Демалысы біткен депутаттар жұмысқа кірісті

 Бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен Парламент Палаталарының бірлескен отырысы өтті. Мәжіліс үйінде Президент жаңа сессияның ашылуын ресми жария еткеннен кейін еліміздің әнұраны орындалды. Бұдан кейін Елбасы мемлекетіміз дамуының бүгіні мен болашағына қатысты өзекті мәселелерді алға тарта келіп, маңызды бастамаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету жөнінде халық қалаулылары алдына нақты міндеттер жүктеді. Отырысқа төрағалық еткен ҚР Парламенті Мәжілісінің Спикері Н. Нығматулин барлық депутаттар атынан Елбасына Парламенттің екінші сессиясын ашып, алдағы жұмыстың басым бағыттарын белгілеп бергені үшін зор алғыс білдірді. Қос палатаның бірлескен отырысына еліміздің Премьер-Министрі, Мемлекеттік хатшысы, Президент Әкімшілігінің басшысы, Конституциялық Кеңестің, Жоғарғы Соттың және Орталық сайлау комиссиясының төрағалары, барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.