Ауданның өнеркәсіптік әлеуеті артып келеді

Сарысу ауданында өнеркәсіп пен өндіріс саласын дамытуға бағытталған ауқымды жұмыстардың легі тоқтаусыз жүйелі түрде жалғасып келеді. Ал аталған үдерістің жарқын көрінісі ретінде аудан экономикасына серпін беретін ірі бастама – «Қазақсода» ЖШС-нің өндірістік нысандарын дамыту жобасы жүзеге асырылуда. Осы маңызды өндіріс орнында атқарылып жатқан жұмыстардың жай-күйімен тікелей танысу мақсатында Сарысу ауданының әкімі Сәкен Мамытов кәсіпорынға арнайы жұмыс сапарымен барып, құрылыс алаңының барысын көріп қайтты. Сапар барысында аудан басшысына нысандағы жұмыстардың жүру барысын компанияның өндіру жөніндегі директоры Юсуф Джейлан жан-жақты таныстырып, құрылыс кезеңдері, атқарылған істер мен алдағы жоспарлар туралы толық мәлімет берді. Кәсіпорын аумағын тікелей аралап шыққан аудан әкімі өндірістік инфрақұрылымды дамыту, құрылыс кезеңдерінің белгіленген мерзімдерге сай орындалуы, нысандардың сапасы мен қауіпсіздік талаптарының қатаң сақталуына баса назар аударып, бұл бағыттағы жұмыстардың маңыздылығын атап өтті. Өнеркәсіп саласы өңір экономикасының басты қозғаушы күші екенін ескерсек, жаңа өндіріс орындары мен қуатты кәсіпорындардың іске қосылуы жергілікті экономиканың нығаюына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына және кәсіпкерлік ортаның кеңеюіне тікелей ықпал етеді. Сондықтан «Қазақсода» жобасының кезең-кезеңімен сапалы жүзеге асуы Сарысу ауданына инвестиция тарту мүмкіндігін арттырып қана қоймай, өңірдің экономикалық белсенділігін күшейте түспек. Жергілікті атқарушы органдардың тұрақты бақылауындағы бұл маңызды жобаны іске асыру барысында туындайтын кез келген мәселелерді заңнама аясында бірлесе шешудің маңызы жоғары екені айтылып, әрбір жаңа өндірістік қуаттың елді мекендердің әлеуметтік дамуына оң әсер ететіні жеткізілді. Қысқасы, өндіріс дамыған аймақта жаңа мүмкіндіктердің де көбейетіні анық, ал Сарысу ауданында қарқын алған осындай ірі өндірістік жобалар өңірдің келешек даму көкжиегін кеңейтіп, экономикалық әлеуетін сапалы жаңа деңгейге көтеруге негіз қалай бермек.