2026 жылы Су ресурстары және ирригация министрлігі 45,5 мыңнан астам адамның ауыз сумен қамтылуын жақсартуға бағытталған жобаларды жүзеге асырды
Биыл Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су шаруашылығы комитеті ауылдық елді мекендердің ауыз сумен қамтылуын жақсарту мақсатында топтық су құбырларын салу және реконструкциялау бойынша бірқатар жобаны аяқтады.
Жұмыстар Ақтөбе, Ақмола және Қызылорда облыстарындағы халқының жалпы саны 45,5 мыңнан асатын 14 ауылды қамтыды.
Жобалар аясында жалпы ұзындығы 53,6 шақырым жаңа су құбыры тартылып, 62,9 шақырым су құбыры реконструкцияланды. Сонымен қатар су құбыры құрылыстарына арналған алаңдар, таза су резервуарлары мен су көтеру сорғы станциялары салынды.
«Қазіргі уақытта комитет топтық су құбырларын салу және реконструкциялау жұмыстарын жалғастырып жатыр. Бүгінде жалпы саны 443,2 мың адам тұратын 131 елді мекеннің ауыз сумен қамтылуын жақсартуға мүмкіндік беретін 14 жоба жүзеге асырылуда», — ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі Су шаруашылығы комитетінің төрағасы Нұрбек Серіков.
ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің баспасөз қызметі

