Біреудің ақысын жеу – күнә

Біздің бала күнімізде әке-шешелеріміз біреудің ақысын жеме, қарғыс деген жаман болады, кісінің ақысын жеген адамның оңғанын көрген жоқпыз дегенді аракідік болса да айтып қалатын еді. Бала болған соң, соған көп мән бермейді екенбіз. Ата-ананың айтқан әр сөзі ойдың бір түкпірінде қалып қояды екен. Оны қазір өзіміз де әдетке айналдырып, қайталай беретін болдық. Әдет дегенді қойсаңшы, бір кездегі ата-ананың айтқан сөзін дәлме-дәл өз балаңа қайталау дегеніңіз араға қанша уақыт салса да қалмайды екен ғой.

Қай күні бұрынғы әріптес жігітті кезіктірдім. «Бұл соңғы аялдама ма?» деген таныс дауысқа жалт қарағанмын, жанарымыз түйісіп қалды. – Ой, сен қайдан жүрсің? Тәп-тәуір жұмысқа орналасты деп естіп едім, – дедім ыңғайсызданып тұрғанын сейілткім келіп. – Сіз осы жақта тұратын ба едіңіз? – деп қапелімде не айтарын білмей қалған жігіт, сегіз ай жұмыс істегенін, алайда сол айлардың еңбекақысын ала алмағанын, ұжым басшысының әбден сергелдеңге салғанын айта келе, «бәріне қолды бір сілтеп, мына жұмыспен айналысып кеттім, мұны бір жігіттен үйреніп едім, көмегі тиді» деп, жанында сүйеулі тұрған құралға қарап қойды. «Өзім қалаған істің барлығы қалды ғой… Есік-терезе, тағы басқа орнату қажет болса хабарласарсыз» деп, асығып кетіп бара жатты. Қақаған ызғарлы қыста алды ашық жеңіл күртке киген, қолы күстеніп кеткен оның соңынан ұзақ қарап, болашағының жарқын болуын тіледім. Тағы бірде 25-тегі жап-жас жігіт атағы елге танымал бір ағамыздың қоластында екі жыл жұмыс жасағанын, еңбекақысын әне беремін, міне беремін деп жүріп, ақыр аяғы уәденің сиырқұйымшақтанып кеткенін айтып қалған-ды. Осы екі жағдай қатты ойландырды. Құрылыста, базарда, т.б. жалданып, жұмыс жасап жүргендердің жалақыларын ала алмай, оның соңы ішкілікке салынып, отбасының ойраны шыққаны еске түседі. «Мен» деген талай қазақ жігіттерінің сағы сынды. Іштегі өкініштің, уайымның еңсені тіктетпейтіні айқын. Біреудің еңбегін жеу, бағаламау – үлкен күнә. Ал зәбір көрген адамның көз жасы, наласы күндердің бір күні қия­нат жасаған адамның өзінің болмаса да ұрпақтарының алдынан шығуы әб­ден мүмкін ғой. Осы неге ойландырмайды?! Осындайда Сұлтанмахмұт Торайғыров­тың «Кесені қолыма алып қарай бердім, Ішінде нақақ көзден жас бар ма деп?» деген өлең жолдары еріксіз еске түседі. Қазіргі таңда бұл мәселе жиі бой көрсететін болып жүр. Неліктен екен? Себеп-салдарына үңіліп қарасақ, оның арғы жағында алаяқтық та қылаң бермей қоймайды. Әр адам обал мен сауапты білсе дейсің. «Адамның күні – адаммен». Күні ертең талайды алдап, ақысын бермей кеткен жанның өзі осындай жағдайға тап болмасына кім кепіл? Өмір заңы қатал. Ол бірде болмаса, бірде біреуге істеген қиянатыңды алдыңа әкелуі де бек мүмкін.

Бағдагүл Балаубаева
https://anatili.kazgazeta.kz/news/46881