Өзіңді үнемде

– Алло, тыңдап тұрсыз ба? Көзіңізді ашайын деп ем…
Тамара асүйдегі дастархан басында отыр. Не істесем екен деп басы қатты. «Кешіре алмаспын. Сатқындықты кешіре салуға болмайды. Екінші жағынан осынша жыл жаман өмір сүрдім бе? Мәскеудің қақ ортасында пәтерім болды. Көңілім тоқ, көйлегім көк болды. Шағым айтарлықтай себеп жоқ. Бірақ сонда да…»
Мектепте Тамара оқу озаты болған. Ата-анасы бәрін дұрыс жасау керек деп тәрбиелеген. Ал Марк барлық сабақтан үштік алатын. Тек математикадан үздік еді. Кез келген олимпиада да бәрін жеңіп кете беретін. Ылғи ұйпа-тұйпа боп жүруші еді. Қолынан әлдене келмей жатса, шашын саусақпен салалап отыратын жаман әдеті болатын. Ондайда бүкшиіп кететін, қарасаң күлкіңді келтіретін қалың жиекті көзілдірігінен ботаник боп көрінетін. Оған қыздар қызық емес еді. Ол тек теорема мен формуланы ойлайтын. Бірде үзілісте Маркты біреу итеріп жіберіп, көзінен көзілдірігі ұшып кетіп, шағылып қалды. Сабақ үстінде дым көрмей, тақтаға шұқшия берді. Тамара сол кезде оған қырынан қарап таң қалды – тура грек қолбасшылары сияқты, шығыңқы иегі, қыр мұрыны, дүрдиген еріні, тікірейген кірпіктері сүйкімді көрініп кетті.
Иығын біреу сарт еткізгенде ес жиды:
– Көзілдірігін шешсе, сүп-сүйкімді екен өзі, – деп құрбысы Марина құлағына сыбырлады. Тамара ұялғаннан көзін тайдырып әкетті. Бірақ сәлден соң қайтып Маркқа қарап отырды. Сабақтан кейін оның қасына келіп, «көзілдіріксіз жүрген жарасады екен» деді.
– Линза тағып көрмедің бе?
Келесі күні Марк сабаққа көзілдіріксіз келді, бірақ көзін сығырайтып қиналмады. Тамара оған әке-шешесінің линза әпергенін түсінді.
– Осылай жақсы ма? – деп сұрады ол үзілісте қыздан.
– Өте жақсы, – деп жымиды Тамара.
Сол күннен бастап екеуі кездесе бастады. Жігіт теорема мен формула туралы бар ынтасымен айтатын, қыз одан ғашық көзін алмайтын. Орыс тілі мен әдебиеттен көмектесті.
Математикадан олимпиада жеңімпазы болған соң жігітке көптеген университтің есігі ашық еді. Марк үшін Тамара өз шешімін өзгертті. Өз қаласындағы филфакқа түспей, онымен бірге Мәскеуге кетті. Қасында болсам болды деді. Университеттегі оқуы аяқталар шақта ата-анасы қызына үйге қайт деп ақыл айтты. Маркпен қалатын мүмкіндіктің бәрі бітті. Ертең кетем деген күні Марк оған ұсыныс жасады. Ебедейсіз қалыпта тізерлеп, маған тұрмысқа шық деді. Қолында қораптағы жүзік тұрды. Тура кинодағыдай. Марк аспирантураға түсті. Жастарға отбасылық жатақханадан бір бөлме бұйырды, аядай асүйі мен жуынатын бөлмесі бөлек.
Тамара студент шақта орташа оқыды. Мұғалімдіктен басқа ыңғайлы жұмыс жоқ еді. Бір жарым жылдан соң қызы дүниеге келді. Содан кейін ол мектепке оралмады. Марк кандидаттық диссертациясын қорғады, өте күрделі теореманы дәлелдеп, ел жақсы білетін атақты бір сыйлықты ұтып алды. Тамара үйде отырып қызын тәрбиеледі. Марктың мақалалары халықаралық журналдарда басылып жатты. Оны Гарвардқа лекция оқуға шақырды. Физика-математика ғылымдарының докторы деген атаққа қолы жетті. Мәртебесі өсе берді. Тамара күйеуінің жетістіктеріне шын жүректен қуанды. Себебі, оның жетістігінде мұның да еңбегі бар еді. Жатақханадан Мәскеудің орталығындағы пәтерге көшті. Елдің бәрі бұларды өнегелі отбасы санады. Өз баласына үлгі қылды. Тамараның бүкіл өмірі Марк пен қызы Агатаның айналасында өрбіді. Қызы бойжетіп, ерте жастан болашағы зор суретші жігітке тұрмысқа шықты. Бірақ мұның бәрі бір сәтте күйреді. Тамара түскі асқа кірісейін деп жатқанда телефон шырылдады. Тұтқаны көңілді дауыспен көтерді.
