Әй, «Нұр Отан»! Съезден соң ұмытып кетпе айтысты

Айтыс – қазақтың делебесін қоздыратын ұлттық өнері. Бүгінгі талғам биігімен қарасақ, айтыс – саясатты сапырып жататын өткел бермес тентек өзен секілді. Ылғи да тулап жатады. Толқындай тулаған ақындардың аузынан адуынды ойлардың бас көтеріп, арпалысқан қыжылдардың жар соғып жататыны да содан болса керек. «Қап түбінде жатпайтын алмас кездіктей» турап түсетін орақ тілді ақынның, қай заманда да беделі зор болған. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деген ұстанымға мойынсұнған қазақ баласының, шындық-құлынды қылбұрауға салып шыңғыртып, алты қырдың астындағы бай-бағыланның ұйқысын қашырғаны бір бүгін емес. Халықтың кеудесіндегі өтінішпен талап-тілекті сурып салма ақыннан асырып айтар жан табыла қоймас сірә да? Ата-бабамыздан жеткен дәстүр бойынша, би мен болысқа да, хан мен батырға да датын айта білген ақынның, алыстан сезер қырағы көзі, табан тірер дерегі мен дәйегі, өзіндік ұстанымы болғаны бесенеден белгілі. Ал біздің тәуелсіз ақындарымыз бұл мүддеден қаншалықты шығып жүр? «Адасқан күшік секілді, ұлып жұртқа қайтқан ой» (Абай) демекші, ақындардың нысанаға атқан сөз-жебелері діттеген жерге жетіп жатыр ма?. Бұл өзі — бірдің емес, мыңның ой-толғамы.

Айтыстың тынысы тарылып барады деп «түңілгендер» мен ақындарға шындықты айтуға шектеу қойыла бастады деп «мүжілгендердің» бірсыпырасын көзіміз көрді. Алайда ақындар елді кезген қаңқу мен түрлі қауесеттердің бәрін өрелері жеткенше айта білді. Айтыпта жүр. Айта да бермек. Ия, еркіндікке елеріп, демократия деген осы деп қиқуға ілесіп қыр асып, шылбырын сүйрткен шу асау-мінезге беріліп, билік пен патшаға тіл тигізіп «батыр» атанғандарды да білеміз. Әйтсе де ақындықтың басты кредосы осы ма деген сауалға жауап іздеушілер саны күн санап өсіп барады. Алмас қылыштай жалаңдаған сөздердің елдің айызын қандырып сермелгенімен, билік басындағы дөкейлердің қалқанына соғылып, дарымай жататыны да шындық енді. Осыдан келіп, ақындарды билік қолдамайды, қолдаса көп нәрсеге қозғау түсіп, көп нәрсеге өзгерістер енер еді деп бал ашып жүргендер де бар арамызда. Тап соларға қас қылғандай 6 қазан күні Елордадағы «Конгресс-холл» сарайында «Нұр Отан» партиясының қолдауымен «Кіл жүйрікте кім жүйрік?» атты халықаралық ақындар айтысы болып өтті. Небір ығай мен сығайлардың арасынан іріктелініп алынған 8 ақынның арасындағы сөз сайысынан көңілге түйгеніміз өте көп. Орайында айтылған оралымды сөздермен, елдің көкірегенде жүрген базыналар да діттеген жерлеріне дөп тиіп жатты. Әттеген-ай, дегізіп арзан әзілге бой алдырып ауа жайылып кеткендер де кездесті. Әйткенмен де, халықтың айтысқа деген іңкәрлігі, қызу құлшынысы, анау-мынау кемшіліктерді бүркемелеп отырды.

Сонымен сегіз ақынды санамалап шығалық. Азулы айбоз ақын — Айбек Қалиев, Балта тілді Балғынбек Имашев, Айтыстың аққу құсы атанған Айнұр Тұрсынбаева, Жанпоз ақын — Жандарбек Бұлғақов, Айтыстың сұрапылы — Мұхтар Ниязов, Саңлақ ақын — Сара Тоқтамысова, Қарқыны Қара ертістің тасқынындай Қанатбек Зәйтолла (Қытайдан келген ақын), арқалы ақын Біржан Байтуов.

