Ауылдағы ағайын ауласынан табыс табуда

Өткен жылы Жамбыл облысында үй маңындағы аулаларды тиімді пайдалану және шағын бизнесті дамыту арқылы ауыл тұрғындарының табысын арттыру пилоттық жобасы іске қосылған. Бүгінде бұл жобаға аймақтағы 10 ауданның 8 мың тұрғыны қамтылған,-деп хабарлайды «Elana.kz» сайты.

— Жобаның тиімділігін оған қатысушылардың орташа табысының 2,5 есеге, яғни 42 мыңнан 104 мың теңгеге дейін өскенінен аңғаруға болады. Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 490 адамға (1539-дан 1049 адамға), ал өзін-өзі жұмыспен қамтығандар 640 адамға (1846-дан 1206-ға) азайды. 2238 өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз азамат жеке кәсіпкер ретінде тіркелген, – дейді Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.

Жоба аясында мемлекет ауыл тұрғындарының сүт және сүт өнімдерін, ет және ет өнімдерін өндіру мен көкөніс және бақша дақылдарын өсіру сынды бірқатар кәсіп түрлеріне субсидия береді.

Сондай-ақ, ауыл тұрғындарына түрлі шеберханалар мен қызмет көрсету нысандарын ашуға гранттар бөлінеді. Несие алатын кезде қоятын кепілінің болмауы Ауылдағы бизнесті дамытуға несие алу кезінде қоятын кепілдің болмауы кедергі болып келсе, бұл проблеманы болдырмау үшін мемлекет эксперимент ретінде қаржыландыруды өз мойнына алды. Осы жобаның бес бағыты бойынша қазірдің өзінде 8,5 миллиард теңге қаржы игерілді.

Сондай-ақ көптеген ауылдық округте наубайхана және кондитерлік цехтар ашылды немесе ашуды жоспарлап отыр. Ауыл тұрғындары аудан орталықтарынан жеткізіп жүрген нанды енді өз ауылынан-ақ ыстық күйінде сатып ала алады. Сондай-ақ сүт өнімдерін шығаратын цехтар іске қосылып, жылыжайлар да салынуда.

Спикер атап өткендей, пилоттық жобаға қатысушылар 7,1 мың тонна көкөніс және бақша дақылдарын, 21 мың тонна дәнді және мал азықтық дақылдарын, 7,6 мың тонна ет және сүт өнімдерін өндірді.

Ауылдарда 600 жаңа жұмыс орны құрылды, ал жұмыссыздар саны екі есеге дейін, яғни 1129 адамнан 589 адамға азайды. «АгромашХолдинг KZ» қазақстандық өндірушісімен бірге ескі ауыл шаруашылық техникаларын фермерлерге тиімді шарттармен жаңарту және қалпына келтіру мақсатында Trade-in жобасы жүзеге аса бастады. Жыл соңына дейін 100 техниканы жаңарту жоспарланған.

Өндірілген азық-түлік өнімдерін сатуға келетін болсақ, мұнда Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылған «Алқаптан сөреге дейін» жобасының мүмкіндіктері мол. Оның жүзеге асырылуына 1 миллиард теңге бағытталған.

Бүгінгі күні Жамбыл облысында азық-түлік тауарларын тұрақтандыру және сатып алуды қамтамасыз ету мақсатында төрт ірі сауда желісі анықталды. Онда екі сүт фабрикасы, құс фабрикасы, жеті шаруа қожалығы мен кооперативтердің ауылшаруашылық өнімдері делдалсыз жеткізіледі. Осы сауда желілері арқылы бүгінгі күнге дейін 5 мың тонна өнім және 4,3 миллион жұмыртқа сатылды.

Нәтижесінде ауылшаруашылық кәсіпорындарының жүктемесі 20-25 пайызға өсті, азық-түлік тауарларының бағасы орта есеппен 10-20 пайызға төмендеді.

 

Бекнұр Сатыбалды