АЗАМАТ — АҚЫЛ, ӘЙЕЛ — ЕС

Отбасындағы қарым-қатынас қандай болса дағы, ер адамның әйел затымен ең алғашқы сыйластығы анасынан басталады. Көбіне жігіттер анасына ұқсайтын қыздарға үйленеді деген сөз бар. Рас сөз. Бірақ осы сөзге бір нәрсені қосу керек. Ер адам болашақ жарынан анасының түр-әлпеті мен мінезін іздемейді. Ол анасының құшағындағы жылу мен тыныштықты аңсайды. Осыны сезінген адаммен тағдырын қосады.

Әйел туралы ерлердің көзқарасы

Жас жігіт әйелге басқаша қарауға болатынын аңғармайды да. Таңдаған қыздарынан анасының жақсарған кейіпін көргісі келеді. Бұны жақсы көріп, айтқанын екі етпей, күтіп-баптап, оған қоса құмарын қандыруға барын салатын әйел іздейді. Оның ойынша, әйел еркектің барлық арманын жүзеге асырушы. Ана мен әйел арасында көп айырмашылық бар деп ойламайды.

Мұндай жағдайды үйде қарындасы, әпкесі болса, яки анасы мен әкесінің арасында ересек, есейген қарым-қатынас орнаған болса ғана түзуге болады. Сол кезде жас жігіт басқа тәжірибе жинап, әйелдің бойынан тек аналық образды көруді доғарады екен. Бірақ мұндай бақыт әркімге бұйыра бермейді.

Әйелмен бір жақты қарым-қатынас дамығандықтан, жас жігіт басқасын аңғара алмай, білмей өседі. Жақын таныстардан мұны байқауға болады. Соңғы кездері ерінің әйелінің айтқанынан шыға алмау сияқты көрініс жиі қылаң беретін болды. Оның қас-қабағын бағуы, көңілінен шықпай қалам деген үреймен өмір сүретін еркектер баршылық. Мұндай бағыныштылық аз уақыттан соң байқалады. Қарым-қатынас орныққанда ері әйелінен тез суынады.
Өзге қарым-қатынас түрін көрмеген ер адам әйеліне аналық міндеттің бәрін жүктеп қояды. Әйелі бұған барлық жағдайды жасап отыру керек деп қабылдайды. Бұндай еркек тек қауіпсіз тыныштықта өмірін өткізгісі келіп тұрады. Төмен түсіп, әйелінің айтқанын істегенді дұрыс деп ойлайды. Әйелін бас болуға өзі жетектеп әкеледі. Барлық жауапкершілікті соның мойнына іледі. Шешімді де әйелі қабылдасын деп, өзі тайқып шығады. Тек сыртынан бағалап отыруды әдет қылады.
Сөйтіп, нені қаласа, соны алады. Әйелі бәрін билеп-төстейді. Барлық дүниені өзі тындырады. Шешімді де күйеусіз қабылдайды. Күйеуіне айтқанын істеткізеді. Әйелі де бұның барлығын түйсікпен жасайды. Өзі қалағандықтан емес. Бастапқыда бұндай реттілік көңілден шығады. Қарым-қатынастары жоғары деңгейде дамып жатқандай көрінеді. Бірақ, сәл уақыттан соң әйел өзінің жар емес, аналық рөл ойнап жатқанын байқайды. Ал, күйеуі еркіндігінен айырылып, жұбайына сезімі семіп, көңілі қалып, келешекке деген қорқынышпен өмір сүреді.

Бұдан кейін қарым-қатынас күйрейді. Әйел де, еркек те – мұның себебі неде екенін түсіне алмай дал болады. Ертегідей болып басталған махаббат қайда кеткенін біле алмай қиналады. Таңдауым дұрыс емес екен деп шешеді. Қоштасып, жаңа жұп іздейді. Бірақ, онда да осы жағдай қайталанады.