Балғынбек ақын айтпақшы, «Қытайдан бір ақынды алдырып ап, халықаралық айтысқа айналдырдық» демесеңіз, айтыс өз дәрежесінде жоғары деңгейде өтті. Шынын айтуымыз керек, ақындар «Нұр Отанның» «шекпенінен», шектеуінен шықпаса да, айтар ойларын, халықтық мүддемен қабыстыра отырып жеткізе білді. Жаста болса бас ақынның бірі Жандарбек Бұлғақов: «Айтысты жүргізіп тұр Нұрлан (Өнербаев) ағам, Қарсыласам боп келді Айнұр апам. Екі нұрды шығарып сахнаға, Нұр үстіне нұр құйды-ау, әй, «Нұр Отан»» деп халықты қыран топан күлкіге батырды… Бір байқағанымыз ақындарға ерекше шабыт берген бас партияның фракциясысы өкілдерінің қарапайым халықпен тізе түйістіріп отырып айтысты тамашалағаны десек қателеспесіміз анық. Осыны тиімді пайдаланған ақындарға алғыстан басқа не айтуға болды. Шақырып келтіре алмайтын ел ағаларының алдында маңдайлары жіпсіген ақындар көсіле шапты. Арқалы ақын Біржан Байтуов:- «Бұл айтыста дәл сайлау секілді ғой, Ақындардың бақытын сынатар күн. Айтыскерлер кәдімгі кандидаттар, Бір-бірін сөзбен соғып құлататын. Бас партия жасаған бұл айтыста, Намыс туын мен қалай құлатармын. Алла жазса 90 пайыз жеңіп шығам, Атынан түскеннен соң Нұр отанның» деп, елді ду күлдіріп алды. Салық жайлы сөз болған да Қызылордалық ақын Мұхтар Ниязов: «Қазагроға бастық қып жіберсе де, Ешқандай намыстанбай кіре берем. Бірақ та ол жақта да бүлік көп-ау, Жұмыстары жүрмеген, жүрелеген. Мемлекеттік бөлімде қанша ақшасы, керек жерге маңдайын тіремеген. Керісінше Даму менен қосылып ап, Бар ақшаны қалтаға кірелеген. Құрысын-ау, оларға жоламайын, Өз басыма жемқорлық тілемеп ем, Одан да Кенгурдің баласындай, Халықтың қалтасында жүре берем» деп ағытылды. Ащы мысқыл осындай-ақ болар десті жиналғандар. «Әкімнің қабағында шуақ болса, халықтың жанарында шық болмайды» деп жырлаған ақындар, «елбасының атына кір келтіріп, жүргендердің қадамы нық болмайды, ат аунаған жерінде түк қалушы ед, Әкімдердің артында түк қалмайды» деп жырға қосты. Қымызды немістердің патенттеп алғанын тілге тиек еткен кейбір ақындар «Бауыржан Байбек ағам сонда оқыған, осы кісіні жіберіп жол істейміз. Бабамыздың қымызын еншілемей, өзімізге қайтар, ей, неміс дейміз. Қайтармаса Момышұлы Бауыржандай, Амал жоқ мұрындарын тегістейміз» деп, бас партияның басшысына әзілмен «сүйкеніп» өткендері де болды. «Марченкодай орныңнан тез кетпесең, Бесобаның үйіндей құлатармын» деп шапшыған ақындарға қандай өкпе артасың! Бұл да болса билік партиясының шындықтың жүзіне тура қарай бастағанын көрсетсе керек-ті. Гептилдің залалы мен зиянын сөз ете келіп, «Қазақты аз қырып па ед орекеңдер, Протонмен қашанға қыра бермек» деп билік партиясы мүшелеріне дүйім халықтың аманатын жеткізіп жығылғандар да кездесті. Ұрпақ тәрбиесі бесіктен басталады десек, бүгінгі бала тәрбиесін бесіктің қасына қойылған теледидарда тәрбиелеп жатыр. Ондағы атыс-шабыс, зорлық-зомбылық асқынып барады тіпті. Осы бір өзекті проблеманы көтеріп ой салғандарға халықта дән риза болысты. «Экран төрімізге ен салуда. Телеарнаны тезге сап түзетпесек, Дінім менен тіліме тең шабуда. Теларнаға еліктей береміз деп, еліктей қырылмайық ең соңында» деп, ел ағаларынан көмек сұрағандай қалып танытқан ақындарға не дерсің? Ақын Айбек Қалиев «Нұр Отан» күнде қолға түсе бермес, сұрақты қоймақшымын төтесінен» деп алып, «Айтыңыздаршы, билік партиясының мүшелері, Нұр Отан халықтың партиясы, Онда неге шетелдегі қандастарымызға, Квота беру жағы тоқтап қалды» деп айтыс сүйер қауымның алдында турасынан тартты. Жеткен жетістіктер мен кеткен кемшіліктерді қос өрім ғып өрген ақындардың, «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» деп қияс тартпай, жақсылық пен жамандықтың қатар жүретінін ескеріп, «шеңберден» шықпағандары сондай жарысымды көрінді. Әйтсе де, шүберектей жер іздеген халықтың жан айқайы мен қымбатшылықтың бас көтере бастағаны да айтылып қалғаны жасырын емес.

