ДЕЙДІЛЕР НЕ ДЕЙДІ ЕКЕН?

Осы Фейсбуктегі есті, ақылды, зиялы азаматтарды сөзге тартып, ақыл сұрағаным ба, әлде мұңдасқаным ба, әлде жөн білмегенім бе, әйтеуір оқығандарыңыз өздеріңіз шешіңіздер.
ҚАРАДАЛА мәселесін осымен тұжырымдайын.
“Руға тимеңдер!” – дегенде өз руымыз болмаса да қолдадық.
“Жер сатылмасын!” – дегенде айғайға аттан қостық, біріктік біразымыз.
“Сайрагүл” – дегенде де қарап отырмадық…
Тізе беріп қайтеміз, ақыры кешегі самолет құлағанда да байлығымыз үкімет айтқан “мұнай”, “алтын”, “көмір”, “темір” тіпті ЭКСПО да емес, АДАМ екенін, адам болғанда да ҚАЗАҚ екенін ұққандаймыз.
Ұлт аралық қайшылыққа жол жоқ! Барлық Ұлтты да, Ұлысты да сыйлаймыз. Бәрімен құдандалы болып алдық, жасырын емес. Қара болып туған балаға қыз беріп жатқанда өз елімізде өскен ұлтқа неге бермеске дедік. Өзге ұлттың бәрін “Ассамблея” деген шаңыраққа қаратып қойдық. Ол шаңырақ биыл 25 жыл өмір сүреді екен, кеше Президент құттықтауында атап өтті. Қазақстан деген бір шаңырақтың астында, бір дастархан басында барлығымен тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз.
Анаукүнгідей қаралы күнде сол шаңырақтың атынан көңіл айтылда ма қазаққа? Әлде олар тек Наурыз мерекесінде ғана үн қататын орта ма?
Ұлт демекші, неміс болып туып, қазақ болып өлген көкеміз Герольд Бельгерді берген неміс халқына мың алғыс! Ар жағын пәшіс десек те ондай асыл аға енді таптырмайды! Қазақтың қамын жеп, “Ана тілі” деп шырылдап жүрген Асылы Осман апатайға да бас иемін! Өзімді туа сала баққан, әке-шешем сахнада жүргенде жөргегімді ауыстырып, тамағымды беріп баққан Вася ағамды қалай жек көрейін!?
Осы ағайындарды не біз АЛАЛАП сыйлаймыз, не өздері, не анау «Ассамблея» бірінен бірін жоғары қойып алған ба?
Алаламасақ неге бізде тек “Ұйғыр ауданы” ғана бар? Герольдтай ұл берген, жоғарыдағы “Малшы” , төмендегі “жалшы” қазақ мініп, қызығын көріп, жұртты таптап, сотталмай «рахаттанып, шырт түкіріп» жүрген “мерседес”, “ауди”, “БМВ”-лердің елі – немістің ауданы неге жоқ?
Менің Вася ағамның туыстары Павлодар, Петропавл сияқты қалалар атын өзгерпей тұрғанына қанағат қылып жүрген шығар. Ал, ҚАЗАҚТЫҢ атын әлемге танытқан Виктор Цой, Денис Теннің туыстарының не кінәсы бар? Асылы Осман апамыздың туыстарына не дейміз?
Кеңес үкіметінің қатесінің бәрін түзетіп жатырмыз, осы «Ұйғыр ауданы» деген де сол үкіметтің қатесі. Біздің үкімет ондай қатені жібермейді! Рас айтам. Ата заңымыздың 14-бабында былай жазылған:
«1. Заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең.
2. Тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ҰЛТЫНА, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкімді ешқандай кемсітуге болмайды»
Демек, өзгелерді кемсітпейік деп отырған үкімет қателесті деп қай бетіммен айтам? Ұят қой!
«Ұйғыр ауданы» деген жерге ол туысқандар кейін қоныс аударып келген, ҚАЗАҚТЫҢ жері. Оларды ол жерден кет деп отырған ешкім жоқ. Олар да қазір бірі құда, бірі нағашы, бірі жиен, бірі бажа. Ет жақын араласып кеттік. Тек әкімшілік атауы ғана дұрыс емес дейміз біз. Ол туыстар шекараның арғы жағында қалың қытайды қалтыратып Шынжаң Ұйғыр автономиялық Республикасы тұр! Қысық көздің тізесі батса «Біздің мұсылман бауырға неге тиесің?!» – деп, оларға да сес көрсетіп қоямыз. Мынау сенікі, мынау менікі дескеміз жоқ.
Бірақ, айналып кетейіндер, анау Ассамблеядағы басқа ұлт пен ұлысқа қай бетімізбен қараймыз енді? Өздеріне де ұят шығар. «Елдің экономикасына үлес қосып жатырмыз» – дей қоймас енді. Кәріс ағайын да Бақанасқа күріш егіп, олар өсірген күрішті күйсеп, ащы салатын зәкөске қылып жүрміз ғой? Неміс достың салған үйінде тұрып жатырмыз ғой. Қордай жақта дүңгендер де көкөніспен жарылқап отыр елді. Түрік еліне тегін барып-келіп жүрміз. Армениядан арзан мәшине әкелеміз ғой. Олар оны бетке басып жатқан жоқ. Тым-тырыс отыр. Тіпті мен жынды «көңіл айтпады!» – деп тисіп отырмын. Менде беттің қызылы қалмаған сірә!
Атыраудан «Шешен», Оралдан «Армиян», Маңғыстаудан «Әзірбайжан», Шымкенттен «Өзбек» ауданын ашпайтын шығармыз енді. Театрлары бар, ғалымы бар, ақыны, артисі тіпті депутаты да бар. Болар енді. Құдайдан ұят болар. Туғанда Шылғаубай болып, кейіннен Төпли болып кетсе де жаназа кезінде азан шақырып қойған атын іздейді ғой адамның. Сол даланы Қарадала деп атап қазақты қоныстандырған жаратқанды шатасты десек енді жөн болмас!
Менің осы ойым дұрыс па? Бұл қазақтың проблемасы ма? Әлде шекара жанындағы шағын ауданның ғана қазағының ішінде жатқан қыжыл ма? Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің ойланып, толғанар мәселесіне жата ма бұл? Жаңадан бас көтеріп, «Көксегенім халықтың қамы, қазақтың мұңы» – деп ұрандап жатқан саяси партиялардың аузына салуға тұра ма? Зиялы қауымнан қолдау таба ма? Менің сатиралық «былшылдарымды» былш еткізетін сайттар мен газеттер көңіл бөлетін тақырып па? Алтай мен Атырауға дейінгі бүкіл қазақты толғандырар жайт па осы? Ассамблеяның күн тәртібіне жарай ма? Тек қана ЛАЙК басып отыра береміз бе?
Не дейсіздер? Сіздер мен біздерді осындай олқылық пен қателікті түзеп қоймасақ болашақ кешіре ме?
Бас қалаға бас шұлғып, сарабдал саясаттан сая тапқан азаматтардың намысына тие қоймаған шығармын, Ассамблея 25 жылдығын барлық ұлтпен, ұлыспен терезесі тең болып отырып тойласын да.
ЕЛ БОЛАМЫН ДЕСЕҢ – ЕСІМІҢДІ ТҮЗЕ!

 

Асқар Наймантаев фейсбук парақшасынан