Астаналық волонтерға арналған «Құқық қаласы» құқықтық квесті өтті

Дәуіржан Жұмахан “Астана жастары”ЖРО-ның маманы

24 маусым күні Астана қаласындағы «Көктал» саябағында «Jastar Tolqyny» жобасы және «Заң және тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы волонтерлық ұйымдар арасында «Құқық қаласы» құқықтық квестін өткізді. Жоба жастар арасында құқықтық мәдениетті арттыруды, азаматтық жауапкершілікті дамыту мен белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыруды мақсат етеді.

«Астана жастары» ЖРО қаламыздағы игі істердің барлығына белсене атсалысып, жастарды волонтерлық қызметке ұйымдастыруда үлгілі істерімен көзге түсіп жүрген ұйым. Газетіміздің елордамыздағы тілшілері «Астана жастары» ЖРО ұйымдастырған әрбір іс-шараларға барып қатысып, жастардың жағымды жұмыстарын оқырман қауымға жеткізіп келеді.

Бүгінгі шара қаламыздағы кең тынысты демалыс орындарының бірі саналатын «Көктал» саябағында өтті. Іс-шара басталмас бұрын «Астана жастары» ЖРО-ның маманы Дәуіржан Жұмаханды сөзге тарттық.

— Құқықтық квест ұйымдастырып жатыр екенсіздер. Бүгінгі жиылыстың мән-жайы туралы айта кетсеңіз?

-Астана қаласында «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен «Жастар толқыны» жобасы аясында «Заң мен тәртіп» қағидаты бойынша қалалық квест өтіп жатыр. Бұл квест құқықтық-интеллектуалдық квест болып саналады. Бұл жерде Астана қаласындағы волонтерлік ұйымдар өздерінің құқықтық сауаттылықтарын және Қазақстан Республикасы заңнамаларымен таныс екенін құқықтық ойындар арқылы көрсететін болады, жарысатын болады.

-Алғаш рет өтіп жатыр ма?

-Жоқ, бұл осы жылы екінші рет өтіп жатыр. Бірінші рет Астана жастарының өз волонтерлері арасында өткен. Ал бүгін Астана қаласының волонтерлік ұйымдарының арасында өтіп жатыр. Яғни, Астана қаласының базасында волонтерлік штаб бар. Осы штабта тіркелген волонтерлік ұйымдардың арасында өтіп жатыр. Бұл бастама былтыр ғана басталған. Былтыр бірінші рет өтті. Ол кезде Астана қаласындағы орта арнаулы оқу орындарының студенттері арасында ұйымдастырған едік.

-Бүгін қатысып жатқан құрамалар колледж студенттері ме?

-Қазір университеттің жастары да бар. Бұл жерде 14 жастан бастап волонтерлік ұйымдарға кіре алатын волонтерлерден бастап, үлкен, орта жастағы волонтерлер де бар. Негізі біз Жастар ресурстық орталығы болғандықтан, 14 пен 35 жас аралығын қамтимыз. Бірақ бізде волонтерлік штаб жұмыс істейтіндіктен, волонтерлік ұйымдар қатысады. Өздеріңіз білесіздер, волонтерлік жас талғамайды. Үлкен жастағы кісілер де бар, сол кісілер де қатысып жатыр. Сонымен қатар жас буындар да қатысып жатыр.

-Рақмет!

Іс-шара құқықтық тақырыпқа арналған ойын түріндегі квест форматында өтті. Квест барысында қатысушылар түрлі ойын станцияларынан өтіп, тапсырмаларды орындады. Бүгінігі қимылда жалпы 200 адам бақтарын сынап жатыр. Қатысушылар логикалық, зияткерлік және шығармашылық сынақтардан өтуі тиіс. Сол арқылы әрбір талапкер өздерінің білімін, тапқырлығын, креативтілігін және командада жұмыс істеу қабілетін көрсетуге мүмкіндік алмақ.

-«Бұл жастардың бірлігін, белсенділігін және оң бәсекелестігін насихаттайтын шара болмақ. «Құқық қаласы» жобасы жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және заң нормаларына саналы көзқарас қалыптастыруға бағытталған тиімді алаң болмақ»,- дейді квестті ұйымдастырушылар.

Дайындаған: Ерқазы Сейтқали