Қытайлық ақын Қанатбек Зәйтолла бауырымыздың сөз саптауындағы сағынышы мен елге деген іңкәрлігі қандай! «Миллиярдтің ішінде жүрген бізбен, Сіздерді салыстыру оңай болмас. Отансыз, тусыз жүрген ұлттар да бар, Оларды жамандаған ешбір оңбас» дей келе, тәуелсіздікке шүкір айтайық бауырлар деген ниетінде жасырмады ол. Сара қыздың арқаланып сөйлегені көпшілікті қызықтырғанымен, ата дінімізге, пайғамбарымыздың хадистеріне деген шорқақтығы жиі-жиі байқалып тұрды. Айнұр ақын, жібектей сөзімен, астарлы қалжыңымен орап отырғанымен, кей тұстарда кібіртіктеп, қайталаушылыққа ұрынып, сөзден есе жеберіп алғанын да көзіміз көрді.

Шарболаттай Жандарбек пен қара төстей салмақты Балғынбектің шарықтау шағына да куә болдық. Айтысқа шөліркеген халықтың бесінен тапжылмай ақшамға дейін отыруы айтыстың көптің көңілінен шыққанының айқын көрінісі деуге болатындай…

Қазылар алқасының төрағасында отырғандар да осал жандар емес. Төраға, қоғам қайраткері, публицист Алдан Смайыл, ақын Серікзат Дүйсенғазин, «Асыл арна» телеарнасының директоры Мұхамеджан Тазабек, ақын Серік Ақсұңқарұлы, Қазақ мәдениет ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Мақсат Тәж-Мұрат.

Бас жүлдені (2 млн теңге) Айнұр Тұрсынбаева иеленді, бірінші орын (1500 млн теңге) Жандарбек Бұлғақовқа, екініш орын (1 млн теңге ) Балғынбек Имашовқа, Үшінші орын (7500 мың теңге) қытайлық қандасымыз Қанатбек Зәйтоллаға бұйырды. Қалған төрт ақында сый-сияпатсыз емес. Олардың әрқайсы 500 мың теңгеден еншіледі.

 

Түйін

«Нұр Отан» ХДП-ның дүниеден өткен айтыс ақындарын да ұмытпай, олардың ұрпағына құрмет көрсетуі айтыс сүйер қауымды бір серпілтіп тастады. Айтыс өнерінде алдаспандай жарқылдап, қайталанбас қолтаңбасын қалдырған шынайы талант, жыр жампозы – Оразалы Досбосыновтың ұлы Нұрсолтан Оразалыұлына көрсетілген құрметке көпшілік дуылдата қол соқты. Әр айтыс сайын тыңнан түрен салып айшықты ой, соны ұйқас, көркем образ, қазақы теңеулерімен дараланып тұратын Оразалының артында қалған жалғыз ұлы да киелі сахнада жүрекжарды өлеңін оқып берді. Бұл көрініске тебіренбеген жан жоқ. «Нұр Отан» партиясының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек сахнаға шығып айтыстан түскен 1 миллион ақшаны марқұм Оразалы ақынның ұрпағы Нұрсолтан мен қызы Нұршаға табыс етті. Осылайша бас партияның құшағына енген арда айтысымыз, атасына еркелеген баладай шат-шадыман күйде төгілте жырлады. Балғынбек ақын айтпақшы, «Әй, Нұр Отан! Съезден соң ұмытып кетпе айтысты» дегіміз келеді.

 

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК