Ауғанстанға көмек – Қазақстан дипломатиясының бір саласы
Соңғы жылдары Қазақстан тарапы Ауғанстанға гуманитарлық көмектерді молайтумен қоса, өзге де көмек түрлерін жиілете бастады. Бұл Қазақстанның гуманитарлық дипломатиясының бір саласы ретінде таныла бастағандай. Біз төменде осы төңіректе азырақ ой өрбітуді жөн көрдік.
Ауғанстанмен қарым-қатынас мәселесінде анық білуге тиісті бірнеше түйін бар. Оның алғашқысы- біздің ел Талибанды ресми билік жүйесі ретінде әлі мойындаған жоқ. Дегенмен соңғы жылдары болып жатқан ашаршылық қаупі мен Ауғанстанға сырттан баратын гуманитарлық көмектердің азаюына байланысты Қазақстан тарапы қолынан келгенінше көмектесуге тырысып жатыр. Осындай жағдайда Қазақстанның Ауғанстанға гуманитарлық көмек көрсетуі жай ғана қайырымдылық акциясы емес. Оның астарында Орталық Азиядағы қауіпсіздік, көрші елдегі тұрақтылық, сауда-экономикалық байланыстар және аймақтық интеграция мәселелері жатыр.
Қазақстанның Ауғанстандағы Талибан билігімен қарым-қатынасын бағалағанда бір басын ашып алатын маңызыд жайттарды айта кеткен жөн. Қазақстан Талибан қозғалысын 2005 жылдан бері өзінің террористік ұйымдар тізіміне енгізіп келген болатын. Алайда 2023 жылдың желтоқсанында Астана Талибанды бұл тізімнен алып тастады. Сол кезде, Қазақстан Сыртқы істер министрлігі бұл шешімді БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің практикасына сәйкестендірумен түсіндіргені есімізде.
Бұл шешім Талибан үкіметін автоматты түрде дипломатиялық тұрғыда мойындау дегенді білдірмесе керек. Сондай-ақ, Қазақстанның кейінгі қадамдары «Талибанмен жұмыс істеу» мен «Талибанды ресми түрде мойындау» арасындағы айырмашылықты айқын көрсетті. 2024 жылы Астана Талибан тағайындаған Мұхаммад Рахман Рахманиді Ауғанстанның дипломатиялық миссиясының уақытша сенімді өкілі ретінде қабылдады. Бірақ бұл да Талибан үкіметін толық дипломатиялық мойындау ретінде қарастырылған жоқ.
2026 жылдың ақпанында Қазақстанның Ауғанстан жөніндегі саясатына қатысты өткен талқылауда да Қазақстанның Талибан билігін ресми мойындамағаны нақты айтылды. Соған қарамастан қазақ елі Ауғанстанмен сауда, экономика және гуманитарлық салаларда қарым-қатынасын сақтап отыр. Осы тұста көрші Ресейдің 2025 жылы шілдеде Талибан үкіметін ресми түрде алғаш болып мойындағандығын айта кеткен жөн.
«Демек, Қазақстанның ұстанымын «Талибанды мойындау» емес, «Талибан басқарып отырған Ауғанстанмен прагматикалық қарым-қатынасты дамыту» деп сипаттау дұрысырақ»,- дейді саясаттанушылар.
Қазақстанның Ауғанстанға гуманитарлық қолдауы соңғы жылдары молая бастады. Мәселен, 2021 жылы Қазақстан Ауғанстанға мыңдаған тонна ұн жөнелтіп, азық-түлік көмегін көрсетті. Кейінгі жылдары азық-түлікпен қатар медициналық және төтенше жағдайларға қажетті заттар жіберіле бастады. 2025 жылғы сәуірде Қазақстан Ауғанстанға бидай ұны, өсімдік майы, күріш, көрпе, шатыр және басқа да қажетті заттар жөнелтті. Ал, 2026 жылғы маусымда Қазақстан тағы да Ауғанстанға гуманитарлық жүк жеткізді. Бұл жолы азық-түлік пен медициналық бұйымдарға басымдық берілді. Қазақстанның KazAID жүйесі жариялаған мәлімет бойынша, жүктің құрамында 300 тонна қант, 100 шатыр, қажетті тұрмыстық заттар және 1,867 тонна дәрі-дәрмек пен медициналық бұйым болған. Сонымен бірге Қазақстандық дәрігерлерден құралған 10 маман Ауғанстанда медициналық көмек көрсетіп, жергілікті дәрігерлерге шеберлік сабақтарын өткізді. Бұл айтылғандар гуманитарлық дипломатияның классикалық мысалы болмақ.
Қазақстанның Ауғанстанға көмектесуінің жалпы есебі түсінікті болса керек. баршаны ойландыратын терроризм мен экстремизм қаупі, есірткі тасымалы, заңсыз көші-қон, су ресурстары мәселесі, Орталық Азияны Оңтүстік Азиямен байланыстыратын жаңа көлік және сауда дәліздері секілді негізгі себептер, Астана мен Кабул арасындағы дипломатиялық қатынастардың түпкі мақсаты екені анық.
Бұл тұрғыдан Қазақстан жалғыз емес. Қазіргі күнде Орталық Азияның өзге елдері де осы қатарға қосыла бастады.
Түркіменстан көршілес ел ретінде 2021 жылдан бері бірнеше рет гуманитарлық көмектер пакетін жөнелтті. Қырғызстан да соңғы жылдары бірнеше мәрте гуманитарлық көмек көрсетті. 2024 жылы Ауғанстанға 120 тонна гуманитарлық жүк жеткізілсе, 2025 жылы тағы 130 тонна азық-түлік, балалар киімі және күнделікті қажетті заттар жөнелтілді.
Тәжікстанның көмегі де ауқымды. «Reddit»-тің мәліметінше 2023 жылы жер сілкінісінен зардап шеккен Ауғанстанға шамамен 3 250 тонна гуманитарлық жүк жіберілген. Алайда Тәжікстанның Ауғанстанмен саяси қарым-қатынасы Қазақстан мен Өзбекстанға қарағанда әлдеқайда сақ. Бұған екі ел арасындағы қауіпсіздік мәселелері, шекара маңындағы ахуал және Талибан билігінің тәжік оппозициялық топтарына қатысты ұстанымы әсер етеді. Ал Орталық Азия мемлекеттерінің ішінде Ауғанстанмен экономикалық байланысы ең жоғары деңгейге шыққан ел — Өзбекстан. Оның себептері де түсінікті. Өзбекстанның Ауғанстанмен ортақ шекарасы бар. Термез арқылы өтетін жолдар мен теміржол желісі Ауғанстанның солтүстігін Орталық Азиямен байланыстырады. Бұған қоса Өзбекстан Ауғанстанға электр энергиясын жеткізетін негізгі елдердің бірі. 2024 жылы Өзбекстан мен Ауғанстан арасындағы сауда көлемі шамамен 1,1 миллиард долларға жетті. Термездегі халықаралық логистикалық орталық осы саясаттың маңызды бөлігіне айналды. 2025 жылы Термездегі хаб БҰҰ БЖКБ-ның халықаралық қойма жүйесіне қосылды. «Оның мақсаты — Ауғанстанға гуманитарлық жүктерді жылдам жеткізу»,- деп мәлімдеді Тәшкент.
Қазақстан да Ауғанстан үшін маңызды сауда серіктесіне айналып келеді. 2024 жылы Астана мен Кабул сауда көлемін алдағы жылдары 3 миллиард долларға дейін жеткізу жөнінде жол картасын бекіткен болатын.
Бұл мәсмелеге назар аударып отырған сарапшылар, «Қазақстанның Ауғанстанға көмек көрсету саясатының ең қызық тұсы- гуманитарлық және экономикалық бағыттардың бір-бірінен бөлек қаралмауы. Бір жағынан, Қазақстан Ауғанстан халқына азық-түлік, дәрі-дәрмек және медициналық көмек береді. Екінші жағынан, Астана Ауғанстанмен сауда көлемін арттыруға, көлік дәліздерін дамытуға және Оңтүстік Азия нарықтарына шығуға мүдделі. Бұл жерде гуманитарлық саясат пен экономикалық дипломатия бір-бірін толықтырады. Өйткені тұрақсыз Ауғанстанмен ірі сауда жасау мүмкін емес. Ал экономикалық байланыстардың болуы елдің заңды экономикасын күшейтіп, халықтың табыс табуына мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан Қазақстанның саясатын «ақша беріп қана қою» емес, Ауғанстанды аймақтық экономикалық жүйеге біртіндеп енгізу арқылы тұрақтандыруға үлес қосу әрекеті деп бағалауға болады»,- деп баға беріп отыр.
PS: «Қазақстанның Ауғанстанға көрсетіп отырған көмегін елдің сыртқы саясатындағы «жұмсақ күш» құралдарының бірі ретінде де қарастыруға болады»,- дейді саясаттанушы Қ.Қаһарұлы. Астана бұл жерде Ауғанстан халқын саяси жағдайына қарамастан қолдау көрсетіп, Кабулдағы нақты билікпен диалог жүргізіп отыр. Мұнда Талибанды ресми мойындамай-ақ практикалық мәселелер бойынша жұмыс істеп отырғандығын ерекше айта кету керек. Гуманитарлық көмекті экономикалық және көлік-логистикалық байланыстармен ұштастыру, Ауғанстанды Орталық Азияның қауіпсіздік кеңістігінің ажырамас бөлігі ретінде қарастыру да оларды оқшаулап тасатмай, ішке тарта білудің бір талпынсы болып отыр. Бұл саясат Қазақстанның халықаралық бастамаларының жалпы логикасына да сәйкес келеді: қақтығыстың салдарымен ғана күреспей, оның алдын алуға, диалогты сақтауға және аймақтық тұрақтылықты нығайтуға ұмтылу болып отыр.
Ерқазы Сейтқали

