Бақытжан Мергенбаев: Тарихтың 7 томдығын шығару тоқтатылуы тиіс!

Өткен жылы газетімізде «Аманат» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, өлкетанушы, зерттеуші Бақытжан Мергенбаевтың «Тарихты бұрмалау – қылмыс» деген мақаласы шықты. Авторымыз тарихшылардың көбісінің тарихымызды бұра тартып жүргенін нақты деректермен авторымыз сынап, бұл қателікті дереу жөндеу қажет екенін ашына жазған. Тарихы шынайылықпен жазылмаған ұлттың, елдің болашағы да күңгірт болады. Бақытжан бауырымыздың шырылдап жазған мақаласына тарихшыларымыз селт етпеді. Бір-екі тарихшыға мақаланы жіберіп едік, аса қызуғышылық танытпады. Я олар қорықты, я олар оған тісі батпады. Кеңес өкіметінде пышақ қырының қалыңдығындай қазақ тарихы оқулығы болды. Сөйтіп отарлаушылар «бұл елдің тарихы болмаған» деген ұйғарым жасап, кейін ол елді (қазақты) жер бетінен жойып жіберуге қанды жоспар жасағанын тарихымыз дәлелдеді. Қазір шүкір, кешегі алапат нәубеттері: ашаршылық, қуғын-сүргін т.б. шындықтар, ақиқаттар оқулықтан, тарих төрінен орын алды.

Өткен аптада біздің тынымсыз авторымыздың бастамасымен, Қазақстан Жазушылар Одағының қолдауымен Әдебиет үйінде «Қазақ тарихына соны көзқарас, жаңа қадам» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференция деген аты дардай болғанмен, бұл шараға саусақпен санарлықтай тарихшылар, тарих тақырыбына қалам тартып жүрген әуесқой жандар ғана қатысты. Тарих тақырыбына қалам тартып жүрген мүйізі қарағайдай жазушылардың қарасы көрінбеді. Сөз жоқ, тақырып өте маңызды. Ұйымдастыруда кемшіліктер болды ма, әйтеуір, толыққанды конференция болған жоқ. Дегенмен біраз мәселе қозғалды.

Бақытжан Мергенбаев баяндама жасады. Ол нақтылы деректерге жүгінді. Осы шарада ғалым, ұстаз Сағымбаевтың ұшқары айтқан «Қазақтан бірде-бір айтарлықтай ірі тұлға шықпаған» деген пікірі де қылаң берді. Орыстілді тарихшы ғалым сірә біздің ұлылардың еңбектерін оқымағаны осы видеода айқын көрініс берді. Бақытжан: «Тарихшыларымыз не бітіріп жүр? Бейнекөріністегідей өтіріктерге, өтірікшілерге неге тосқауыл жасамаймыз?» – деп, түйінді пікірін ортаға тастады.

Бақытжанның бұл пікірлерін жоққа шығарған Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының орынбасары Шәмек Баянұлы:  «Қазақ тарихы жазылып жатыр», – деп, оның 7 томдығы шығып жатқанын сөзіне тиек етті. ҚазҰУ-дың тарих факультетінің деканы, профессор Досбол Байғұнақов Қозыбаевқа сөгіс берілгенін айтты. Конференцияда сөз болған мәселеге ләм-мим демеді. Тарих ғылымының докторы, доцент Арман Жұмаділ ғана: «Қазақ тарихында бұрмаланған дүниелер баршылық», – деп, оны жөндеудің жолдарына тоқталды. Бақытжан мен Арман айтқандай бұрмалаушылық барын біршама тарихшыларымыз, жазушыларымыз дабыл қағып айтып жатқанына шынында да көз жұма қарамауымыз керек. Мәселен жазушы Ғаббас Қабышұлы Абылайды хан қойған тойға атақты Төле, Қазыбек би, Әйтеке билердің қатыспағанын нақты деректермен дәлелдеп айтты. Ал тарихымызда бұл керісінше жазылып жүр. Сондай-ақ Жоңғар тапқыншылығы жөнінде белгілі тарихшы ғалым Самат Өтениязов нағыз шындықты жеткізді. Оған кінәлі Ресей, І Петр екен.

Мұндай андағайлаған ақиқаттар жетерлік. Сонда дейміз-ау, 7 томдыққа осы өтіріктер шығып жатса, ертең шыншыл ұрпақ алдында не деп жауап береміз? Бақытжан Мергенбаевтың билікке жазған үндеуін 10-бетте жариялап отырмыз. Бұған, қадірлі оқырман, сіздер де атсалысыңыздар.

Ертай Айғалиұлы