Дамудың сыры — бірлікте

Әлемде күнде дүрбелең туып, бір елді бір ел тұқыртып жатқанда, қарымы мықты қарпып қалып, шалымдысы шалып жығып «төске өрлеген» заманда, тыныштық дейтін сәбидің «ұйқысын бұзып алмау» тәуелсіздіктің алғашқы күнінен Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының алға қойған басты мақсаты болатын. Сол жолда кәнігі бағбанның қажырлы еңбегі мен төккен терін, тынымсыз ізденісі мен сабырлы қалпынан бір танбады. Күші мен қайратын, ақылы мен парасатын да аямады. Көп жыл баптаған мәуелі саясат өз жемісін беріп, Қазақия атты мемлекетті алыс-жақын алпауыт елдер түгел танып, бейбітшілікке құштар елге деген лебіздерін үлкен мінбелерден үнемі дәріптеп айтып келеді. Тыныштықтың көбесі сөгіліп, дүрдараздық бой көтерген жерде, қиюы қашқан берекесіздік орнап, ақыр аяғында экономиканың да «жер бауырлап» жатып алуы жазылмаған заңдылық! Мұның бәріне терең бойлап, «ызғырық желдің» қай бағыттан соғатынын күні бұрын бажайлап, жүзден астам ұлттың көңілін тапқан Президенттің алысты болжайтын көрегендігіне таңданбасқа шара жоқ! Ұйқысыз таңдар мен ой мүжіген күндердің «ізі» ұлт көшбасшысының жүзінен білініп қалғанымен, толағай табыстың жеңісі ынтымағы жарасқан жұрты мен уайым-қайғысыз ұрпағының күлкісінен байқалады. Демек, Елбасы өзі армандаған мамыражай қоғамның ауасын еркін жұтып, тәуелсіздіктің алғашқы күнінен ел бірлігін ту етіп қалықтатқан асқақ мұратының шыңына көтеріліп барады.

 

Нұрсұлтан Назарбаев: Қазақ — шаңырақ, этностар — уықтар

 

Бейбітшілік және келісім сарайында «Қазақстан-2050» Стратегиясы: бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті» атты тақырыпта Қазақстан халқы Ассамблеясының XXI сессиясы көптің көңілін күпті еткен мәселелердің біразының түйінін шешіп берді. Сессия жұмысына ҚХА мүшелері, Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, саяси партиялар, діни конфессиялар, қоғамдық ұйымдар басшылары мен дипломатиялық миссия және БАҚ өкілдері, шетелдік қонақтар қатысты.

Сессия барысында айтылған ет-жүректі елжіретер, шынайы көңілден шыққан ел Президентінің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасар ұлағатты сөздерінде қаншама ғибрат жатыр десеңізші?! Соның біріне тоқтала кетелік. «Дамудың сыры – бірлікте, табыстың сыры – тірлікте» екенін баршаңыз білесіздер. Мұратқа жолын тапқан жетеді. Еңбегіміздің жанбағы біздің ортақ үйімізді бейбітшіліктің бесігі етіп, барды бағалай білуімізге байланысты. Қазақты қасиетті қарашаңыраққа баласақ, еліміздегі барша этностар – сол шаңыраққа шаншылған уықтар. Ортақ ордамыз – Қазақстанның босағасын берік, шаңырағын биік ұстап, түтінін түзу ұшыру – елдік мақсат. Сонда ғана Қазақстан «2050 Стратегиясында» айтылған үздік 30 елдің қатарынан табылады. Біздің Отанымыз – ортақ, тілегіміз – бір, мақсатымыз – жалғыз. Ол – жері гүлденген, елі түрленген, дамуы жедел, ұрпағы кемел Мәңгілік Қазақстан! «Саусақ ашса – қылдырық, жұмса – жұдырық» екенін көкейге берік түйе отырып, ұлы мақсаттарға бірге сапар шегейік. Бірлігіміз берік, тірлігіміз серік болсын! Еліміз жарқырап, жайнай берсін!» — деп ағынан жарылуына үлкен жүрек, ұлы далаға, бабалар аманатына деген адалдық қана жетелесе керек-ті.