– Сіз Марк Шумовтың әйелісіз бе? Сізге ескертейін деп хабарласып тұрмын. Күйеуіңіз көзіңізге шөп сап жүр. Тұтқаны тастамаңыз, – деп өтінді тілеулес әйел, Тамара онсыз да тұтқаны қоймас еді. – Ол менің қызымның басын айналдырып, ақыры тастап кетті, содан соң қызымды күйзелістен зорға шығардым. Қазір ол жас мұғалимамен сайран салып жүр. Екеуі конференцияларға бірге барады. Алло, сіз мені тыңдап тұрсыз ба? Көзіңізді ашқым келді…
Тұтқа біраздан бері шиқылдап тұр. Ал, Тамара оны босатар емес. Өсек-аяңға сенетін адамдардың қатарынан емес еді. Неде болса, бәрін өз көзіммен көрейін деді. Университетке келіп, Марктың аудиториясын тауып алды. Сонда күтті.
Ақыры аудиторияның есігі ашылып, ішінен лап етіп студенттер шуылдай шыға бастады. Марк Тамараны байқамастан, жанынан өтіп кетті. Ол ешқашан жан-жағына қарамайтын. Кабинетіне кіргенде Тамара бірнеше минут күтіп тұрды. Уақыт оздырып барып есікті ашқанда Марк жас әрі сұлу келіншекпен сүйісіп тұрды.
***
«Енді не істеймін?» – деп өзінен өзі сұрай берді асүйдің гүлі майда обойынан көзін алмастан. Есіктің құлпы сылдырлағанда Тамара дір етті.
«Тамақ істеп үлгермедім», – деп састы әдет боп қалған мінезбен, сосын лезде есін жиды. – Тамақтың не керегі бар? Енді басқасы жасап берсін тамақты». Қоймадан шабаданды әкелді де, заттарды жинастыра бастады.
– Бар көйлегіңді химиялық тазалауға беріп жатсың ба? – деп сұрады жатын бөлмеге кірген Марк.
Тамара оның дауысынан таңқалысты емес, келемежді таныды. Ол күйеуінің бетіне тік қарады.
– Бұл сенің заттарың. Бұл үйден сен кетесің.
– Неге? Қайда? – Ақыры ол таң қалды.
– Шынымен сұрап тұрсың ба? Бүгін университетке бардым. Сені онымен көрдім. Әдемі екен. Жұрт айтқанша күтіп жүре бермей, маған өзің айтсаң да болар еді.
– Нені айтам? Жұрт деген кім? – Марк шындап сасайын деді.
– Жақсы адамдар табылды. Сенің студенттермен, жас мұғалималармен опасыздық жасап жүргеніңді жеткізді. Еркек болсаң, мойында…
– Түсінсем бұйырмасын… – Марк бетін бұрып әкетті.
Тамара төсектің шабадан тұрған тұсына отырды. Бетін қолымен жапты да, жылай бастады.
– Тамара, – Марк жанына кеп, иығынан түртті.
Ол күйеуінің қолын жұлқып тастады.
– Мен бүкіл өмірімді саған арнадым. Сен теорема зерттесін, ел алдында абыройлы болсын деп барлық қиындықты өзім арқаладым. Ал сен… Мен ешқайда кетпейді дегенге сенімді болғансың ғой… Менің түгім жоқ… Мынаның бәрі сенікі… – Тамара қолымен бөлмені нұсқады, – Бәрі сенің ақшаңа сатып алынған. Мен тек шаруаңды жүргізе алам. Басқа қолымнан түк келмейді. Сен мені жиһаз сияқты елемейтін боп кеткенсің, – деді ол өксіп отырып.
– Менің барар жер, басар тауым жоқ. Ал сенің баратын үйің дайын. Қалай ойлайсың, сенің көңілдесің біздің пәтерді ауыстыруға мұрша бере ме? – Тамара шабаданның аузын жапты да, күйеуінің алдына итерді. – Бітті. Енді соған кете бер.
– Дәл осы жерде қателесесің. Мен ешқайда кетпеймін. Кеткің келсе, өзің кете бер.
