы пенитенциарлық және оңалту жүйесін құру.
Бесіншіден, діни оқу орындарының барлығын бірыңғай мемлекеттік стандартқа келтіру.
Алтыншыдан, діни уағыз жүргізушілердің кәсіби біліктілігіне талап қою.
Жетіншіден, әлеуметтік желілердегі діни контентке заң шеңберінде кәсіби мониторинг жүргізу.
Сегізіншіден, мектеп пен университетте білім беру процесінің зайырлы сипатын сақтау.
Тоғызыншыдан, ҚМДБ мен басқа конфессиялық ұйымдардың мемлекет заңдарына бағынуын қамтамасыз ету және ішкі реформа жүргізу. Цифрландыру саясатын күшейту.
Оныншыдан, қазақтың дәстүрлі ислам мәдениетін зерттейтін тәуелсіз ғылыми орталықтар жүйесін қалыптастыру.
ДІН — ЖАУ ЕМЕС
Біз ең басты қателіктен сақ болуымыз керек.
Діндар адамды жау көру — қате.
Дінге сенбейтін адамды жау көру де қате.
Мемлекеттің міндеті — екеуін бір-біріне қарсы қоймай, ортақ азаматтық кеңістік қалыптастыру.
Қазақстанның болашағы мешіт пен мектептің бір-біріне қарсы тұрғанынан емес, мешіт те, мектеп те заңға, білімге және адамгершілікке қызмет еткенінен құрылады.
Аллаға сену мен отанға қызмет ету бір-біріне қайшы емес.
Отанды қорғау мен имандылық бір-біріне қарсы емес.
Ғылым мен дін бір-бірінің жауы емес.
Қазақтың дәстүрі мен ислам бір-бірін жоққа шығармауы тиіс.
Біздің негізгі ұстанымымыз осы болуы керек.
Бізге дінге қарсы мемлекет емес, дінді де, мемлекетті де өз орнына қоятын өркениетті мемлекет керек.
Өйткені дін адамның жүрегін тәрбиелеуі тиіс.
Ал мемлекеттің міндеті — сол жүректегі сенімнің қоғамның бірлігіне, заңның үстемдігіне және елдің қауіпсіздігіне қарсы қаруға айналмауын қамтамасыз ету.
Қазақстан бұл мәселені кейінге қалдыра бермеуі керек.
Өйткені діни саясаттағы бүгінгі бос кеңістікті ертең біреу міндетті түрде толтырады.
Сұрақ — оны Қазақстанның мемлекеті мен қоғамы толтыра ма, әлде сырттан келген идеологиялар толтыра ма?
Мәселенің түйіні-осында.
P.S-Осы мәселенің барлығын кезінде осы комитеттің талдау, жоспарлау, үйлестіру басқармасында қызмет атқарған маман ретінде өз ой толғамымды жазып отырмын.
Баяжума Асылбек
Саяси сарапшы, журналист
Мұнармедиа Ақпарат Агенттігі facebook парақшасынан https://www.facebook.com/share/p/1DhkYmqfAH/