Осы жолы да бұған дейін сан мәрте айтылған, мемлекеттік тіл қазақ даласын мекендеген ұлттардың бірлігінің байрағы болып желбіреуі керектігін Президент жиналған көпшіліктің есіне тағы бір рет салды. Қазақстанда мемлекеттік тілдің рөлі, орыс тілінің ресми мәртебесі және барлық этностар мен олардың мәдениеттерінің тең жағдайда дамуы туралы мәселе шешімін тапқан. Биыл біздегі тілдер туралы алғашқы заңнамаға 25 жыл толады. Болашақта бүкіл азаматтардың мемлекеттік тілді білуі бізді бұрынғыдан бетер теңдестіріп, бірлікті нығайта түседі. Ата-баба салтымен қабысқан Ислам дінінің жат ағымдардың қанжығасында кетпеуіне ерекше тоқталған Президент өз сөзінде Ислам діні әу баста Жаратушыдан біздің ата-бабамызға қалай түссе, бүгінгі Қазақстанға дейін солай жетуін тарихтың өзі қамтамасыз еткенін жеткізді. Қасиетті қазақ жерінде әсіредіншілдер ешқашан болмағанын айта келе: “Қазақ халқының рухани болмысы әрдайым гуманизммен, ішкі тұтастығымен ерекшеленген. Ата-бабалардан мирас болған осынау ұлы қасиеттен айыруға бүгінгі діннің еш қақысы жоқ. Сондықтан мен барлық қазақ зиялыларын, рухани жетекшілерді, барша қазақстандықтарды ұлы ұстаздардың ұлағатын ұмытпауға шақырамын”, — деп, мемлекет басшысы аталы сөзге жүгінді. Сонымен қатар, ұрпақты жат ықпалдан қорғауға, адасқандарды оқыс қадамдардан сақтандыруға тиіс екенімізді атап өтті.

 

Украина оқиғасы әрбірімізге сабақ

 

Астарлап болса да асқына бастаған әлемдік проблемалар, ондағы ұлттық болмысқа қатысты түйткілдер Елбасы баяндамасынан көрініс тапты. Құдайы көршілеріміздің қырғи-қабақ текетіресі де бей-жай қарауға болмайтын шиіленісті оқиғалар тізбегін құрайтынын көзі ашық азаматтардың осы жолы нақты сезінгені анық.

«Жаһанда болып жатқан кейінгі оқиғалар алдымыздағы жүз жылдықтың қаншалықты қиын болатындығын көрсетіп отыр. Украинадан келген ақпараттар бізге ауыр тиюде. Ол — біздің ТМД-дағы басты әріптестеріміздің бірі. Бізді онжылдықтарға созылған экономикалық байланыстар ғана емес, ортақ тарих байланыстырып отыр. Қазақстан бір ғасыр бұрын күштеп жер аударылған және Ұлы Отан соғысы жылдарында көшірілген жүз мыңдаған украиндықтардың екінші үйіне айналды. Олар қазақ жерінде өндірістерді ашуға және тыңайған жерлерді игеруге атсалысты. Тың және тыңайған жерлерді игеруге биыл 60 жыл толады. Бүгінде қазақстандықтардың 300 мыңнан астамы украиндықтар болып табылады. Украин жері — соғыс жылдарында фашизмге қарсы күресте қазақ жауынгерлерінің табаны тиіп, қаза болған қасиетті жер. Мыңдаған қазақ жастары Украинада білім алған. Солардың бірі мен екенін сіздер білесіздер.

Біз, қазақстандықтар, украин қауымының бірлігі мен тұрақтылығының қайта орнауына тілектестік білдіреміз. Украина ішкі мәселелерін ешкімнің сырттан араласуынсыз бейбіт жолмен өздері шешулері қажет деп есептейміз», — деді Елбасы.

Осы орайда, мемлекет басшысы Қазақстан халқын Украинадағы жағдайға қарап, ой қорытуға шақырды. «Ол жерде болып жатқан оқиғалар әрбірімізге сабақ болуы тиіс! Экономикалық даму, тұрақты өмір тек бейбітшілік пен келісімнің арқасында ғана болатын құндылықтар», — деп нығарлап қойды.

Елдің ішкі саясаты, тұтастық, толе-ранттылық, бауырмалдық Елбасы баян-дамасының басты қағидатына айналды. Әсіресе қонақжай қазақ жұрты дархан пейілдің өресі, ақ дастарханның иесі болып табылатыны, сондықтан өзгелер наны мен тұзының киесін сезіне білуі керек деген ой-сүңгілерінен тамшылаған маржан тілектер «иілуге көнгісі келмейтін», «тіл үйренуге мойны жар бермейтін» бұқа-мойын жандардың санасына жарық түсірсе, ынтымақ-бірліктің күшеюіне ықпалы зор болар еді-ау десті жиналған игі жақсылар… Талайдың басынан бағы тайғанда тілегі болған, жетімдік көріп жылағанда тірегі болған қазақ даласы, елін өрге сүйреген Елбасының шешімімен 2015 жылды «Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы» деп жариялады.

