Бақ адасса батпаққа қонады

Ерте дәуірлерде Бақ пен Қыдыр еншісі бөлінбеген егіздей қатар жүреді екен. Өйткені, байқамаса Бақ адам таңдамай қона салатын көрінеді.

«Бақ адасса батпаққа қонады» дегендей, бірде пұшықтың мұрнына, енді бірде таздың басына, тіпті жанаяр жалқауға да қона беріпті.

Сондықтан Қыдыр ата Бақпен бірге жүріп, ел аралап, адал еңбек етіп, маңдай терімен ақадал ас ішкен жандарды арнайы іздеп, Алла жолындағы әділеттілік үшін соларға барып қонады екен. Ондай адамды Бақ қонып, Қыдыр дарыған дейді.

Қазақтың әрбір аңызының астарында ақиқат бар. Нағашымыз Ермахан атамыздың басынан өткен мына оқиға осындай ойға жетелейді. Өткен ғасырдың орта шенінде Таластың бойынан Әулиеатаға қоныс аударған атамыз Тектұрмас әулиенің кесенесі маңынан шағын жер кепені уақытша жалдап тұрады.

Атамыз бала-шағаны бағу үшін екі қолға бір күрек іздеп қаладан жұмыс іздей бастайды. Бірақ қолайлы жұмыстың реті бірден келе қоймапты.

Еркін далада ұдайы тынымсыз тірлік істеп үйренген әрі бұла күші бойына сыймай жүрген жарықтыққа қалаға келіп қамалып, үйкүшік болып үйде жатып қалғаны жанына қатты батады.

Бір күні нағашымыз шалжиып жата бергеннен әбден шаршап, тым болмаса бойымдағы қайратым қайтпасын, төңіректегі тастарды жинастырып ермек қылайын» деп, қолына кетпенін алып Тектұрмастың қалың кірпіштей қызыл тастарын үй маңына жинауға кірісіпті.

Бұрын-соңды мұндайды көрмеген көршілері «мына кісіні жын ұрған шығар, таң атқаннан кеш батқанға дейін тас жинай бергені несі?» деп таңқалысады.

Төбе-төбе тас жинап тастап, бір күні қалаға тағы да жұмыс іздеуге кеткенде үйіне үш өзбек ағайын келіп, отағасы жоқ екенін білген соң әжеміз Ізтайға «жинаған тастарыңды сатыңдар» деп қолқа салады.

Құдайы қонаққа қорасындағы малының өзін ақысыз-пұлсыз сойып беріп, ырзашылығы Алладан дейтін қонақжай қазақ үшін ен далада есепсіз жатқан тасты сат дегендері оғаштау естіледі әрі отағасы біледі деп онша мән бере қоймайды.

Қас қарая атамыз үйге келсе әлгі кісілер әлі де күтіп жүр екен. Көре сала «қаладан там салғалы жатыр едік, мына тастарыңызды бізге сатыңыз, еңбегіңізді жемейміз» деп елпектейді.

Кешке дейін кетпей жүрген меймандарды үйіне кіргізіп, дастарханынан дәм беріп болғаннан кейін әкеміз: «тас сату ата-бабамда болмаған салт, бәрін тегін алып кетіңдер» деп кесімін бір-ақ айтады.

Әлгі кісілер алғыстарын жаудырып, тастарды ертеңінде арбаға тиеп, алып кетіп бара жатып, әжемізге «біз мұсылман адамдармыз, ешкімнің адал еңбегінің ақысын жеп, арғы дүниеде жауап бергіміз келмейді, берген ақшамызды алыңыз» деп, қоярда қоймай бір бума ақша тастап кетеді.

Нағашымыз ақыры ойда-жоқта келген ақшаны Алланың сыйы деп қабылдап, «мал баққанға бітер» деген ниетпен сол қаражатқа азын-аулақ қой-ешкі сатып алады.

Құдай тілегін қабыл етіп, оншақты уақ мал аз уақытта бірнеше жүзге жетіпті. Кейіннен ауылдың сыйлы ақсақалына айналған нағашымыз: «бейғамнан тәңірім безер» деген сөз бар еді, осы өмірімде қыбырлаған жанның қыр асатынына көзім жетіп келеді, маған мұндай дәулеттің бітуі де менің ен далада ерігіп жатпай, тас жинап жүргенім Бақ пен Қыдырдың көзіне шалынғанынан деп есептеймін дейді екен.

Еңбектеріңіз жемісті болып, баршаңызға Бақ қонып, Қыдыр дарысын!

Қуат Бораштың фейсбук парақшасынан