Ерлердің көпшілігі әйелдің бойынан өмір бақи анасының жылуын іздеп өтеді. Еркек ішкі дербестігін жоғалтады. Жан қиналысын бір өзі сезініп, ауыр жүгін өзгеге ілмей, өзі ғана көтеріп, өзі шешуге тиіс екендігін ұғынсын. Мұны түсінбеген ер кісі бар жауапкершілікті тағы да артып қоятын әйелді іздейді. Бірақ өзі білдей бір банкті басқарып, яки әскери шенді болуы да ықтимал, алайда, үйге келісімен әйел-ананың жылы құшағын аңсап тұрады.
Осы екі міндетті қатар атқаруға қабілеті бар әйелді көргенде шын ғашық болады. Мұндай қарым-қатынастың болашағы бар ма? Көбіне аз уақыттан соң айырылысып жатады. Немесе екеуі де бір-бірін бақытсыз етіп тынады. Тастай да алмай, бірге де бола алмай, бақытсыздықты тағдырым деп қабылдайды.

Бірде бір әйел күйеуіне ана болғысы келмейді. Бірде бір еркек өз дербестігін аналық жылуға айырбастап бақыт таппайды. Өзін өзі алдауы мүмкін. Яки, сыңарын алдап өмір сүруі. Бірақ ақиқат бәрібір менмұндалап шыға келеді. Нағыз махаббат бәрі өз орнында болғанда баянды болмақ. Өтірікті бақыт санау бүгінгінің көпшілік отбасыларына тән құбылыс.

Әйел мен еркек бұл түйткілді бетімен қоя салғанды ғана біледі. Оның шешімін іздеп, әуре сарсаңға түспейді. Тағдырдың жазуы дей салған жеңіл. Әр әйелдің бойынан аналық жылу іздеп, неге таппайтынын білмей өткен қанша еркек жүр. Есеюге дайын еместігін кемшілік деп түсінбейді де. Мұның арты неге апарып соғарын аңдамайды да. Өзін ең керекті қасиеті — еркіндігінен айырады.

Ерлер туралы әйелдің көзқарасы

Әр әйел азаматтың жанында өзін әлсіз сезінгісі келеді. Дейтұрғанмен, оны өзіне бағындырғысы да келеді.
Әйелдің ерлерге қарым-қатынасы жігіттердің әйелге қарым-қатынасына қарағанда басқаша дамиды. Әйелдер әкесінің қасиетін жігітінен көп іздей бермейді. Ол айналасындағы әйелдердің таңдауы мен пікіріне көбірек құлақ асады.

Егер анасы күйеуін сыйлап, сол арқылы бақыт-барқадар тапса, осы жүйе қызына да беріледі. Оның да келешектегі отбасылық қарым-қатынасы дәл осылай жетілмек. Қызы да анасындай дана болады. Ол ешқашан күйеуінің мойнына отырып алмайды. Мұндай қарым-қатынас бүгінгі таңда сирек жағдай. Мұны мойындау керек. Көп жағдайда басқа көрініс жиі ұшырасады. Қыздың анасы мен айналасындағы әйелдер құлиеленушілік дағдыны меңгеріп алған. Олар «Еркек әйел үшін жаратылған» деп түсінеді. Осыны жас қыздың санасына сіңіріп өсіреді.
Еркек әйелді бағып-қағуы керек деген ұстаным мықты орнықты. Кез келген еркек кез келген әйелге қамқорлық танытуы міндет деген бұлжымас қағида бар. Еркек анасына, әйеліне мәңгілік қарыздар деген ұстанымды әйелдер шектен тыс қолданады. Тіпті, басқаша болуы да мүмкін емес дейді. Әлеуметтің тегіне жазылып кетті осы ереже. Еркектер әйелдерге қарыз дегенді ару-аналар табиғи дүние деп қабылдайды.