 

Ассамблея

Елбасы саясатының нақты қозғаушы күші болуы тиіс

 

Көптің көңілін күпті етіп жүрген түйінді мәселеге де Елбасы осы жиында нүкте қойды. Ол — алдағы уақытта Қазақстан Беларусь және Ресеймен бірге Еуразиялық экономикалық одақ құрылатындығы. Бұл жағдайға Елбасы былайша тоқталды. «ХХІ ғасыр – интеграция ғасыры. Ұлттық мүдде тұрғысынан мұқият ойластырылған интеграцияға қарсы болу – заманауи үрдіспен дамуға қарсы болу. Ең дамыған елдердің барлығы бүгінгі биіктерге интеграция арқылы жетті. Бүкіл адамзат жаһандану жолымен дамып жатыр. Етек-жеңді қымтап, есік-терезені тарс жауып отыру дамуды тежейді, әлем көшінің соңына қалдырады. Біз дамыған елдердің шаңын жұтуға емес, көшін бастауға ұмтылған елміз. Байбаламға салып, балақтан тартпай, байыппен ойлап, байсалды әрекет етсек жарасады. Интеграция ел тәуелсіздігіне ешбір қауіп төндірмейді, керісінше, нығайта түседі. Ол нарықты кеңейтеді, алыс-беріс пен барыс-келісті арттырады, бәсекелік қабілетімізді шыңдайды».

Баяндама аяқталған соң, сессия жұмысын ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжанов жүргізіп отырды.

 

Найл Салимов, Солтүстік Қазақстан облыстық ҚХА Хатшылығының меңгерушісі:

– Мен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзін ыждағатпен тыңдадым. Президент Қазақстан халқының алдына қалыптасқан тұрақтылық пен тыныштықты сақтау үшін жеті түрлі құндылықты мызғымастай сақтау керектігін атап өтті. Соның ішінде Қазақстан халқының бірлігі мен топтасқандығы біздің ең басты байлығымыз екенін айтты. Елбасы тұрақтылық пен келісім әрбір әкімнің күнделікті жұмысының ең басты бағдары болуы керектігін де атап көрсетті. Сайып келгенде, Президенттің ең басты мақсаты еліміздегі тыныштық пен тұрақтылықты мызғымастай қылып сақтау екендігі көрініп тұрды. Ассамблея мүшелерінің бәрі де осы іске қолдарынан келген көмегін жасап, Президенттің көмекшілері болуы керек деп ойлаймын. Соны әрбір Ассамблея мүшесі түсінуге тиіс. Елбасымыздың алдымызға Қазақстанды дүниедегі ең үздік дамыған 30 елдің қатарына қосу туралы өскелең міндет қойғаны белгілі. Осы міндетті орындау үшін еліміздің ішіндегі бірлікті нығайта түсу керек.

Дос Көшім, саясаткер, “Ұлт тағдыры” қозғалысының төрағасы:

— Ассамблеяның жасап жатқан жұмысы қазақ елінің, қазақ тілінің көркеюіне қосатын үлеспен өлшенсе, жасыратыны жоқ, әлі күнге қарнымыз ашады. Ассамблеяның негізгі жұмысы тек қана біздегі халықтар достығын көрсету секілді көрінеді. Оған практикалық жұмыстың қажет екендігін Украинадағы оқиға көрсетіп беріп отыр. Бүгінгі жиында олар қазақ мемлекетінің болашағын ойлайтын болса және Украинадан кейін Ресейдің жүргізіп отырған саясатына байланысты сөз қозғаса жарасар еді… Өкінішке орай, біз көп нәрсені жасыра береміз. Осы мәселені көтерсек, дүрілдеп кете ме деген қорқыныш та жиі бой көрсетеді. Бұдан қорқатын түк те жоқ қой. Егер біз өзіміздің көршілерімізге, еліміздегі басқа ұлт өкілдеріне сенетін болсақ, неден үркеміз?

 

Нағашыбай Қабылбек