АСАНƏЛІ ƏШІМҰЛЫ «ОРАМАЛ ТАҚПАҒАН ƏЙЕЛДЕРДЕН ҚОРҚАМЫН»!
Айдың-күннің аманында аналар түгел жалаңбас қалды. Қазір қызы да бір, анасы да бір. Баяғыда үлкендер шашта қасиет бар, ол жуып, күтілмесе, ұзатылғасын көзден жаулық арқылы көлегейленбесе, қасиет қайтады деп айтатын. Баяғының адамдарын жұрт «көненің көзі», «ақылдың сарқыты» деп әспеттеп отырмаушы ма еді?! Әрі солардың айтқан ғибратты, өнегелі әңгімелері ауыздан-ауызға тарап, тағылымымен бүкіл ауылды, одан ары бір өңірді тәрбиелеп кете баратын. “Үлкеннен өнеге қалмаса, сол үлкеннің несі қазына?! Аналарымыз бір әңгімесінде айтып отырушы еді «Әйел адам – ұлттың айнасы» деп. Егер әйел адам жалаңаштана бастаса, ұлттың жаны жалаңаштана бастайды екен. Тіпті, сонау ашаршылық кездерінде де, соғыс тұсындағы аласапыран, алмағайып күндерде де біз басымыздан жаулығымызды тастаған емеспіз. Арғы шешелеріміз, тіпті, көненің адамы еді. Алда-жалда шашыңның сәл тұсы ашылып қалса да: «Ашық жерге шайтан ұялағыш дейді, қарғам. Шашыңа мұқият бол» деп отыратын. Бірде қырманға көбіне жалаңбас барып жүрген көрші әйелге сол шешеміз қатты ұрысты. Бірақ кейіннен үндемейтін болды. Сөйтсек, ол байғұс сонда шашына тары сеуіп, содан түспей арасына сіңіп қалған аз бөлігін шиеттей балаларына тасиды екен ғой. Мұндай жағдай сол замандағы көп адамның басында болды ғой.
Кейде оңашада осыны ойлағанда қорқамын, қазақ бар қасиетінен айырылып қалатындай», – деп отырушы еді жарықтық. Бұған келгенде ешкімнің айтарға дауы болмаса керек. Шешеміз айтатын осы бір әңгіме мені әр уақыт толғандырып келеді. Айналама қараймын. Қараймын да қамығамын. Бүгін мүлдем жат ұрпақ өсіп келе жатқандай. Ертең кешегі қазақ пен бүгінгі қазақтың арасы жер мен көктей алшақ тартып, ежелден ұлы құндылыққа бай біз ұлт ретінде өзімізді жоғалтып аламыз ба деп алаңдаймын. Әйтпесе, адамзаттық тұрғыда даму толастамақ емес. Ол – жаһандану процесі.
Бұл жайлы алатаңға созып әңгіме айтуға болатын еді. Шешей менің жұмысымның жемісін көре бастаған шақта, «Пәленшенің шешесі» деп барған жерінде төрге шығаратын. 87 жасында өмірден озды. Жарты өмірі Алматыда өтті. Жарықтық анама жеңгем секілді еркелеп өстім. Ауылда кәрі шешеміздің қолында өскендіктен «апа» деп атадық. Өз шешемізбен жеңге мен қайны сияқты қалжыңдасып жүретінбіз. Үйге кештетіп, түнделетіп келгенде ұйықтап жатса, төсектен құлатып кеп жіберемін: «Мен келгенде неге ұйықтап жатасың?» деп.
Соның барлығы оған да ұнайтын болса керек. Еш уақытта қабақ шытып, өң суытып көрмепті. Дүниеден өтер алды ауырыңқырап жүрді. Сондай күндердің бірінде осы кісі бір естіп қалсыншы деген оймен «Апа!» дедім. Қуанар, сергіп қалар деп айттым. Бірақ ол олай істемеді. Маған ала көзімен қарап, аспанды сұқ саусағымен нұсқады. Онысы «Күнә болады, олай деме. Құдай көріп тұр» дегені еді. Міне, көрдіңіз бе? Қазақ менталитетінің асылдығы соншалық еді. Келіннің ене алдындағы адалдығы. Тап сол жерде шешейге тар құрсағын кеңітіп, тас емшегін жібіткен мендей ұлының сүйіспеншілігіне иіп, ессіз күйде қуанып, тасуына болар ма еді?! Бірақ ол өз шешесіндей болған енесіне деген сүйіспеншілікті баласының махаббатынан биік қойды. Ол кездің аналары сонысымен де асқақ еді. Оның үстіне қазақта «Атаң мен анаң бір мезгілде үн қатып қалса, әуелі анаңа жауап бер” деген ұлағатты сөз бар ғой. Осы сөздерден соң менің анамның тұлғасы тіптен биіктеп кетуші еді…
Мынатаубик Анесов facebook парақшасынан https://www.facebook.com/share/p/19kov3SJSt/