Кез келген тәсіл қолданылады. Әйелдерге өзін әлсіз етіп көрсету ұнайды. Сонда жігерлі азаматтар олар үшін барлық мәселені шешіп береді. Әлсіз әйел мықты ер-азамат оның бар қалауын орындаса екен деп тілейді. Оның шешімін жүзеге асырса деп дәмеленеді. Ал, жауапкершілікті өзіне алса ғой деп қиялдайды.
Әйелдер ерін бар қалауын орындайтындай етіп тәрбиелейді. Сосын бір-біріне еркекті бағындыру хақында айла-тәсілдерін айтып бөліседі. Психологқа келіп, көз жасын төгеді. Бұл тақырыпта әйелдің тәкаппарлығы шектен тыс белең алады.
Әйел еркектің бүкіл болмысын билеп-төстегісі келеді. Оның ерік-жігеріне, тәніне, тілек-ниетіне, жанына иелік еткісі келеді. Оның өмірінің патшасы бір өзім болсам дейді. Мұндай тілегін тіс жарып, жариялап жатпайды. Ол көкейдегі пиғылын түбегейлі жасырып та қала алмайды. Өйткені, бүгінгінің қалыпты көрінісіне айналған. Сондықтан бұл қылықтың бейпілдігі байқалмайтын болып кеткен.

Осы дағдымен қыз баланы тәрбиелеп жатыр. Егер отбасында осынау қарым-қатынас дағдарысын бастайтын дағдыны көрсе, ол одан құтыла алмайды. Еркек ол үшін тұтынатын затқа айналады. Қоғам өзі еркекті әйелге қызмет етуге дайындап шығарады. Сондықтан қыз бала жігітіне міндет-талап қоя бастайды. Өзі жағдайға баға бере алмай тұрып, ағынмен бірге ағады. Үйленген соң әйел күйеуін өз ыңғайына қарай түзеп алуға барын салады. Әйел нені қаласа, ері оған айтқызбай-ақ орындай беретіндей етеді. Бұл тәрбие, «мені сүйсең, өзгер» деп аталады.
Тәрбие қонбаған еркек әйелге ренжиді. Шешесіне айтып, шағымданады. Түсіне алмай дал болады. Әйелінің мінезі нашар дейді. Ал, әйелі тілін алмайтын күйеуді төмен бағалайды. Өзгергісі келмегені қылмыс деп қабылданады.
Сондықтан айналамыздағы көп жұптарға қарап, әйелдің менмендігі басым екендігіне көз жеткіземіз. Еркектер есейе алмай, ана жылуын іздеумен уақыт өлтіреді. Әйел өз қалауына сай тәрбиелеуге көшеді. Әркім өзінше бақытты отбасы құрғысы келеді. Бірақ түптің түбінде тек бақытсыздық табады. Бұл өзара естен адасу неге апарып соғарын білесіз бе? Егер сіз танитындардың арасында еркек шынымен еркектің рөлін атқарып, өзінің инфантилизмін әйелінің мойнына артып қоймайтын болса, ал әйелі оның алдына түсіп сөз бастамай, аузына қарап, соңынан ілесіп отырса, онда жолыңыз болған екен, солардан үйреніңіз бақытты болуды.
Дамуға бастайтын баспалдақ
Қарым-қатынасты серіктестік деп қабылдау керек. Сонда көп нәрсені дұрыс жасауға мүмкіндік туады. Қарым-қатынас адам өміріндегі маңызды құбылыс. Оны дамытуға қарым-қабілет қажетін көп адам ойлана бермейді. Өздігінен бола беретін үдеріс деп біледі кей адам. Бірақ оның нәтижесі түк бермейтіні дәлелдеуді қажет етпейтін теорема.
Бірінші рет жолы болмаған адам содан сабақ алса болар еді. Олай болмайды. Кемпір-шал болғанша бір-бірімен алысып, бір шеңбердің бойынан шыға алмай өтетіндер қаншама?! Өзінің кемшілігін түсінудің орнына, басқа адам іздейді. Онымен құратын қарым-қатынас ешбір қиындықсыз болса деп тілейді.
Ертегі өздігінен бола салса деген надандық бар. Әйелдер бір қаһарман келіп бар қиындығын шешіп тастаса дейді. Еркектер өзінің азаматтығын бір көргеннен бағалай салатын ғажап ханшаны күтеді.
Әйелдер еркекті түсінбейді. Бірақ еркектер оларды түсінсе екен деп армандайды. Қарым-қатынас үшін осы жеткілікті деп ойлайды. Еркекке не қызық дегенге әйел заты бас қатырып жатпайды. Еркектерге тән тояттаса болды деп келте қайырады. Өз бойларында еркектер бүкіл өмірін арнауға боларлық талай ғажаптың барын сезбей өтеді.
Еркектердің де ақылы асып-тасып, өмірді бір ауыз сөзден түсініп кетер түйсігі шамалы. Олар да әйелдер сияқты түсіністік іздейді. Кез келген айла-тәсілге мойынсұнып, манипуляцияға өзін дайын етеді. Әйтеуір, құлағым тыныш болсын дейді. Жан жылуы болса екен деген тілектің жетегінде кетеді.
Шын мәнінде, әйелге иелік ететініне бас қатырмай, оның не қалайтынын білгісі келіп, оның тілегін орындауға барын салады. Кез келген әйел тілін алатын еркекті ерте ме, кеш пе — жек көріп кететінін білмейді. Әйелдің тілегін орындау еркектің жүрек қалауы ғана емес, саналы қадам болуға тиісті екенін ескермейді. Тілін алатын еркек кез келген әйелді бақытсыз етеді. Өйткені, өзін анам жақсы көрсе екен деген бала сияқты ұстайды.
Қарым-қатынас тек екеуара құмарлық пен көңіл көтеру үшін орнатылса, ештеңе өзгермейді. Ойын-сауық тек соны көздейді емес пе? Ол жерде даму болмайды. Ал, шынайы отбасылық қарым-қатынас жетілуге бағытталуы керек. Әр адам іштей дамуы, өзгеруі қажет.
Еркек әйелдің бойынан аналық мейірімді емес, әйелді, оның жан сұлулығын көруге ұмтылуы маңызды.

