Ақтоғайлық инженер бау-бақшадан мол өнім алып, ауылдағы егіншілік мәдениетін жаңғыртуда

Сарысу топырағының қасиетін жақсы білетін, туған жердің әр сүйем жерін қадір тұтатын еңбек адамдары ел ішінде аз емес, ал соның жарқын бір көрінісі – Ақтоғай ауылының тұрғыны Қайрат Шархиябекұлы Қаспақов өз үйінің іргесіндегі бір гектарға жуық жерді тиімді пайдаланып, көкөніс өсірумен айналысып келеді. Негізгі мамандығы инженер болып табылатын, ұзақ жылдар колледжде сабақ беріп, кейін өндіріс саласында еңбек еткен азамат қазір комбинатта УСИП-тің бірінші учаскесіне басшылық жасайды. Күндіз өндірісте жүрсе, бос уақытында жер баптап, көкөніс өсіруді жүрек қалауынан туған сүйікті ісіне айналдырған.

– Бұл – бір жағынан хоббиім, екінші жағынан кәсібім. Егін егуге бала кезден қызығушылығым бар. Ақтоғайда туып-өстім. Туған жердің топырағын игеріп, одан өнім алғанды жақсы көремін, – дейді кейіпкеріміз өз ісіне деген сүйіспеншілігін жеткізіп.

Өзіне тиесілі бір гектарға жуық жердің шамамен 25 соттығын көкөніс өсіруге арнайтын шаруа егіннің берекесі жерді дұрыс дайындаудан басталатынын жақсы түсінеді. Сондықтан бұл жұмысты ол қыста-ақ жоспарлап, алқапқа қорда төгіп, жерді тегістейді, ал көктем келгенде тазалап, аударып, егіске сақадай етіп дайындайды. Арнайы жасалған қауашақтарды пайдалану арқылы ерте көктемнен бастап тұқым себуге кірісетін ол жыл сайын түрлі көкөніс түрін егіп, қай дақылдың жергілікті табиғатқа бейім екенін тәжірибе арқылы анықтап келеді. Биыл әсіресе қиярдың түсімі мол болып, көңілін қуантқан.

– Биыл қияр жақсы шықты. Күн сайын шамамен 50 келі өнім алып отырдық. Еңбегіңнің нәтижесін көргенде ерекше қуаныш сезінесің. Өнімді өзіміз пайдаланамыз, артығын жәрмеңкеге шығарамыз, – дейді диқан қуанышын жасырмай.

Ақтоғайлық диқандардың өнімінің өзіндік ерекшелігі де бар, атап айтқанда ауыл маңындағы Талдыбұлақ өзенінің суын пайдаланып өсірілген көкөністердің дәмі тіл үйіреді. Табиғи су мен жердің құнарлылығы өнімнің сапасына тікелей әсер ететінін айтқан отағасы:
– Ақтоғайда Талдыбұлақ деген өзен бар. Көкөністерді сол бұлақтың суымен суарамыз. Мүмкін, содан болар, өнімдеріміз тәтті әрі дәмді шығады. Жәрмеңкеге апарғанда халық таласып алып жатады, – деп ағынан жарылады.

Дегенмен, жердің тілін түсініп, табиғаттың ерекшелігін ескеріп жұмыс істеу оңай шаруа емес екені белгілі. Биыл ауа райының қолайсыздығы да шаруаларға біраз салмақ салып, аптап ыстық пен жаңбыр қатар келіп, кейбір дақылдардың өнімділігіне кері әсерін тигізген. Қайрат Қаспақов қызанақ өсіруде де мол тәжірибе жинақтап келе жатқанын атап өтті. Бір кездері арнайы қытайлық технологиялық жабдық алып, қызанақтың мол өнімін алған кезеңдері де болған. Кей жылдары 150 келіге дейін өнім жиналса, биыл ауа райының қолайсыздығынан түсім 30-40 келі шамасында ғана болған.

– Егіннің де өз мінезі бар. Бір жылы жақсы өнім берсе, келесі жылы табиғат жағдайына байланысты төмендеуі мүмкін. Биыл жаңбыр da, ыстық та болды. Кейбір дақылдар мұндай ауа райына шыдай алмады. Сондықтан егіншілік үнемі ізденісті, тәжірибені қажет етеді, – деп түйіндеді кейіпкеріміз.

Бүгінде мемлекеттен субсидия немесе грант алуды әзірге мақсат етпеген еңбек адамының алға қойған үлкен арманы бар. Болашақта ауылға газ келіп, жылыжай салуға мүмкіндік туса, осы кәсібін одан әрі тереңдетіп дамытқысы келеді.
– Арманым – ауылға газ келсе, бір жылыжай ұстап, оны әрі қарай дамытсам деймін. Жазда ғана емес, жыл он екі ай өнім алуға мүмкіндік болса жақсы болар еді. Халыққа таза, сапалы көкөніс ұсынғым келеді, – дейді ол болашақ жоспарымен бөлісіп.

Қайраттың айтуынша, ауыл шаруашылығында ең бастысы – ниет пен қажырлы еңбек. Егер адам жерге дұрыс күтім жасап, уақытында суарып, баптай білсе, жер де өз несібесін молынан береді. Ақтоғайдың егіншілік мәдениетінде мұндай тәжірибелі жандардың орны ерекше екені анық. Айта кетсек, Сарысу өңіріне елеулі еңбек сіңірген Жарас деген бабасы да кезінде елге бау-бақша, егін егудің қыр-сырын үйреткен екен. Міне, сол ата өнегесі бүгінгі ұрпаққа жалғасып отыр. Бүгінде Қайраттың ауласындағы бау-бақша – өз алдына бір үлкен еңбек мектебі. Мұнда жерді дайындау, тұқым себу, суару, күтіп-баптау, өнім жинау секілді жұмыстардың барлығы жүйелі атқарылып, ол өз еңбегінің жемісін көріп қана қоймай, ауылдағы ағайынға да шынайы үлгі болып отыр. «Жер – ырыстың кіндігі» демекші, туған жердің топырағын түлетіп, маңдай тері мен уақытын арнаған ақтоғайлық азаматтың бұл тірлігі шағын еңбектің үлкен жетістікке айналатынын айқын дәлелдейді.