Асау үйрету – айрықша өнер

Жақында Аққулы ауданына қарасты Майқарағай ауылында қазақтың ұлттық ат спортының «Асау үйрету» түрі бойынша жарыс өтті.

Жалпы ат спортының бұл түріне кез-келген адам келе бермейді. Бұл — талай асауды бастықтырған жылқының сырын білетін нағыз мықтылардың бәсекесі. Майқарағай ауылында аудандық «Жалын» жастар бастамаларын дамыту орталығының ұйымдастыруымен өткен «Асау үйрету» жарысына ат құлағында ойнаған ауыл азаматтары келіп қатысты. Жарыстың талабы бойынша қатысушылардың жасы 29-дан аспауы керек. Қатысушылар екі бөлім бойынша сынға түсті. Алдымен олар асауды құрықтап ұстайды да одан кейін ер-тұрман, жүген-ноқтасыз мініп үйретеді. Басына жүген-ноқта тимеген асаудың мөңкігеніне кім көп шыдап, құламай жүрсе, сол жеңіске жетеді.

  Жарыстың қорытындысы бойынша 1-орынды  Майқарағай ауылдық  округі Мерғалым ауылынан келген Қабидолла Бозжігітов жеңіп алса, 2-орынды Малыбай ауылдық округінің  тұрғыны Ербол Қайдаров иеленді. Сонымен қатар, Шарбақты ауылдық округінен келген шабандоз Олег Сапожник 3-орынды еншіледі.

Тілеуберді САХАБА.