Тамараны біреу кеудеден итеріп жібергендей болды. Күйеуіне тесіле қараған күйі демін жұтып қойды.
– Сен сонда оны осы үйге әкелмексің бе? Біздің төсекке жатқызасың ба? Құдайым-ау, сені танымай тұрмын.
Бір сәт екеуінің көзі түйісіп қалды. Сосын Тамара ауызғы бөлмеге шықты. Мұны тоқтататын шығар деп күтті. Марк үндемеді. Есін жия алмаған күйі Тамара үйден атып шықты. Аяғы дірілдеп, кіреберістергі сәкіге отырды. Соңғы сағаттарда басынан кешкен күйзеліс пен аласапыран енді сезіле бастады.
– Тамарочка, ауырып қалғаннан саумысыз? – Көршісі тоқтап қалын сұрады.
Тамара басын шайқады. Ешқашан қолынан тастамайтын сөмкесінен телефонын алып, такси шақырды. Мұнда отырып алып көршілердің мазасын алмайын деді.
– Мама? Жалғыз келдің бе? Не боп қалды? – деп сұрадыАгата, Тамара қызының үйіне келгенде.
– Мен әкеңмен кетістім. Ары қарай не істейтінімді ойластырғанша сенікінде қала тұрайын? – Тамара есіктің көзіндегі пуфикке отыра кетті.
– Кетіскенің не? Неге?
– Ол өзіне жас көңілдес тауып алыпты. Түк болмағандай жүре алмаймын. Ол атақты адам. Елдің сыртымнан өсектеп, бас шайқағанын көргім келмейді. Ертең бәрі белгілі болады ғой. – Тамара екі қолымен бетін жапты.
Агата бір стақан су әкеп берді.
– Тұра бер, әрине, бірақ… Витя ылғи үйде жұмыс істейді ғой. Бөгет жасағанды ұнатпайды. Ол өзінің анасына да ескертусіз келуге рұқсат етпейді. Ал, енді сені көрсе… Бәлкім, үйге қайтып, әкеммен татуласарсың? Әлде қонақүйде қала тұрасың ба? – деп ақырын сұрады қызы.
Тамара өз құлағына өзі сенбеді. Үлде мен бүлдеге орап, үйдің тірлігіне араластырмай өсірген ерке қызы мұны есіктің көзінен кері қайтармақ. Қонақүйге тұр дейді. Амал не, қандай ғып тәрбиелесе қызын, сондай боп өскені де…
– Сенікі жөн. Солай болғаны абзал. Бірден есіме түспепті. Қонақүйге барайын. – Тамара пуфиктен көтерілді.
– Мен қазір такси шақырып берейін. – Агата бөлмеден телефонын алып келмекке жүгірді.
Сәлден соң такси анасын тәуірлеу, қымбат емес қонақүйге апаратынын айтты.
– Рақмет, – Тамара пәтерден шықты.
Неге мұның бәрі менің басымда боп жатыр? Қызымды қай кезде жоғалтып алғам? Ашуға бой алдырмай, Марктан кетпеу керек пе еді? Сол жерде қалып, пәтерді ауыстыртқызғаны жөн еді…
Қайтып баруға тым кеш. Тамара қонақүйге кетті.
Таңертең оянғанда неге үйге қонбағанын есіне түсіре алмай біраз отырды. Есіне түсіргенде кешегі жағдай екі есе салмақпен еңсесін басып жаншыды. Бәрі болды. Түк қалмады. Елуге таяды. Ешкімге керек емес. Туған қызына да. Кешелі бері нәр сызбады. Зауқы жоқ. Қонақүйдің бөлмесінде отырып, өміріңді жоқтау өте ауыр. Тамара далаға шықты. Саябақтағы сәкіге отырды. «Ары қарай не болмақ? Қалай өмір сүрем? Қолымнан түк келмейді. Тек үйдің шаруасын тындырғаным болмаса. Ақша көпке жетпес». Әлдекімнің сәкіге тастап кеткен ескі газетіне көзі түсті. «Сізге арналған жұмыс» деп тұр екен. Біреу бірнеше хабарландырудың астын сызып қойыпты. Біреулер қажет хабарландыруды жұлып әкетіпті. Тамара оқи бастады. Бала күтуші мен үй шаруасын ықтияттайтын көмекшінің жұмыстарын ұсыныпты. Сол жерде тұруға болады екен. «Профессордың әйелі үй күтушісі болып жұмыс істейді». Мұндай ойдан Тамараның шеке тамыры тырысып қалды. Бәлкім, репетиторлықты байқап көрер? Марк ылғи шетелге баратын. Тамара одан ағылшын тілін үйренетін. Ең болмаса, соның пайдасы тиер. Жақын маңайдан газет дүңгіршегін тапты. Жаңа газет сатып алды да, қонақүйге қайтты. Ағылшын тілінің репетиторын іздеушілер көп екен. Тамара жасы мен тәжірибесі келіңкірейтін бірнеше хабарландыруды таңдап алды. Бірақ қоңырау шалып үлгермеді. Телефоны сөніп қапты. Ертең Марк жұмысқа кеткенде үйге барып, қажет заттары мен телефон қуаттағышын алып келеді. Көңіл күйі көтеріліп қалды. Қарны ашқанын сезді.
