Баланы кемсітпе, жүрегін жаралайсың!

Оймақтай ой

Мен жастарға сенемін.

                                                                                                         М.Жұмабае

Ақтөбедегі № 55 орта мектеп соңғы қоңырау салтанатты кешіне оқушыларды алалап, іріктеп  шақырғанын  естіп,  көңіл құлазыды. Бұл қайдан шыққан тәсіл? Жақсы оқитындарды шақырып, нашар оқитындарды шетқақпай еткені несі?

Көп ішінде ала да, құла да бар. Мектеп  директоры нашар оқушы деп шетке қаққан шәкірті келешектің кемеңгері шығар, бәлкім. Олардың ойында осы бір келеңсіздік мәңгі қалып қоюы мүмкін. Ең бастысы жаны жарақат алады ғой. Әншейінде «тұлға қалыптырамыз» деп бар саналы ойымызды соған бағыштап, тыраштанатынымыз бар еді. Бұл іс пен  әрекеттің қарама-қайшы болуы неліктен?

Мектеп бітіру кешін ұлан-асыр  тойға ұластырып, елдің көңілін аударып жүргендер жетерлік. Ағаларынан, үлкендерден қалсын ба, қымбат көлікке мініп «қиқулаған» жастарды көрдік. Мұның шегі бола ма? Оған қой деп, мұндай шараларды аста-төк өткізбеу керек екенін айтатын  мектеп, білім саласы басшылары қайда? Әлі де ата-аналар ақша жинап, мұғалімдердің «аузын майлайтын» әдет қалмай отыр. Осы оқу жылында осы жаман әдетке тыйым салса, шіркін! Қуанарлық бір жайды да айта кетейін, маңғыстаулық  1 топ мектеп бітіруші өрендері  сырқат қызға бар той салтанатына жинаған қаражатын берген екен. Міне үлгі! Шапағаты мол іс екені даусыз. Екі түрлі ұғым, екі түрлі пайым.

Дегенмен уақыт өте келе жастардың ой-санасы толығып, ұлттың өсіп-өркендеуіне, рухани жаңғыруына мол үлес қосар деген үміт бар. Қазіргі кездегі кемшілік атаулыны ой таразысынан өткеріп, үлкендерден көрген құқайлары мен өз мүддесін ойлағандардың жолымен жүрмей, туған халқын қиындықтардан алып шығады деген үміт бар.

 

                                        Есқұлова Құралай