Бағдарламалардың игілігін халық көреді

Қаратау қаласындағы Балалар өнер мектебінде аудан әкімі Қанатбек Мәдібек қала тұрғындарымен кездесіп, ауданның әлеуметтік- экономикалық дамуы бойынша есеп берді. Аудан басшысы аймақта бүгінгі таңда атқарылып жатқан негізгі жұмыстарға тоқталып, моноқалаларды дамытудың бағдарламасына сәйкес алдағы уақытта іске асатын бірқатар шаруалар барысын әңгімеледі.
Алдағы 3-5 жылда моноқалаларды дамытуда негізінен бірқатар салаларға басымдық беріліп отыр.
Оның ішінде, өңірде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, кәсі­бі бар азаматтарға қолдау көрсету жұмыстары — бірінші кезекте атқарылатын іс. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асуда.
Бүгінде өңірде кәсіпкерліктің қызмет көрсету саласы, сонымен қатар, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу, жеміс- жидек пен көкөніс тасымалдау, оларды сақтай­тын қоймалар салу ісі кенжелеп тұр. Кәсіпкерлерге, міне осы істерді жүзеге асыруда қолдау көрсетілуі тиіс. Жалпы, аталмыш бағдарлама аясында кәсіпкерліктің барлық түріне басымдық беріліп отыр.
Қаратау қаласы өндірістік аймақ. Сондықтан, өндірісті өрлету күн тәртібінен түскен емес. Қала аймағындағы жұмыс жасап тұрған «Talas Investment Company», «Қаратау Про» сияқты өндіріс ошақтары биыл өндіріс қуаттылығын арттыру арқылы өнім көлемін көбейтуді қолға алды.
Бұл өндіріс орындарында тағы да қосымша жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді, -деген Қанатбек Қайшыбекұлы мұнан соң қаланың сәулеті оның ішінде, қаладағы саябақтарды күтіп ұстау, абаттандыру, қала көшелерінің, көпшілік нысандардың сани­тар­лық тазалы­ғын сақтау, көшелерді жарық­тандыру бойынша атқары­лып жатқан істер барысын баяндады.
Еркін форматта өткен есепті жиын барысында қала тұрғындары тарапынан қаланың «Городок» аталып кеткен аумағында орналасқан шағын футбол алаңын көгалдандыру мәселесі, осы аймақтағы Ш.Уәлиханов көшесін жарықтандыру сияқты мәселелер айтылды.
Аталған мәселеге қатысты Қаратау қаласының әкімі Дархан Баймбетов футбол алаңшасын көгалдандыру жұмыстары жуық арада басталатындығын, ал көшелерді жарықтандыру жұмыстары алдағы 2023 жылда толығымен жүзеге асады деп жоспарланғандығын жеткізді.
Жиын соңында аудан әкімі Қанатбек Мәдібек тұрғындарды толғандырған мәселелердің барлығы назарға алынатындығын, қаланың инфрақұрылымын дамыту, сәулетін арттыру жұмыстары қарқынды түрде жалғасатындығын айтты.