Біз білмейтін Түркістан

Алматыда тарихы терең Түркістан қаласына арналған жаңа кітап-альбомның тұсаукесері өтті. «Алматыкітап баспасы» жарыққа шығарған тарихшы-зерттеуші Саттар Мәжитовтың «Мәңгілік және әрқашан жаңа Түркістан» / «Туркестан вечный и всегда новый» / «Turkestan eternal and ever new» атты еңбегі көне шаһардың көпшілік біле бермейтін тарихи қырларын таныстырады.

Кітап «Алматыкітап баспасы» төрағасы Элеонора Нығметқызы Баталованың бастамасымен жарық көрген. Басылымды әзірлеуге төрт жыл уақыт кеткен. Осы кезеңде Түркістан тарихына қатысты сирек фотосуреттер, архивтік құжаттар, тарихи материалдар мен бұрын көпшілік назарына іліге бермеген деректер жинақталған.

Жаңа еңбектің басты ерекшелігі — Түркістан тарихын тек белгілі оқиғалар мен қалыптасқан деректер аясында ғана емес, сирек кездесетін материалдар арқылы жаңа қырынан көрсетуінде.

Кітапта XVII–XX ғасырлардағы шетелдік және ресейлік суретші-зерттеушілердің еңбектері, Түркістанның көне көріністері, тарихи тұлғалар, сәулет ескерткіштері мен бірегей жәдігерлер туралы мәліметтер қамтылған. Архив құжаттары мен тарихи фотосуреттер, сондай-ақ бүгінгі Түркістанның көріністері бір арнаға тоғысып, қаланың өзіндік визуалды шежіресін қалыптастырған.

Басылымның көркемдік безендірілуіне де ерекше мән берілген. Кітаптың дизайнері — Сундет Маемген. Көне фотосуреттер, архив материалдары, тарихи мәтіндер мен заманауи кадрлар біртұтас композицияға біріктіріліп, оқырманға әр дәуірдің тынысын сезінуге мүмкіндік береді.

 

PrintIM

«Алматыкітап баспасы» президенті Гаухар Айтжанқызы Саймасаеваның айтуынша, кітапты әзірлеу кезінде мазмұнмен қатар, визуалды шешімге де баса назар аударылған.

«Бұл кітап төрт жыл бойы жазылды. Біз үшін оның тек тарихи мазмұны ғана емес, визуалды шешімі де маңызды болды. Сондықтан Түркістанға қатысты сирек материалдар мен атақты суретшілердің еңбектерін іздеп, жинақтадық», – деді ол.

Кітапқа енгізілген материалдарды іздеу Қазақстанмен ғана шектелмеген. Париждегі Лувр музейінде сақталған Әмір Темірге қатысты жәдігер арнайы түсіріліп, басылымға енгізілген. Ал Мәскеудегі Третьяков галереясынан Түркістанға қатысты онға жуық картинаның материалы табылған.

Гаухар Саймасаеваның айтуынша, бұл туындылардың кітапқа енуіне кездейсоқ сапар себеп болған. Ол «Шығыс еліне саяхат» атты көрмеден Түркістанға қатысты бірегей картиналарды көріп, кейін олар кітап мазмұнын толықтырған құнды материалдардың біріне айналған.

Кітап мұқабасында Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің сәулеттік бейнесін еске түсіретін тас композиция қолданылған. Бұл көркемдік шешім Түркістанның басты тарихи-рухани символымен сабақтастықты көрсетеді.

Туындының тағы бір ерекшелігі — қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көруі. Бұл Түркістанның тарихы мен мәдени мұрасын халықаралық аудиторияға таныстыруға мүмкіндік береді.

«Түркістан туралы жазуға әр азаматтың құқығы бар. Бірақ үлкен батылдық керек. Құр жазып қоймай, оны әлемге насихаттау керек. Сондықтан кітап бір емес, үш тілде жарық көріп отыр. «Кітап оқитын ұлт» деген неден басталады? Ол өзінің тарихын білетін ұлттан басталады», – дейді кітап авторы Саттар Мәжитов.

Басылымның халықаралық маңызын айғақтайтын тағы бір дерек бар. Ол биылғы көктемде Түркістанда өткен халықаралық кездесулер барысында кітаптың алты мемлекет басшысына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың атынан естелік сыйлық ретінде табысталуы.

Тұсаукесерге қоғам өкілдері, жазушылар, ғалымдар, тарихшылар, зерттеушілер және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Іс-шара барысында кітаптың мазмұны мен жасалу тарихы таныстырылып, сирек фотосуреттер мен архивтік материалдардың ерекшелігі сөз болды.

Сондай-ақ қонақтар арасында «Мәнерлеп оқу» байқауы ұйымдастырылды. Жеңімпаз болып Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінің 3-курс студенті Лағыл Намаз атанды. Үздік қатысушылар онлайн дауыс беру арқылы анықталып, оларға кітаптар сыйға тартылды.

Кеш соңында тұсаукесер лентасын «Алматыкітап баспасы» төрағасы Элеонора Баталова, баспа президенті Гаухар Саймасаева, кітап авторы Саттар Мәжитов және Ұлттық кітапхана директоры Ғазиза Құдайберген қиды.

«Мәңгілік және әрқашан жаңа Түркістан» – көне шаһардың өткенін бүгінгі көзқараспен сабақтастырып, тарихи мұраны архивтік құжаттар, сирек фотосуреттер және зерттеу материалдары арқылы жаңаша танытатын еңбек. Басылым Түркістанның көпшілікке белгілі тарихымен қатар, әлі де кеңінен таныла қоймаған қырларына назар аудартады.