Ауданда 1460 тұрғын жұмыспен қамтылды

«Сарысу ауданы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ директорының орынбасары Ильяс Домалақов аудандағы жұмыспен қамту мәселесінің 6 айдағы көрсеткіші бойынша ақпарат берді.

✅ Ильяс Әлімбайұлы онлайн сұхбат барысында «Ұлттық жоба» аясындағы жоспарлы жұмыстардың орындалуы туралы баяндама жасап, бүгінгі күні аудан бойынша жұмыс сұрап өтініш білдіргендер 1681 адам болса, оның ішінде 1460 адам жұмыспен қамтылғанын жеткізді.

Қазіргі таңда орталық «Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен қамтамасыз ету», «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту», «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту» бағыттары бойынша жұмыс атқаруда.

Статистикаға сүйенсек, 2022 жылдың І жартыжылдығында тұрақты жұмысқа 714 адам, жастар практикасына 100 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына 81 адам, қоғамдық жұмыстарға — 498 адам орналасқан. Сонымен қатар алғашқы жұмыс орындарына 1 адам, күміс жас аясындағы жұмыс орындарына 11 адам жолдама алған.

Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бойынша 50 адамды оқыту жоспарланса, шілде айының басынан 48 азамат оқуды бастап кеткен.

Кәсіпкерлікті дамыту аясында қайтарымсыз грант қаражатын беру бойынша жылдық жоспар 182 адам, бүгінде 7 азамат грант қаражатын алып өз істерін бастады (жастар 3, аз қамтылған 1, көпбалалы 1, мүгедек 2). Қаралған қаржы 153 150,0 мың теңге, игерілгені 8 576,0 мың теңге. Грант беру жұмыстары мен кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курстары жоба негізінде өзгертулер мен толықтырулар енгізілген уақыттан бастап күшіне енетін болады. Арнайы хабарландырулар БАҚ мен әлеуметтік желі парақшаларында жарияланатын болады. Ал мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек 435 тұрғынға тағайындалған.

Ильяс Әлімбайұлы ауданда бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ай сайын өткізіліп тұратындығын тілге тиек етіп, жыл соңына дейін бұл сандық көрсеткіштердің тағы да толығатындығын атап өтті.

Сондай-ақ, аудан тұрғындарына оңтайландырылған қызметтер аясында электрондық цифрлық қолтаңба арқылы алынатын мемлекеттік қызмет түрлерін үйден шықпай-ақ қол жеткізуге болатындығы жайында да керекті кеңесімен бөлісті.

Сарысу аудан әкімдігі баспасөз қызметі