Таңертең Тамара үйге келді. Ең алдымен телефонды қуаттады. Заттарын жинады. Ұялысы шылдыр етті. Тамара бірнеше секунд белгісіз нөмірге қарап ойланып тұрды. Күйеуінің әлде қызының ұяты оянып қалды ма екен деп ойлады. Неге онда өз телефондарынан хабарласпайды? Бұл жауап бермей қояды деп қорқа ма?
– Тыңдап тұрмын, – деп жауап қатты Тамара.
– Сіз Марк Львович Шумовтың әйелісіз бе? Күйеуіңіз кардиология бөлімінде жатыр… Инфаркт… Сізге хабарласын деп еді.
Тамара неге маған деп сұрағысы келді. Марктың енді басқа әйелі бар емес пе? Ештеңе сұрамастан ауруханаға келді. Марк палатаға кірген Тамараны көріп қуанып қалды.
– Тамара, кешірші. Кешегі айтқандарым үшін қатты өкіндім. Үйге қайт. Мұндай жағдай ешқашан қайталанбайды. Уәде берем.
– Ал анауың ше…
– Ол мені тастап кетті. Тамара, жаза бастым… Сенсіз күнім күн емес…
Ол күн сайын Маркқа термосқа құйып тауық сорпасын таситын. Күйеуі сауыға бастады. Бетіндегі әжімдері жазыла бастапты. Бірде Тамара палатаға кеп, есікті аша бергенде ар жағынан Марктың көңілді дауысын естіді:
– Анечка, сенің келгенің қандай жақсы болды. Сен мені тастап кетті екен деп ем…
Тамара есіктің көзіндегі диванға жайғасты. Мұны тағы да алдағаны ғой.
– Сізде бәрі дұрыс па?
Тамара басын көтерді. Алдында егде жастағы дәрігер тұр екен. Ол мұны ординаторлық бөлмеге апарып, шай берді. Тамара оған бәрін айтып берді. Дәрігер сөзін бөлмей тыңдады.
– Өкпе мен реніш жаныңа түскен жегі құрттай, жүректі тоздырып жібереді. Одан да заңгерге жүгініңіз. Бұл мәселені қалай шешу қажетін айтып береді. Ал мен күйеуіңізге жас қыздармен қарым-қатынасқа түсудің қиындығын айтып түсіндірейін. Инфарктке жеткені тегіннен емес.
– Рақмет. Сасып қалдым. Не істерімді білмей қаппын.
Тамара үйіне қайтты. Маркқа содан кейін бармады. Екі күннен кейін дәрігер хабарласты. Жас көңілдес кәрі күйеудің қамын күйттеу керек дегеннен шошып, ақыры оны тастап кетіпті. Түн жарымында Марктың тағы да ұстамасы ұстапты.
Оның жаназасына университеттегі бүкіл ұстаздар, студенттер жиналды. Жақсы сөз көп айтылды. Қазадан кейін Тамара туған жеріне кетіп қалды.
Мәскеуде Марксыз не бітірмек?
Өмірді жаңадан бастауға ешқашан кеш емес.
Карл Лагерфельд айтыпты: «Анам маған «Өзге үшін ешқашан өзіңді құрбан етпе» дейтін. Бұл сөздің маңызын жылдар өте келе түсіндім. Өзіңді құрбан ете берсең, сенен түк қалмайды. Өзіңді үнемдесең, өз күш-қуатыңды үнемдесең, аз-аздан, бірақ көп адамға жан жылуыңды үлестіруге болады. Саған ертең мұқтаж болатындарға да бірдеңе қалдыр».
Автор рассказа: Галина Захарова
Аударған Шынар Әбілда