АУДАН ӘКІМІ АУДАНДЫҚ ОРТАЛЫҚ АУРУХАНАДА БОЛДЫ

Адам – қоғамның басты байлығы десек, оның денсаулығы қай кезде де маңызды.
Бүгін аудан әкімі Сәкен Мамытов Жаңатас қаласындағы аудандық орталық ауруханаға барып, жұмысын зерделеді.
Орталық аурухананың және ауруханаға қарасты емхананың ғимараттарын аралады.
Ем қабылдап жатқан науқастармен тілдесіп, көрсетіліп жатқан қызметтердің сапасын сұрады. Дәрігер-мамандардың қабылдауына келген біраз азаматтармен жеке қабылдау өткізіп арыз-шағымдарын тыңдады.
Емхана мен стационарлық емдеу бөлімдеріндегі пациенттерге көрсетіліп жатқан қолдаулар мен қызметтерді көрді.
Пациенттерді қолдаудың басты мақсаты біріншіден, халықтан түскен арыз- шағымдарды қабылдау, тіркеу, шағымдарға байланысты тиісті шаралар жасап, алдын алу жұмыстарын жүргізу. Осы ретте, атқарылып жатқан жұмыстарды өз көзімен көрген аудан басшысы осы саладағы бірқатар мәселелерге назар аударып, тиісті тапсырмалар берді.
Сондай-ақ, аурухананың жедел жәрдем және қабылдау бөлімінен бастап, әрбір дәрігерлердің кабинеттеріне кіріп, жұмыстарымен танысты. Тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуге арналған медициналық қондырғылар туралы мәліметтер алды. Алдағы уақытта ауруханаға қажетті медициналық аппараттарды алуға қатысты жұмыстарды жеделдетуді тапсырды.
Жедел жәрдем көліктерінің жағдайы мен алғашқы медициналық көмек көрсету, ауыр науқастарды дер кезінде облыс орталығына жеткізу бағытындағы жұмыстардың барысын көріп, өз ұсыныстарын айтты.
Айта кету керек, ауданда 24 денсаулық сақтау нысанында 709 медицина қызметкері қызмет көрсетеді. Аудандық аурухананың халықты тіркеу регистрінде 38178 адам тіркелген. Жыл сайын денсаулық сақтау нысандарының материалдық-техникалық базасы жақсарып, шалғай өңірлерде де жаңа медпункттер бой көтеріп келеді.
Жаңатас қаласындағы аудандық орталық аурухана ғимараты 1969 жылы салынған. Алдағы уақытта жаңа ғимарат салу үшін жобалық-сметалық құжаттары жасалынып, тиісті орындарға жолданған.