АУДАН ӘКІМІ ЖЕЛТОҚСАНШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ

Бүгін аудан басшысы Бақытжан Жақсылықов әкімшіліктің кіші мәжіліс залында барлық сақтық шараларын ұстана отырып, Желтоқсан оқиғасына қатысушылармен кездесу өткізді.
Отырыс барысында ардагерлер өздерінің мәселелерімен бөлісіп, ауданның тыныс-тіршілігі туралы әңгіме құрды.
Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның еркіндігі мен бостандығы жолында бастарын бәйгеге тіккен желтоқсан оқиғасының қатысушыларының ерліктері уақыт өткен сайын жадымызда жаңғырары сөзсіз.
Өйткені дана халқымызда «Тау алыстаған сайын биіктей түседі» деген аталы сөз бар.
Сондықтан да, ақырған аязды күні еліне, жеріне деген адал махаббатын ту етіп, мұз жастанған қайсар жандармен кездесудің мәні де жоғары деп білеміз.

 

Жыл сайын тарихи маңызы зор бұл күн тәуелсіздік мейрамымен тұспа-тұс келеді.
«Желтоқсанда» қайсарлық пен қаһармандық танытқан жастарды еске алып, сол бір аязды күндері абақтыға жабылған, қуғын-сүргінге ұшыраған, оқудан, жұмыстан шығарылған жандармен жүздесу, хал-жағдайын біліп, пікірлесудің маңызы зор.
Сонау кездердегі көрсетілген ерлік оқиғалары бейне ролик арқылы көпке көрсетілді.
Кездесу барысында Сарысу ауданының әкімі Бақытжан Жақсылықов құттықтау сөз сөйлеп:
— Қазіргі уақытта Сіздер әр салада табысты еңбек етіп жүрсіздер. Соның арқасында ауданымыз күн санап дамып келеді. Көптеген игі істер жүзеге асып, әлеуметтік-экономикалық әлеуетіміз арта түсуде. Халық санында да өсім бар.

 

Бұл көрсеткіштер — Тәуелсіздік жылдарында бір кісідей атқарған жемісті еңбегіміз деп білемін.
Жалпы, бүгін Сіздермен — желтоқсаншылармен кездесіп, өткен күндердің ащы да болса шындыққа толы оқиғалары турасында әңгіме өрбіткенді жөн көріп отырмыз,-дей келе кездесуге жиналған барлық желтоқсаншылардың тілек-пікірін тыңдап, олармен еркін форматта әңгіме-дүкен құрды.
Желтоқсан оқиғасының куәгерлеріне сый-сияпат жасалып, аудан әкімдігі атынан алғыс хат пен гүл шоқтары, демеушілер атынан сый сияпаттар тарту етілді.
Жиын соңында ізгі тілектер айтылып, кездесуге қатысушылар ортақ естелік суретке түсіп, тарқасты.