Егер еркек кіндіктіге еркіндік беріп, оның құқын сыйласа, ол өзі де ризашылықтан, жауапты сыйластықтан әйелдің дегенін орындап береді. Еркектер оңбаған емес, оларға тек адам сияқты қарай білу керек. Еркек әйелдің алдында ештеңеге қарыздар емес. Ал, әйел еркектен бір мысқал да әлсіз емес. Ер мен әйел әр түрлі, бірақ тең.
Әйел еркек үшін жан досы, көмекшісі, шабыт сыйлаушы бола алады. Егер осы бағытта жетілуге мүмкіндік жасалса. Бар қайғы-мұңды әйелге арқалата бермей, еркек атаулы жауапкершілікті сезінсе де жеткілікті. Еркекке тән еркіндік пен дербестігін қорғай алуы шарт.
Бірақ ер азаматтар тек ләззат алсам дейді. Міне, осы ойдан аттап кету керек. Өйткені, балалық әдеттен бас тартса, ересек қарым-қатынаста ләззат алу әлдеқайда керемет болатынын білмейді.
Ал, әйелдер өзінің тәкаппарлығын басып, ерінен тілегін орындаушы сиқыршыны, барлық жамандықтан сақтайтын қамқоршыны ғана емес, жеке тұлға екенін мойындауы керек. Ол өз өмірін осындай еркін адаммен қызықты етіп өткізуге лайықты екендігін терең түйсінгені абзал.
Әйел сәл көрегенділік танытса, өзінің еріне есеюге көмектесе алар еді. Өзі де арман еткен қарым-қатынасқа қол жеткізер ме еді? Бұл үшін күйеуімен өзін ана емес, әйел етіп ұстауы керек. Еркекті басқаруға емес, жанына серік болуға ұмтылуы шарт. Әйтпеген кезде, өмірбақи ақбоз атты ханзаданы күтіп өтуге тура келеді.

Адамның жанында әрқашан өзіне лайықты серігі болады. Егер қарым-қатынас тұйыққа тірелсе, онда өзіңе өтірік айтуды доғар. Қарым-қатынас адамның адамгершілігін өсіретін құнарлы топырақ. Өскіңіз келе ме? Әлде, шіріген жеңіл ме? Таңдау қолыңызда.

Аударған Шынар ӘБІЛДА