БИЫЛ 6 АУЫЛҒА АУЫЗ СУ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

Шу ауданының әкімі Сәкен Арубаев ауыз су жүйесі тартылып жатқан бірқатар ауылдарды аралап, жұмыстың барысымен танысты.
Нақтырақ айтсақ, биыл аудандағы бірқатар ауылдарға ауыз су құбыры тартылуда. Олардың қатарында Жаңақоғам, Сауытбек, Көкқайнар, Еңбекші, Ақтөбе ауылдары мен Шу қаласындағы Қант зауыты мөлтек ауданы да бар.
Ең алдымен Жаңақоғам ауылында болған Сәкен Қаланұлы ауыз су құбырын тарту жұмыстарын көріп, ауыл ақсақалдарымен кездесті. Мұндағы жұмыстары жуырда ғана басталған. Сәтін салса, келесі жылы толық пайдалануға берілмек. Аталған ауылда жалпы ұзындығы 47 шақырым жерге ауыз су құбыры жүргізіледі. Ал Сауытбек ауылында бұл жұмыстардың біршамасы атқарылып қойған. Сондай-ақ аталған құрылыс жұмыстарына жергілікті ауылдың тұрғындары ақылы негізде тартылуда.
Бұдан бөлек, аудан басшысы Сауытбек пен Көкқайнар ауылдарындағы ауыз су құбырын жүргізу жұмыстарын көріп, жауапты мердігерлерге кейбір кемшіліктер бойынша ескерту жасап, жұмыстың сапалы әрі уақтылы орындалуын тапсырды.

Көркем Асқар