31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

Мың өліп мың тірілген халқым адамзат көрмеген, зұлмат зобалаңын бастан өткерді. Аштық пен саяси репрессия, ашөзек қуғын-сүргін, Алаш арыстарын қынадай қырды. Халқымыздың өсімі мен өркен жаюын тежеді, ұлттық-демократиялық интеллигенция өкілдерін басып-жаншыды. Ұлт қаймақтары өз жерінде халық жауы атанып, кінәсіз сотталды, жазықсыз атылды. Солақай саясат сойқаны, сұм заман қасіреті қазақ ұлтының қалыптасу тарихындағы қаралы таңбадай ел мен ұрпақ жадынан еш өшпек емес.

Елбасының 1997 жылғы Жарлығымен 31 мамыр күні – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні болып жарияланған болатын.
Сол құрбандардың арасында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Міржақып Дулатов, Тұрар Рысқұлов сынды қазақ халқының бетке ұстар перзенттері, интелегенция өкілдері мен алаштың арыстары құрбан болды.
Жалпы, 1930-1953 жылдар аралығында миллиондаған кеңес азаматтары репрессияға ұшырады. 1936-1938 жылдары Республика бойынша 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшырап, олардың 25 мыңы ату жазасына кесілген.
Сонымен қатар, біз бұл күні 1932-33 жылдардағы ашаршылық құрбандарын еске аламыз. Тек Қазақстанды ғана емес Ресей, Украина, Беларусь жерлерін қамтыған алапат ашаршылық миллиондаған жанның өмірін жалмады. Қазақ ұлтына жасалған геноцид екенін ашық мойындатқан жоқпыз. Саяси баға бермедік. Сол коммунистердің мұрагерлері қазақ халқынан әлем алдында кешірім сұраған жоқ.
Егер сол миллиондаған_ қазақ пен саяси қуғын-сүргінде атылған қазақтар тірі болғанда бүгінде қазақ ұлтының саны 60-70 миллионға жетер ме еді. ҚР Президенті Қ. Тоқаев Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай үндеу жасап, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін мемлекеттік комиссия құруды тапсырды. Бұл өте үлкен қадам. Қоғам тарапынан осы уақытқа дейін аталған саяси зұлматқа саяси баға беру мәселесі жылдар бойы көтеріліп келе жатқанымен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік комисся құру арқылы нақты қадам жасап отыр.
Президент үндеуіне ХХ ғасырдың 20-50 жылдарындағы саяси қуғын-сүргін зобалаңы – халқымыздың тарихындағы қасіретті кезең екенін еске сала келіп, бұл саяси зұлматтың Кеңес заманында өмір сүрген халықтарға «үлкен террордың» орасан зор қасірет әкелген атап өтіпті.Тұтас ұлттың тең жартысын, Алаш арыстарын жалмаған зұлмат жылдардың қасіреті ұмытылмақ емес! Бұл алапат кезеңдер тариxи тұрғыдан лайықты бағасын алуы керек…! Осы арыстарымызды еске алып, бағыштаған дұға тілектеріміз қабыл болсын..!
Президент “Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз” депті үндеуінде. АҚИҚАТ!
Ұлттық сананы көтеру үшін ұлт тарихын ақтаңдақтардан тазартып алуымыз керек. Президент үндеуі алғашқы қадам болды. Ал қалғаны комиссия жұмысының нәтижелілігіне байланысты.
Ашық аспан астындағы бейбіт өміріміз бен Көк Туымыздың желбірегені ел үшін тәуекелге басын тіккен ата-бабаларымыздың еңбегінің жемісі мен нәтижесі. Осы азаттықты армандап, Қазақстанның бүгінгідей ел болып қалыптасуына үлес қосқан, тәуелсіздікті аңсаған бабалар рухына тағзым ету – бүгінгі ұрпақтарының азаматтық парызы!
Саяси қуғын – сүргін құрбандарын еске алу арқылы біз тарихты өскелең ұрпаққа дәріптейміз.
Ұлтқа қызмет етіп, басын бәйгеге тіккен боздақтарды қастерлеп, олардың жүрген жолын болашаққа аманат етіп жеткізу – басты парызымыз. Тарихтан тәлім алып, жаңа заманға нық қадам басқан тәуелсіз еліміздің ертеңі жарқын, бірлігі бекем болсын!
Тарихымызға өшпес із қалдырған бұл жылдардың көрінісін өткенімізге салауат, бүгінімізге қанағат ету үшін жадымыздан шығармауға тиіспіз!
Бірлігі мен берекесі жарасқан Тәуелсіз Қазақстанның болашағы баянды, келешегі кемелді болсын!
Бүкіл әлемде бейбітшілік пен келісім салтанат құрсын!

 

Сәуле Мешітбайқызы