АЗАТ ЕЛДЕ БОЛУ КЕРЕК БІР-АҚ ТІЛ !

Әй бауырым, мұң зарыма құлақ түр,
Саған өкпе айтпақпын мен жылап бір.
Отыз жылдай Ордалы Ел болсақ та,
Ана тілге түспеді-ау деп шуақ бір.

Әй бауырым, мұң зарыма құлақ түр,
Ана тілің тұғырынан құлап тұр.
Неге олай?- деп…
Бәрімізге ұрпақ қояр сұрақ бұл.

Кеше ғана тұрып ек қой құлап бір,
Алдымызда әлі талай сынақ тұр.
Бас иетін емессің ғой шұнақ құл,
Мойныңдағы қамытыңды лақтыр.

Бұл дүние келіп кетер тұрақ бір,
Сөйлегенше неше тілден құрап кіл.
Қазақ болып туғаннан соң, қарғым.
Қазақ тілге, қазақша үнге құлақ түр.

Әй, бауырым, мұң зарыма құлақ түр,
Азат елде болу керек бір-ақ тіл.
Ұрпағымда ұлт намысы өлді деп,
Көр ішінде күңіреніп дауысы,
Бөрі жүрек бабаларың жылап тұр!

ТІЛІҢ ӨРГЕ ШЫҚПАЙ, ӨЗІҢ ТӨРГЕ ШЫҚПАЙСЫҢ, ҚАЗАҚ!

МӘҢГҮРТ болма – МӘҢГІ ҰЛТ бол!

 

Авторы: Мұқтарбек Тұрысбекұлы