Ауданның аграрлық секторын дамыту бағытындағы кездесу өткізілді
Ауданның аграрлық секторында еңбек етіп жүрген шаруалармен кең ауқымды кездесу өтті. Жиынға аудан әкімі Ернар Есіркепов қатысып, саладағы өзекті мәселелер мен алдағы жоспарларды талқылауға ерекше назар аударды. Басқосудың басты мақсаты – ауыл шаруашылығының қазіргі жағдайын саралап, тиімді шешімдер қабылдау және шаруаларға қолдау көрсету тетіктерін нығайту болды.
Қазіргі таңда ауданда 1476 шаруашылық тіркелген. Соның ішінде 500-ге жуығы таза егін шаруашылығымен айналысса, қалғандары егін және мал шаруашылығын қатар дамытып отыр. Ауданның жалпы жер қоры 908 691 гектарды құрайды, оның 761 605 гектары ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер ретінде пайдаланылуы тиіс.
Кездесу барысында жерді тиімді әрі мақсатты пайдалану, игерілмей жатқан телімдерді мемлекет меншігіне қайтару, су үнемдеу технологияларын енгізу, зиянкестермен жүйелі күрес жүргізу және аудан аумағында жүзеге асырылатын инвестициялық жобалардың әлеуетін арттыру мәселелері жан-жақты талқыланды. Шаруалар тарапынан ұсыныстар айтылып, олардың шешімі бойынша жауапты мамандарға нақты міндеттер жүктелді.
Қазіргі уақытта ауданда жалпы құны 42 млрд теңгені құрайтын 14 ірі инвестициялық жоба іске асырылуда. Оның ішінде 7 жоба тікелей ауыл шаруашылығы саласына бағытталғаны айқын көрсеткіш болып табылады. Бұл бастамалар ауданның экономикалық дамуына және аграрлық сектордың тұрақты өсіміне серпін бермек.
Ауыл шаруашылығы – ауданның негізгі тірегі. Сондықтан әрбір шаруаның еңбегі, әрбір гектардың өнімділігі және әрбір жобаның жүзеге асуы біз үшін аса маңызды. Кездесуде айтылған мәселелер мен ұсыныстар алдағы жұмыста басты назарда болып, аграрлық саланы дамытуға бағытталған жүйелі шаралар жалғасын табатын болады.


