Депутаттық сауал!

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің  бірінші орынбасары Р.В. Склярға

 Депутаттық сауал! Құрметті Роман Васильевич!

 

Елдегі жағдайға байланысты енгізілген шектеу шаралары алынды. Қазір жұрт қалыпты өмірге оралып, жүк және жолаушылар тасымалы қайта жанданып, ұшақтардың ұшу жүйесі іске қосылды.

Пандемияның уақытында ұшу жиілігі кемінде 1,5 есеге азайғанын ескерсек, қазір еліміздегі ең ірі авиакомпанияларға (Air Astana, SCAT, Qazaq Air) тиесілі рейстердің жиілігі қайта қалпына келтірілді.

Дегенмен, еліміздегі рейстердің кешігуі мен кешігу барысындағы көрсетілетін қызметтердің сапасына байланысты халық арасында наразылықтың бар екенін мойындауымыз қажет.

Мысалы, 2020 жылдың қорытындысы бойынша 51 мыңға жуық рейстің 6735 рейсі кешіктірілген, яғни шамамен әрбір 8-ші рейс кешігіп ұшқан. Ал 2021 жылы ұшқан 68,7 мың рейстің 12,8 мыңы кешіктіріліп, әрбір жүйелі рейстің бесіншісі уақытында ұшпағандығы анықталып отыр. Яки, ұшу рейстері айтарлықтай көбеймесе де, ал борттардың кешігу себептері шамамен екі есеге көбейген.

Мұндай жағдайда әуе компаниялардың жауабы «ауа райының қолайсыздығына» байланысты деп қысқа қайыратыны бар. Бірақ, 2021 жылдың қорытындысы бойынша 12,8 мың кешіккен рейстің 9045-і борттың кешігіп келуіне байланысты орын алып отыр. Оның ішінде «SCAT», «Qazaq Air» әуекомпанияларының әрбір төртінші рейсі кешіктіріліп отыр. Ал, ең қызығы ауа айының қолайсыздығына байланысты деген тармақ бойынша небәрі 912 рейс кешіккен.

Өздеріңіз білетіндей, ішкі рейстердің жиілігін көбейту мен халықтың ұшақпен пайдалану деңгейін арттыру мақсатында, Үкімет тарапынан 2022 жылы 24 бағыттағы рейстерді субсидиялауға 5,9 млрд. қаржы бөлінгенін білесіздер. Ал, оның ішінде 16 бағыт бойынша 5 млрд. теңге «SCAT», «Qazaq Air» компанияларына бөлінетінін ескерсек, аталған компаниялардың қандай сапалы қызметіне осыншама қаржы бөлінуі тиіс?!

Біле білсеңіздер, рейстің кешігуі бойынша смс-хабарламаны арнайы қызмет ретінде ақылы пайдаланамыз. Ал, Қазақстан Республикасының «Әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы» Заңының баптарына сәйкес, авиакомпанияның кінәсінен рейстерді кешіктіру немесе олардың болмауы кезінде ұсынуға міндетті ыстық тамақ, қонақ үйге орналастыру, көлік трансферті сияқты қызметтерін ішкі рейстерде сапалы ұйымдастырғанын естімеппіз. Тек, БАҚ-ның араласуының арқасында қоғамдық резонанс туындатып ғана тұтынушылар қол жеткізіп жатады.

Осы ретте, тиесілі министрлік тарапынан кешігуді қалыпты жағдай ретінде қабылдамай, керісінше қызмет сапасын көтеруге бағытталған жұмыстарды реттеу қажет екенін ескертеміз.

Сондай-ақ, әуекомпаниялардың онлайн тіркеу қызметін көрсетудегі арнаулы ақылы орындардың бағасы бойынша шағымдар жиілеп келеді. Біріншіден, лоукостердегі тегін орындардың өзі автоматты түрде таңдалады. Екіншіден, Air Astana  компаниясының эконом санаттағы ақылы орындары 15 мың, ал лоукестер саналатын Fly Arystan компаниясында 6,5 мың теңгеге дейін жетеді. Ыңғайлылық үшін билет құнының жартысын төлеу қаншалықты әділетті?! Бұл ішкі рейстердегі ыңғайлы орынның құны, ал өзге елден ұшатын уақытта арнаулы орынның бағасы екі есеге артады. Мысалы, Түркиядан  Air Astana компаниясының ақылы орын қызметі 25 мың теңгені құрайды. Логика қайда?!

Құрметті, Роман Васильевич! Қорыта айтқанда, жыл өткен сайын қазақ әуеиндустриясының ахуалылын еуропалық стандарттарға сай реттеуіміз қажет. Алдағы жазғы демалыс күндерінде, елдің сапар байланысын уақыттында сапалы қамтамасыз ету үшін рейстердің кешігу жиілігін реттеуді қолға алуыңызды сұраймыз.

 

Құрметпен, «AMANAT» партиясы

Фракциясының мүшесі Бейсенбаев Е.