«Бес асыл» ұлттық өнер сайысы өтті

 
Бүгін өңірімізде «AMANAT» партиясының қолдауымен дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын республикалық «Бес асыл» ұлттық өнер сайысы өтті. Бұл жолы дүбірлі дода қазақтың көрнекті ақыны, сазгер, драматург Бәкір Тәжібаевтың 100 жылдығына арналды.
Өнер бәйгесінде Қостанай облысы командасын халықаралық және республикалық айтыстардың жеңімпазы, «Алтын домбыра» және «Алтын қамшы» иегері Айбек Қалиев бастап келсе, Ақтөбе облысының командасына белгілі айтыскер ақын Марат Ахметов жетекшілік етті. Екі команда ұлттық өнердің бес бағытын – айтыс, жыр, терме, дәстүрлі ән және күй жанрларын бір сахнада тоғыстырып, көрерменге мазмұнды әрі әсерлі рухани кеш сыйлады.
Аламан айтысты Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, белгілі ақын Аманжол Әлтай жүргізді. Облыс әкімі Асхат Шахаров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мерейтойға арналған құттықтауын оқып, лебізін көпшілікке жеткізді. Құттықтау хатта Бәкір Тәжібаевтың ұлттық мәдениетті дамытуға қосқан елеулі үлесі, оның шығармаларының халық жадында сақталып, бүгінгі күнге дейін кеңінен орындалып келе жатқаны атап өтілген.
Айтысқа қазылар алқасының төрағасы – Қазақстанның Халық жазушысы Жүрсін Ерман бастаған азаматтар төрелік етті. Тартысты дода қорытындысы бойынша Ақтөбе облысының командасы топ жарып, жеңіс тұғырынан көрінді. Жеңімпаз ұжымның жетекшісіне келесі кезеңге жолдаманы «AMANAT» партиясы Орталық аппараты Саяси жұмыс департаментінің директоры Еркебұлан Жаулыбаев салтанатты түрде табыстады.
Ербол Данағұлов ФБ парақшасынан алынды