Атақтан ар-ұятты биік қойған

Түркияның бір сұлу актрисасы Голливудқа киноға түсуге барыпты. Голливуд оны қуана қабылдайды. Бірақ ол киноға түсуден бас тартып, еліне қайтады. Сөйтсе, сценарий бойынша бір эпизодта әлгі сұлу жарқыратып кеудесін ашып жібергенде, голливудтық бір еркек актер бірнеше секунд бойы оның кеудесіне «тұмсығын тыға» тұруы керек екен. Сонда әлгі түрік қызы: «Мұндай арсыздыққа Шығыс дәстүрі, халқымның тәрбиесі рұқсат етпейді» депті. Голливуд оған 1 миллион ұсынса да: «5 миллион болса да қалталарыңа салып қойыңдар!» деп Түркияға ұшып кетеді. Кейінірек осы жағдай Түркия парламентінде сөз болып, әлгі актрисаға айтарлықтай ақша беріліпті. Ұлттық намыс деген осы.

Әлеуметтік желіде журналист Жолымбет Мәкіш арсыз істен бас тартқан қазақ қызы туралы толғапты:

 

«Жадыра Жұмағұл дейтін 20 жастағы мына қыз 2017 жылы «Miss Талдықорған» деген атақты жеңіп алған болатын. Жақында оны Америкада өтетін «Miss Asia USA» дейтін конкурсқа шақырды. Конкурстың бір шарты бойынша, оған іш киіммен түсуің керек екен. Оны естіген Жадыра бірден байқауға барудан бас тартыпты. Атақ қуалап кетпей, ар-намысын ойлаған сұлу қарындасымыздың шешіміне əбден риза болдық!».

Бұған біздің қосарымыз қазақ қызының бұл ерлігін барша қазақ қолдап, көбірек таратайық. Қазақ қызының ар- намысын қалай қорғайтынын әлем білсін! Өзге қыздарымызға үлгі болсын!

  

     

    Қазақтың  хас  сұлуы

 

Жайдарман қыз  Жадыра – бүгінгі өлең,

Жыр шумақтар сап түзеп, түзілді өлең.

Көз тартып, жаһанды жалт қаратқандай,

Жұлдыздай  жүзі   жайнап күлімдеген.

 

Қазақтың  нағыз  қалқа  хас сұлуы!

Жауқазындай  жайнаған  жас сұлуы.

«Мисс мира» жарысына  қатысса егер,

Әлемнің болар еді-ау  бас сұлуы!

 

Әттең-ай, оған  қалқа қатыспады,

Жарыстың  шарты  жаман  батыстағы.

Көрініс   керек  екен  іш киіммен,

Көрінуге  жалаңаш  намыстанды.

 

Сұлулар сылаңданып, бұраң қағып,

Керек екен  жұрт қарау  құмарланып.

«Мисс  Азия»  зор атақ болсын мейлі,

Түспеді  жарысқа бұл    қыз арланып.

 

«Әрине,  атақ  қой  бұл арман, – деді,

Талайдың  одан бағы  жанған, – деді.

Халқымның  тәрбиесін,  салтын бұзып,

Арды аттап, бірақ оны алман!» –деді.

 

Періштедей  жаралған  затың нұрдан,

Ажарың  шақырғандай  шақырымнан.

Атақтан  ар-ұятты    биік қойған,

Айналайын, қыз қалқа,  ақылыңнан!

 

Басынан  ақылы аспас  керегенің,

Жандарға  көкесі  бұл  өнегенің!

Тек өзі емес,

ойлаған  ел намысын,

Ақылын  қыз  Құртқаға  теңер едім!

 

Табиғат  оған  жігер-ерік  берген,

Тегінен де  қасиет  еріп келген.

Ерлікке тең,

ісі елді  сүйсіндіріп,

Сұлулық  көркімен  де  көрік берген!

 

Күлімдеп  тұрған сәті!

Көзі қандай!

Қарай бергің  келмей ме  көзіңді алмай.

Сымбатына  сай мүсін, жаны сұлу,

«Ардан  қымбат  жоқ!» деген сөзі балдай.

 

Аққудай  көлде қалқып тербетілген,

Ай аймалап, күн сүйген  келбетінен!

Көрмесем  лайық теңеу  көктен іздеп,

Таппай тұрмын тың теңеу жер бетінен.

 

Қаламым  сан қызға жыр  төккен еді,

Өлең туса , көңілім  көктем еді.

Миды  қинап,  қайтемін  теңеу  іздеп,

Хас сұлу  қыз –

Жадыра  жоқ теңеуі!!!

 Жұма-Назар СОМЖҮРЕК,

           Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі