Бесігіміз бос қалмасын..

«Адамның бір қызығы бала деген, баланы әлпештейді ана деген»… Бұл өлең жолдарынан халқымыздың сәби сүйіп, ұрпақ жалғастыруды өмірдегі үлкен бақытқа теңегенін аңғаруға болады. Ертеректе ілуде бір кездесетін бедеулік қазір белең алды. Бұл күнде елімізде әрбір алтыншы жас отбасы бала сүю бақытынан айырылған. Сорақысы сол, бұл көрсеткіш жыл өткен сайын артып барады.
Бүгінде Қазақстанда жаңадан отау құрған отбасылардың 15 пайызы «бедеу» деген ауыр диагнозды арқалап жүр. 4 жыл бұрын 7 мыңға жуық адам ұрпақсыз қалса, былтыр бұл көрсеткіш 8 мыңға жеткен. Яғни, жыл сайын 350 адам бедеулік пен белсіздікке тап болып отыр. Бедеулік – тек бір отбасының ғана емес, күллі қоғамның қасіреті. Қазақтың өсуін тежеп отырған проблема ұлтымыздың басты демографиялық мәселесіне айналғаны қашан?!
Мемлекет басшысы бүгінгі Жолдауында бұл тақырыпқа ерекше мән беріп, алдағы уақытта арнайы бағдарлама жасалатындығын айтты. «Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнаулы бағдарламасын іске қосуды тапсырамын. «Эко» бағдарламасымен квотаны 7 мыңға дейін, яғни, 7 есе көбейту қажет», – деді ҚР Президенті өз Жолдауында. Бедеулік пен белсіздік – үкім емес. Бастысы, оның себеп-салдарын анықтап, дер кезінде емделу. Өйткені біз «бесігіміз бос қалмасын» дейтін қазақпыз. Халқымыз балалы үйді базарға санап, дүниеге ұрпақ әкелуді, үрім-бұтағын жалғастыруды ең үлкен бақытына балаған. Ал баланың бақыты оның болашағының жарқын болуымен тікелей байланысты.
Сондай-ақ Жолдауда Қасым-Жомарт Кемелұлы жұрттың ызасын қайнатып, түрлі қоғамдық пікірлердің туындауына жол берген кесапат – педофилияның етек алуына тоқталды. Балалар қауіпсіздігі мен құқығын қорғау мәселесіне көңіл бөлу күн тәртібінен түспейтіні белгілі.
«Біз кәмелеттік жасқа толмаған балаларға қатысты жыныстық сипаттағы әрекеттері үшін қылмыстық жазаны едәуір қатаңдаттық. Алайда, бұл проблема әлі де ушығып тұр. Мұндай қылмыскерлер рақымшылық алу және мерзімінен ерте босау құқығынан айырылып, мейлінше қатаң жазалануы керек. Оларды қауіпсіздігі барынша жоғары түзеу мекемелерінде оқшаулаған жөн. Мұндай әрбір істі прокуратура органдары ерекше бақылауға алуға тиіс. Әлеуметтік және құқық қорғау органдарының әрекетсіздігі немесе салғырттығына байланысты қатаң жаза қолданылатын болады» – деді Мемлекет басшысы. Өзекті мәселелер жан-жақты көтерілген Президент Жолдауындағы тапсырмалар елдегі аналардың көңіліндегі түйткілді дөп басқанына кәміл сенемін.
Эльмира Мырза-Ғали
Тараз қалалық мәслихатының депутаты,
облыстық іскер әйелдер қауымдастығы төрайымының орынбасары