Ақтөбе облысында шалғай жатқан үш ауылға газ келді

Ақтөбе облысында 14 тамыз, сенбі күні Ырғыз ауданының бірнеше ауылына газ кіргізілді. Көгілдір отын енді Шеңбертал, Құрылыс және Ақши ауылдарының 2 200-ден аса тұрғынына қолжетімді. 31 шақырымдай газ құбырын жүргізуге мемлекет 328 миллионнан астам теңге бөлген. Ырғыз ауданына жұмыс сапарымен келген облыс әкімі Оңдасын Оразалин ауыл тұрғындарын қуанышты жаңалықтарымен құттықтады. Өңір басшысы ауылдардағы бірнеше үйге кіріп-шығып, көгілдір отынның иесіне жеткеніне көз жеткізді.
«Ырғыз ауданы газдандыру жағынан проблемалық аудандардың бірі болды. Өйткені газ тек екі ауылда ғана болған. Бүгін мемлекет басшысының ауылдық аймақтарды дамыту, халықтың әл-ауқатын жақсарту жөніндегі тапсырмасына сәйкес тағы үш ауыл газдандырылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда, сонымен қатар, сумен қамту сұрақтары да шешіліп жатыр. Осының бәрі еліміздің тәуелсіздігінің арқасында. Осындай үлкен жаңалықпен құттықтаймын. Естеріңізде болсын, туған жердің әрі қарай гүлденуі өздеріңізге байланысты»,- деді О.Оразалин.
Ауыл тұрғындары көмір сатып алу үшін жылына 200 мың теңгеге дейін жұмсағандарын айтты.
«Газ бағасының арзандығымен қоса қанша тұрмыстық проблемадан арыламыз! Қуанышымызда шек жоқ. Үлкен арманымыз орындалды. Сол үшін мемлекет басшысына, облыс әкіміне алғыс айтамыз»,-деді ризашылығын білдірген Құрылыс ауылының тұрғыны Шамшат Айтпамбетова. Сондай ақ, өңір басшысы 2019 жылы осы Құрылыс ауылы халқымен кездескен кезде ауылдықтар тозып тұрған Мәдениет үйінің жәй-күйін айтқан еді. Қазірде мұнда құны 84 млн теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары басталған. Жөндеу жұмыстары екі айда аяқталады. Және ауылда ангар типтегі спорт орталығы салынады.

 

Айта кетейік, қазіргі таңда Ырғыз ауданында Құтикөл ауылын газбен қамту бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүгізіліп, тағы үш ауылға газ беру үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Биыл Ақтөбе облысында барлығы 14 елді мекенге газ кіргізілмек.
Кейін облыс әкімі Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерватына барды. Мекеме директорының міндетін атқарушы Мейірхан Дуанбеков өңір басшысын қорық жұмысымен таныстырды. Оңдасын Оразалин қорықтың өңірдің табиғи ресурстарын сақтап, қорғауда орны ерекше екенін атап өтті.
​ Жаманшың бірегей метеорит кратерін қарап шыққан облыс басшысы құзырлы органдарға бірегей геологиялық нысанға апаратын туристік бағыттарды әзірлеуді, сонымен қатар, оны қорғау және қызметті дамыту бойынша ұсыныстарды қарастыруға енгізуді тапсырды. Белгілі болғандай, Жаманшың кратері жерге метеорит құлағанның салдарынан бірнеше миллион жыл бұрын пайда болған. Кратердің тереңдігі — 700 метр, диаметрі — 5-6 шақырым. Ол республикалық маңызы бар киелі георграфиялық нысандардың тізіміне енген.
​ «Бұл бірегей орын, тіпті барлық планета бойынша да сирек кездеседі, ал біз оны толық пайдалана алмай отырмыз», — өңір басшысы «осы нысанды пайдалана отырып, ішкі және сыртқы туризмді дамыту әлеуеті жоғары», — екеніне сенімді. Осыған байланысты аудандық әкімдік пен тиісті басқарма басшыларына тапсырма жүктеді.
Ырғыз ауылында облыс басшысы аудан әкімі Әділгерей Әуелбаевтың әлеуметтік-экономикалық даму туралы есебін тыңдады. Оңдасын Оразалин барлық бағыттар бойынша жұмыстарды күшейтіп, экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын көтеру бойынша нақты тапсырмалар берді.

 

Облыс әкімі аудан ауыл шаруашылығының қазіргі жағдайна баса назар аударды, Оңдасын Оразалин жергілікті тауар өндірушілермен кездесіп, олардың өндіріп жатқан өнімдерімен танысты, шаруалардың толғандыратын мәселелерін тыңдады, мемлекеттік қолдау шараларын түсіндірді.
Малшылардың бәрі бір ауыздан мал азығына төленетін субсидияны осы жылы да жалғастыруды сұрады.
«Өткен қыс ұзаққа созылды, бірақ бізде мал өлімі болған жоқ. Өйткені сіздің қолдауыңыздың арқасында мал азығы қорын мол жинадық. Қазір тағы да жемшөп құнын төмендетуді сұраймыз және мүмкіндігінше төлемдерді тезірек жасаса», — деді шаруа қожалықтарының басшылары.
Биылғы жылы Ақтөбе облысында қуаңшылық болды. Ырғыз өңірінің жайылымдары мен шабындықтарындағы шөп былтырғыға қарағанда аз. Оңдасын Оразалин мал азығын дайындау көлемін ұлғайту үшін барлық мүмкіндіктерді пайдалану керектігін баса айтты.
«Былтыр жемшөп дайындауға субсидия төлеу үшін жергілікті бюджеттен 5,5 млрд теңге бөлінсе, биыл осы мақсатқа 6,8 млрд теңге бөлу жоспарлануда.
Төлем енгізілгеннен кейін көптеген шаруа қожалықтары малдың нақты санын тіркей бастаған соң бұл сома өсті.
Мәселен, жылқы басы124 пайызға өсті. Төлемді шама келгенше ертерек жасаймыз, тамыз айының соңында бастаймыз деп жоспарлап отырмыз.
Мемлекет қолдауы бар. Қыста мал қырылып қалмас үшін түбегейлі шараларды қабылдау керек», — деді облыс әкімі.
Бұл ретте Оңдасын Оразалин осы жазда құрғақшылықтан ең көп зардап шеккен көрші облыстарға қолдан келер көмек көрсету қажеттігін атап өтті.

 

Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылы облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне 2,6 млн тоннадан астам жемшөп дайындау міндеттелді . Бұл — бір жарым жылдық қор.
Ешкі сүтін өндіруге және сатуға маманданған «Асылжол» шаруа қожалығының басшысы жануарлардың тұқымын жақсартуға қолдау көрсетуді сұрады.
«Бүгінде бізде 400 ешкі бар. Содан ешкі сүтін, айран, құрт, сүзбе және басқа да өнімдер өндіреміз. Осы уақытқа дейін тек осы қыста ғана ешкілеріме 1 700 000 теңге субсидия алдым. Соған астық сатып алдым. Бұл үлкен көмек. Енді ешкілердің тұқымын жақсартқымыз келеді. Сол үшін тағы да мемлекеттің қолдауы қажет, қолдау көрсетуіңізді сұраймын», -деді Ақкенже Жолшарақызы.
Облыс әкімі көмек көрсетілетінін айтты. Ол сонымен қатар, шаруашылықты кеңейтуге кеңес берді, өйткені шаруалар шығаратын өнімдердің сапасы жоғары әрі Ырғыз ауданынан тыс жерлерде де сұранысқа ие болатынына сенімді.