Білімді мен надан

Сырт әлпет, киім киіс, үй, көлік – бұның бәрі тұлғаның ерекшелігін, яки адамның талғампаздығын көрсетпейді. Адамды тану үшін оның сөз саптасы мен өзін ұстау мәдениетіне мән беру керек.
Сауатсыз адам жасанды, дарақы екенін бірден көрсетеді. Білімді адам қарапайым, мейірімді, шыншыл, шынайы екенін сездіртеді.
Сауатсыз әйел бәрін құнсыздандырады: «Театр, кітап, саяхат, білімсіз-ақ өмір сүріп жатырмыз. Әне, Дима, Авиация колледжін бітірді, ал өзі кәсіп ашып, керемет көлік алды! Дипломы үйде жатыр. Босқа кеткен бес жыл» дейді.
Ақылды әйел үнемі еңбектенеді, таяз ойлы әйел – бос жүреді. Бірақ ол айнадан өзін бақыламайды, терезеден де далаға қарап тұрмайды. Керісінше, ылғи қолы тимейді: дүкенде сатушылармен ұрсады, туған-туысына барып ақыл-кеңесін үйіп-төгеді. Құрбыларымен кездеседі, телефонда отырады, интернеттегі бүкіл роликті жаттап алады. Сауатсыз адамды қалай тануға болады: «Адам адамға бөрі» деген ұранынан танисыз. Ондайлардың қиялы шолақ, ақылы аз, мейірімін ашу басып тұрады. Адамға ақыл ініне көбірек дән жинау үшін берілмеген. Ақыл адамға ет жақынына көмектесу үшін – аш адамды тойдыру, батып бара жатқанды құтқару, қарияға көмек қолын созу, орын беру үшін керек.
Білімді адам – кекшіл емес. Бірақ дөрекіні бірден орнына қояды. Адамның мейіріміне зияты қосылса, ол даналыққа бастайды. Жан жылуы мен елгезектік болмаса – ол жай ғана қулық боп қалмақ.
Білімді әйел – мәрт. Ол өзінің байлығын басқа дүниеден биік қоймайды. Төбеден бақылап тұрған Ғаламның көзқарасында дүниеқоңыздық аянышты тірлік. Әлемде бүкіл игілік тең бөлінген. Жер, аспан, ауа, су. Қалғаны – таяздық, менмендік.
Білімді әйел деген карьера қуған акула емес, ешкіммен санаспайтын бетпақ емес, ол ең алдымен жақсы ана, қыз, әпке-сіңілі, сыныптас, көрші. Өз үйін, ауылын, қаласын, елін, тілін, салт-дәстүрін жақсы көретін жан. Бұл құндылықтың өзегі. Осы қасиеттің бәрі біріге отырып зиялылыққа ұласады – өзінің өмірін қиындатпай пайдалы бола білуі, айналасына қуаныш сыйлау үшін қамқорлық таныту.
Ксения Асаулюк
Аударған Шынар Әбілда